Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Тамыз, 2019

5135

«Шығыс қырлары» - этномәдени орталықтарының мәдени фестивалі

Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жетісу» саябағында «Шығыс қырлары» фестивалі өтті.

«Этнос күніне» орай өткізілген іс-шара жыл бойы ұйымдастырылатын іс-шаралардың топтамасы. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан дәстүрлі фестиваль Елордада тұратын этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеуге, этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін көрсетуге негізделген.

Шығыстың санқырлы мәдениеті мен көз қызықтыратын сұлулығын, кавказдықтардың айбындылығын, еуропаның талғампаздығын, славяндардың думанын аталмыш фестивальде корей, башқұрт, татар, ұйғыр, өзбек, қырғыз, күрд, дүңген және қарақалпақ этномәдени орталықтары көрсетті.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде тұрып жатқан барлық халықтар тең құқылы және әр этностың тілін, ділін, дінін, тарихы мен мәдениетін ұмытпай, оны сақтап, көбейтуге жағдай жасалған.

Қазақстан қоғамдық келісім және жалпұлттық бірліктің әлемдегі теңдесі жоқ үлгісін қалыптастыра білді. Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан халықтар арасында жылы қарым-қатынас орнаған, өзара түсіністік нығайған, бір-бірімен сыйластықта және мәдениеті біте қайнасқан.

Көрермендер фестивальде театрландырылған қойылымдар, фольклорлық және ұлттық ұжымдар өнерін, сонымен қатар ұлттық әндер мен билерді тамашалай алды.  

Фестиваль Корей этномәдени орталығы ұжымының концерттік бағдарламасымен басталды. 

Нұр-Сұлтан қаласының корей этномәдени бірлестігі  


«Ченрю» хоры«Чиндо ариран» әнін орындады.  

Артынша Тамара Шегай жеке орындауында «Күлдіргі өлеңдерімен» көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

 

Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының филиалы  


Орталықтың бишілер тобының орындауында «Байрам» биі.


«Кашкар кыз» биі.

 

«Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі 


Қарақалпақтардың ұлттық киімдер дефилесі.                    


«Қаракалпақта» әні, орындаған Еркінай Нуруллаева.

 

Рамазан Нарманов «Қарақалпақ қызлары» деп ән шырқады. 


«Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы


«Сабантуй» театрландырылған қойылымы.

 


«Қырғызстан-Астана» этномәдени бірлестігі


Балғын қыз Ақшолпан Балтабаеваның «Молмолум» гимнастикалық биі көрерменнің көзайымына айналды.   

 


Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығы 


Бүлдіршін Амира Пулатованың «Шайхана» әнін орындау сәті.  


«Келин салом» дәстүрінен көрініс. 

  



«Астана» хореографиялық ансамблі мен «Астана гунчалари» би тобының орындауындағы әсем би жұртшылықты шығыстың сиқырлы әуеніне жетелегендей.  

 


«Акбузат» башқұрт этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі  


Ляля Усабаеваның орындауындағы «Каракатым» және «Тирэкэйем» әндері тыңдармандарының жүрегінен жол тапты. Жиналған қауымның алдында өнер көрсеткен этномәдени орталықтың мүшелері бірлік пен елдіктің тамаша үлгісін көрсете білді. 

  


«Юнчи» дүңген этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 


Өзбек этномәдени орталығының қалыңдық сәлемінен кейін жалғасын тапқан көріністің бірі – Дүңген этномәдени орталығының қалыңдықтың шаш үлгісін жасау көрінісі. 


Дәстүрлі қалыңдықтың шаш үлгісі ешбір сұлулық салондарында жасалмайды. Бұл дәстүрлі өнер дүңген әйелдерінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қасиет.


Қалыңдықтың шаш үлгісін жасау үшін көптеп гель-фиксатор мен жіп қолданылады, сондай-ақ қалыпқа келтірілген шашқа ас қасық тәріздес күміс түйреуіш пайдаланылады. Мұндай түйреуіш күрделі шаш үлгісінің пішінін ұстап тұру үшін қажет. Дайын болған шашқа гүлдер мен қалыңдықтың негізгі әшекейлері тағылады. 


Фестиваль соңында этномәдени орталықтарының ұжымы Ұлы дала ұрпақтарының еркіндігі мен елдігін бейнелейтін және қасиетті символға ие киіз үйдің керегесін тұрғызды. 


Осы салтанатты сарында «AZT» (Astanalyq Zamanaui Teatr) жастары фестиваль шымылдығын жапты. 


Думанды кешті тамашалуға келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының қоғамдық орынбасары Шерзод Пулатов: «Бұл іс-шара шығармашылық ұжымдардың жетістіктерін көрсетеді. Жылдан жылға осындай алаңдар арқылы этномәдени орталықтары дамып келеді. Одан біз ұжымдардың кеңейгенін байқаймыз. Сонымен қатар ашық аспан аясында, әсем саябақта ұйымдастырылып жатқан іс-шара ҚХА қызметін танытады. Тамашалауға келген көрермендер, оның ішінде жастар шабыттанып, этномәдени орталықтарға қосылады»,– деді. 


Сондай-ақ арнайы қонақ – Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің Бірінші хатшысы Ойдин Маннопова: «Мұндай фестивальге бірінші рет қатысып отырмын. Бірнеше этномәдени бірлестіктердің өз салт-дәстүрін, мәдениетін және өнерін көрсеткені сондай тамаша болды. Мұндай мүмкіндік беріп отырған Елордалық әкімдік пен ҚХА-ға алғыс айтамын.

Әр ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көріп, көзайым болдым. Мысалы, маған дүңген ұлтының келінге жасаған шаш үлгісі өте қатты ұнады.

Көпұлтты мемлекеттің халқы өзара сыйластықта өмір сүріп жатқаны сүйсіндіреді. Өзбек этномәдени орталығының қойылымында ұлттық салт-дәстүрді көріп, қуанышты болдым. Өз ұлтыңның мәдениеті Қазақстан сияқты Ұлы елде ұлықталып жатқанына не жетсін!», – деп разылық сөзін жеткізді.   

ІС-ШАРАНЫҢ ФОТОСУРЕТТЕРІН МЫНА ЖЕРДЕН КӨРЕ АЛАСЫЗДАР...   

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Кейін қарай