Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Шілде, 2022

604

Петропавл қаласында Сабантой мерекесі өтті

2022 жылғы 17 шілдеде Петропавл қаласының Қалалық мәдениет және демалыс саябағында татар-башқұрт дәстүрлі Сабантой мерекесі өтті. Тамылжыған татар әндері мен тартымды бимен әрленіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, халықтың өзара сыйластығын арттыра түсетін осы бір мерекені қала халқы жыл сайын асыға күтеді. Аталмыш мереке әр түрлі этностардың татулығының, ізгілігінің, бірлігі мен достығының символына айналған.

Бүгінгі жаздың жадыраған тамаша ауа-райының өзі де мерекенің сәніне сән қосқандай, мерекеге жиналған адамдар қарасы мол, балалар да, ересектер де мерекеге асыға жеткендей.

Мерекенің тұсау кесерінде атқарушы билік органдары, дін өкілдері, Татарстан Республикасының Қазан қаласынан келген қонақтар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері құттықтау айтты. «Дуслык» Солтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Абраев барлық қатысушыларды мерекемен құттықтап, мерекені ұйымдастыруға көмек көрсеткендердің барлығына шын жүректен алғысын білдірді.


Концерттік бағдарламада Петропавл қаласы әртістерінің, сондай-ақ Көкшетау мен Қазан қаласынан келген қонақтардың шығармашылық нөмірлері қамтылды. Татар тілінде әндер шырқалып, би биленді, мереке қонақтары «Достық» биін бишілермен қосылып сахнаны айнала биледі. Мереке атмосферасын ағайынды Сисанбаевтар, Мәлік Шигабутдинов, Дарья Рамазанова және Руслан Темержанов толықтырды.

Ашық қазақ үйге көрмеге қойылған сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен облыстық татар-башқұрт орталығының өкілдерінің авторлық кітаптары қонақтар назарына ұсынылды.

«Визави» компаниясы осы мерекеге арнап жасаған 10 метрлік балиш мерекенің сәнін асқақтатты. Оған қоса, қонақтар хош иісті дәмді палаудан дәм татты.


«Қап киіп жүгіру», «рокермен жүгіру», «сыйлық кесу» сынды дәстүрлі татар ойындары балаларды бей-жай қалдырмады. Таласа тармаса ойнға қатысқан әр бала өз сыйлығын алды!

Іс-шара дәстүрлі би кешімен аяқталды, ал қала тұрғындары мен қонақтары позитивке толы тамаша көңіл күймен тарады.


Кейін қарай