Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Маусым, 2018

1096

«Шаңырақ» байқауы қорытыланды

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шаңырақ» шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі Достық үйінде өтті.

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған шараға облысымыздағы қаламын серігіне айналдырған барлық журналистер қауымы қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығы және Ақтау қаласының 55 жылдығы аясында өткен байқаудың негізгі мақсаты – этносаралық қатынастар тақырыбына мақалалар жазатын журналистерді ынталандыру арқылы этносаралық татулық пен қоғамдық келісім, халық бірлігін нығайту, отандық журналистиканың дамуына қолдау көрсету болып табылады.

Маусымның 1-20-сы аралығында өңірдегі журналистерден қабылданған шығармаларды 22 маусым күні әділқазылар алқасы өткізілген мақалалар мен бейнесюжеттердің сапасы, өзектілігі, тақырып ауқымына қарай бағалап, шешімін шығарған болатын.

Марапаттау рәсімінде сөз бастаған облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Аманкүл Әбдіғалиқызы журналистерді мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Шараға журналистика саласының ардагерлері Маңдайлы Қосымбай және Петр Долматов, облыстық «ЧОСОН» Кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова, «Маңғыстау» телеарнасының бас редакторы Гүлнұр Қалдыбаева қатысты. Сөз алған әділқазылар мүшелері жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан «Шаңырақ» байқауының маңызына тоқталып, тілшілер қауымын мерекемен құттықтады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шаңырақ» шығармашылық байқауында «Үздік мақала» номинациясын «Маңғыстау» газетінің тілшілері өзара бөлісті. Тақырыпты жақсы игеріп жазған және мақала санының көптігімен 1 орынды Валентина Қозыбақова иеленсе, 2 орынға Фарида Мұңалқызы, 3 орынға Ханым Қуатова ие болды.

«Үздік бағдарлама» номинациясы бойынша облыстық «Маңғыстау» телеарнасының ақпараттық бөлімінің редакторы Сабина Балашкина 1 орынды иемденді. «Маңғыстау» телеарнасының тікелей эфирде өтетін «Түскі тақырып» бағдарламасының жүргізушілері Индира Сәтенбаева мен Абай Түзелбай 2 орынды бөлісті. «Маңғыстау» телеарнасының редакторы, тележүргізушісі Гүлнар Маханова 3 орынмен марапатталды.

«Үздік бейнесюжет» номинациясы бойынша «Хабар24» телеарнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшілері Талғат Исламұлы мен Тамара Степанова 1 орынды қанжығаларына байлады. 2 орынға «Маңғыстау» телеарнасының редакторы Гүлайна Мерген ие болды. «Хабар» Агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшілер қосыны жетекшісі Гүлмира Әбішева және меншікті тілшісі Ольга Золотых 3 орынды иемденді.

«Шаңырақ» байқауына қатысушылар және жүлдегерлер дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Марапаттау рәсімінен кейін ән айтылып, биден шашу шашылды. Жайылған ақ дастарханнан дәм татқан журналистер мен қонақтар естелікке суретке түсіп, бір-біріне тілек айтып, жылы лебіздерін білдірді.

 

Кейін қарай