Қазақстан халқы Ассамблеясы

13.08.2019

3431

Павлодардың орталық демалыс паркі ҚХА паркі деп аталатын болды

Халық арасында «Қалалық бақ» деп аталып кеткен Павлодар қалалық мәдениет және демалыс саябағына биыл 73 жыл толды.


Оның әткеншектерінде қаншама бүлдіршіндер өсіп-жетілгенін санасаң сан жетпейді! Бұл саябақ әрбір павлодарлықтың ерекше жақсы көретін орындарының біріне айналып үлгерді. Қалалық бақта балаларға да, ересектерге де арналған аттракциондар көп. Сонымен қатар ашық сахна да бар. Онда мереке күндері облыстың этнобірлестіктерінің өкілдері немесе жастар да жиналып, өнер көрсетуді жақсы дәстүрге айналдырған.


Үстіміздегі жылдың маусым айында аймақ басшысы Болат Бақауов мырза бұдан былай қаланың қақ ортасында орналасқан көрікті жерлердің бірі – қалалаық саябақ Қазақстан халқы паркі деп аталсын деген ұсыныс жасады. Б. Бақауовтың бұл бастамасы – келесі жылы аталып өтетін ҚХА 25 жылдығына орай жасалып отырған тосын сый десе де болады. Өңір басшысының бұл тартуы этномәдени орталықтардың тарапынан қызу қолдау тапқаны айтпаса да түсінікті. Бұл шешімі туралы аймақтық ҚХА төрағасы Болат Бақауов облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының XV сессиисы барысында жариялады.


«Парктің болашақ келбеті қандай болады, оны қалай безендіреміз. Осы және басқа да сұрақтарды жақын арада талқыға салып, ұсыныс жасау керек болады», деп атап өткен еді сол кезде аймақ басшысы.


Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде парк аумағында кең көлемжі жұмыстар басталып кеткен. Мұнда мың орынға шақталған аквапарк құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімі Павлодар әкімдігіне қалалық саябақты күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы сметалық жобасын әзірлеуді тапсырды.

Төраға аймақтағы қоғамның бірлігі мен келісімін нығайту жолында ҚХА атқарып отырған маңызды қызметі туралы ерекше атап өткен болатын.


Әсіресе павлодарлықтар Арыс қаласында орын алған қайғылы жағдай кезінде көмекке зәру арыстықтарға қол ұшын созып, облыстық ҚХА 1 млн теңгенің көмегін көрсеткен болатын.


Атап өту қажет, Қазақстан халқы Ассамблеясының саябағында алғашқы рет үлкен мереке ұйымдастырылып өткізілді. Құрбан айттың алғашқы күні дәл

 осы ҚХА саябағында әр ұлттың өкілдері мерекелік көңіл күйде мәре-сәре болып, бір-бірімен көрісіп, сәлем беріп, көтеріңкі көңіл-күймен мерекені атап өтті.


Мерекеге келген барлық қонақтарға арнап, осында 20 қазаннан астам палау әзірленді. Осынау ауқымды іс-шараға мешіттердің өкілдері, өңірдің ірі ұйымдары, сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері кеңінен қатысты.


Іс-шара бағдарламасында балаларға арналған жарыстар, ересектерге және жастарға арналған арқан тартыс пен күрес сияқты ойындар енгізілді. Көптеген қайырымдылық жәрмеңкелері, бүлдіршіндерге арналған көңілді ойындар да ескерусіз қалмады.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Кейін қарай