Қазақстан халқы Ассамблеясы

14.10.2019

3364

Шымкентте әзірбайжан этномәдени орталығы қазақтың бата беру дәстүрін дәріптеді

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық іс-шаралар өткізуді шымкенттік этномәдени бірлестіктер биылғы қаңтар айында бастап кетті.

Ай сайын «Сарқыт», «Сыбаға», «Қамқор», «Асар», «Тоқымқағар» тақырыптарында ұйымдастырылып келе жатқан игі шаралар қазан айында «Батамен» жалғасты.


Осыған орай, бүгін қалалық әзірбайжан этномәдени бірлестігі ұйымдастырған «Батамен ел көгерер...» іс-шарасына қазақ пен әзірбайжан ақсақалдары, ақ жаулықты аналар мен жастар қатысты. Басқосуда үлкендер көпшілікке батаның мән-маңызын түсіндіріп, жаңа шаңырақ көтерген жастарға бата берді.

- Бата – қазақ халқының тұрмыс-салтымен берік ұштасқан дүние. Ағайын-туыстың бір-біріне ыстық ықылас-пейілін білдіретін, ел ағаларының өздерінің тілек-дұғасын айтып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін сүбелі сөз. «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп бекер айтпаған. Жастар үшін дана қарияларды әдейі іздеп барып, бата алу дәстүрі қазақ қоғамында берік сақталған. Осы дәстүр негізінде бүгін жастарға ақ батамызды беріп, ізгі тілегімізді арнап отырмыз, - дейді республикалық «Батаменен ел көгерер...» байқауының жүлдегері, батагөй қария Сейдахмет Байдаулетов.


Жиында еңбек ардагері, «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі «Әжелер» тобының жетекшісі Ұлбала Саудабаева батаның түрлері мен берілу тәртібі жайлы әңгіме қозғады.

- Қазақта батаның түрі аз емес. Атап айтқанда, жас жұбайлардың үйлену тойларында, сондай-ақ сүндет тойға, қыз ұзатуға, жас келінге, шілдехана, тұсаукесер, сапарға шығатын адамға, көші-қонға және тағы да басқа кәделерге байланысты берілетін баталар бар. Олардың әрбірі орайластыра өз орнымен, мән-мағынасына қарай, үйлесімді де тартымды етіп берілуі қажет, – деді ол.

Осындай іс-шаралар барша этностарды қазақ халқының айналасына топтастыра түсетінін айтқан қалалық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Натик Ибрагимов жас шаңырақ иелеріне қазақтың дәстүріне сай арнайы сыйлықтар үлестірді. Батагөй қарияларға алғысын айтып, қазақша шапан жапты.

Кейін қарай