Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Қаңтар, 2019

5093

Павлодардағы Аналар үйінде «тұсау кесу» рәсімі өтті

«Қайырымдылық керуені» іс-шарасы аясында облыстық ҚХА мүшелері, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі және «Жаңғыру жолы» белсенділері Павлодар қаласындағы Аналар үйінде болып, сәбилер арасында «тұсау кесу» рәсімін өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым.

Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ адамға қидырады. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін береді.

Тұсаукесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды.

Аналар үйіндегі көңілді мереке концерттік бағдарламамен жалғасып, бүлдіршіндер мен аналарға жұмсақ ойыншықтар мен «Сарқыт» сыйлықтары таратылды.

Биылғы жылы «Қайырымдылық керуені» акциясы «Мейірімділікпен бірлікке» атты ұранмен өтеді.

Қаңтардан бастап, әр ай белгілі бір тақырыпқа арналатын болады. Қаңтар айы «Сарқыт», ақпан - «Сыбаға», наурыз- «Шәшу» ұрандарымен өткізіледі.

 

 

 

Кейін қарай