Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Қыркүйек, 2018

6204

Әрбір екінші қазақстандық Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан хабардар

Еліміздегі «Барометр» зерттеу орталығының мәліметінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы шыққалы бері қазақстандықтардың 40 пайызға жуығы аталмыш мақаладан хабардар болған.

«Мақаланың мақсаты, жобасы, жоспары бүгінде көпшілік қауымға түсінікті насихатталып жатыр» дейді орталық мамандары. 

Бұған қатысты орталықтың сарапшы маманы Марал Төртенова «2017 жылдан бері «Рухани жаңғыру жақсы насихатталып келеді. Арнайы жобаларға бөлініп, жоспарлармен негізделіп отырғаннан кейін де мақала бойынша жұмыстар жақсы тындырылған» дейді. 
Марал Төртенованың айтуынша, әсіресе, көпшілік қауым мақалада көрсетілген «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобаларымен толық қанық. 
Жалпы, «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында алты жоба бойынша жұмыс істеу керектігі айтылған. Олар: «Туған жер», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Қасиетті Қазақстан», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобалары. «Біле білсек, бұл алты жобаның да қазаққа берері мол, ұлт мәдениетіне қосар үлесі зор» дейді мамандар. 
«Қазір ақпараттық технологиялардың даму ғасырында әдебиетіне, мәдениетіне, рухани талғамына мән бере алмай жатқан дамыған елдер қаншама?! Көптеген өркениетті елдер қазір руханиятын жаңғырту үшін, жоғалтқанын қайтып алу үшін жанталасып бағуда. Жаһандану дәуірінің соңынан ілесеміз деп, ұлттық құндылықтарын жоғалтып алып жатқан елдер бар. Ал, біз, керісінше, өзімізде бар рухани «байлығымызды» дамыту үшін осы уақытқа дейін де талай шаруа атқардық. Әрі қарай да жұмыстар істелуі керек. Міне, осы орайда өз басым, Елбасының нақтылап ұсынып отырған мақаласының бізге берері көп деп есептеймін. Сондықтан, болашақта осы жобалардың насихаты одан әрі артуы тиіс деп ойлаймын», – дейді «Барометр» орталығының жетекшісі Дәурен Арын. 

Негізінен, орталықтың, жүргізген есебі бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 30,7 пайызы «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша құлақтанып, осы жобаның орындалуына үлес қосқысы келетіндер екен. Тіпті, бұл ретте сауалнамаға қатысқан 1 млн 800 мың адамның ішінде Қазақстан туралы арнайы кітаптар шығарып, бейне материалдар жасап, белсенділік танытқандары да бар көрінеді. Бұдан соң сауалнама жүргізу барысында анықталғандай, 27,1 пайыз адам «Туған жер» жобасы бойынша ақпараттанып, жоба бойынша да түрлі мерекелік шараларға атсалысып, белсенділік танытып отыр. «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы бойынша 18,4 пайыз адам қолдайтындықтарын айтып және осы жобаның болашағынан үлкен үміт күтетіндерін атап көрсеткен. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша 12,2 пайыз адам Қазақстанның заманға сай дамыған өркениетті ел атанып, болашағы жарқын болатынына сеніммен қарайтындықтарын белгілеген. 

Жалпы, орталық мамандарының мұндай сауалнамаларды жүргізудегі мақсаты — Елбасы саясатын қолдай отырып, отанға деген құрметті арттыру. 
«Мұндай жұмыстар қандай істің қалай атқарылып жатқанынан хабардар етеді. Біз сауалнамаға қатысу үшін еліміздегі әр облыстың тұрғындарын жұмылдырдық. Нәтижесінде, елдегі 14 облыстан 1 млн 800 мың адам сауалнамаға қатысты. Қорытындысында білгеніміздей, «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы бойынша және ол мақалада аталып көрсетілген жобаларға қатысты халықтың қызығушылығы басым. Көптеген аймақтарда жобалар бойынша түрлі шаралар атқарылып отыр. Мәселен, әсіресе, халықтың «Туған жер» жобасы бойынша белсенділігі артқан. Өз еліне, туып-өскен жеріне деген азаматтардың ілтипаты айрықша. Түрлі кәсіп иелері туған жерлеріне аз ғана болса да көмектерін тигізу үшін мәдени орындарға, мешітке, мектепке көмектесіп, тіпті, ауылдарын безендіріп, сауапты істер атқарып жатыр. Сондықтан, мұндай жобалар елдің бірлігін арттырып, ынтымақтастыққа бағыттайды деп есептеймін. Ендеше, аталған жобалардың ғұмырлы әрі мәнді боларына сену керек», – дейді «Барометр» зерттеу орталығының маманы, әлеуметтанушы Аймара Тілеукина. 
Сауалнама нәтижесіне қарап отырып, расында да, Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласынан көпшіліктің хабардар екенін байқаймыз. «Осы ретте айтпағымыз, ендігі кезекте аталмыш бағдарлама жобасын мектепішілік тұрғыда насихаттауды тереңдету керек» дейді мамандар. 
«Рухани жаңғыру дегеніміз — белгілі бір даму деңгейіне жету дегенді білдіреді. Мұны еліміздегі жастар, орта жастағы азаматтар, егде жастағылар нақты түсінеді. Ал, мектеп қабырғасындағы оқушыларға осы жобаларды нақты түсіндіріп, насихатын арттыру әлі де қажеттілікті талап етеді. Мектептерде ашық тәрбие сағатын өткізу, балаларды кітап оқуға жұмылдыру, Қазақстанның тарихын, инновациялық-индустриалды жағдайын, тарихын мектеп оқушыларына түсінікті тілмен насихаттап отырса деп ойлаймын. Себебі, руханияты жаңғырған, елге еңбек ете білетін ұрпақ мектеп қабырғасынан бүршік жарады. Демек, біз үшін бүгінгі жас буынды мектеп жасынан мемлекетке қызмет етуге баулу маңызды», – дейді экономист ғалым Жаңабай Алдабергенов. 
Ғалым Жаңабай Алдабергеновтың пайымдауынша, рухани жаңғыру — албырт жастарды, мектеп жасындағы балаларды еңбекке, рухани санасын кеңейтуге тәрбиелеу. Бұл ретте мамандар егде тартқан қариялардан гөрі жастарды тәрбиелеудің маңыздылығын атап көрсетіп отыр.
«Кез келген қоғамды алға сүйрейтін, болашақтан үміт күттіретін – жастар. Сондықтан, жастардың санасын кішкентай кезінен бастап жаңғыртып, көкжиегін кеңейтіп отырсақ, олар болашақта мемлекетімізге адал қызмет ететін болады. Рухани жаңғыру науқаншылдыққа айналмауы керек.

Расында да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Қанымызға сіңген, жауыр болған әдеттерден арылмайынша, толыққанды жаңғыру мүмкін емес» деген болатын. Осыған қарап мемлекетіміздегі әрбір адам бірінші кезекте өзін түзеуге талпынуы керектігін бағамдайсың. Өзінің бойындағы жаман әдеттерден, жағымсыз қылықтардан арылған адам күні ертең мемлекетке де, қоғамға да пайдасы тиері анық. Олай болса, бір қадам өзгеріске ұмтылыс жасап, саналы да сауатты тәрбиеге ден қойғанымыз жөн шығар... 


 

Дата события ассамблеи: 26.09.2018

Кейін қарай