Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Қазан, 2022

477

«Республика күні – егемендік тарихындағы маңызды күн»

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенаты төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды түсіндіру бойынша сарапшыларды даярлау жөніндегі республикалық Әдістемелік орталықтың онлайн-семинарында мәлімдеді.


Іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, саясаттану ғылымдардың докторы Жомарт Сімтіков, Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының төрағасы Ахмед Мурадов, Қазақстан халқы ассамблесының мүшелері мен өңірлердегі Әдістемелік орталықтардың сарапшылары қатысты.

Б.Жексенбайдың айтуынша 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мемлекеттік Егемендігі туралы декларациясы мемлекет құру жолындағы алғашқы қадамы болды.

«90-шы жылдары Прибалтика елдерінен басталған тәуелсіздік декларацияларының шеруін біздің ел де жалғастырып, сол кездегі Жоғарғы кеңестің депуттарының қолдауымен Қазақстан өзінің декларациясын жариялап, тәуелсіздіктің алғашқы нышандарын көрсетті. Яғни біздің заң шығарушы, сот, атқарушы билік деп айқындалып, социалистік қоғамдағы болған түрлі ұғымдар алынып тасталып, еліміздің жаңа саяси жүйесі қалыптасты», - деді спикер.

Өз кезегінде семинардың модераторы Жомарт Сімтіков еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси реформалар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға, әділетті қоғамды одан әрі қалыптастыру мен қоғамдық келісімді, бірлікті нығайтуға бағытталғандығын, сондай-ақ саяси реформаларға халықтың қолдау көрсетуі маңызды екендігін жеткізді.


Іс-шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, Алматы қаласындағы Республика алаңының тарихи маңыздылығын ескере отырып тұрғындарға арналған аллея жасауды, Абай облыстық Абай атындағы кітапханасына республикалық дәреже беруді және белгілі қазақстандық аудармашы, публицист Герольд Бельгердің елімізге сіңірген еңбектерін ескеріп Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы көшелердің біріне аталған тұлғаның атын беруді ұсынды.


Айта кетсек, аталған семинар Ұлттық мереке – Республика күніне арналған және Қазақстанның саяси жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформаларды халыққа түсіндіру бойынша сарапшыларды даярлау мақсатында ұйымдастырылды.

Кейін қарай