Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Мамыр, 2019

2737

Шымкентте медиация институтын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды

Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Татулық – ел бірлігі мен ынтымақтастығының кепілі» тақырыбында медиация желісін ілгерілетуге арналған жиын өтті.

Басқосуда Шымкент қалалық соты, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы, қалалық әділет департаменті, «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, Шымкент қаласының нотариалдық палатасы, қалалық адвокаттар алқасы арасында қоғамның құқықтық тұрғыдан дамуын және ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастығын орнату мақсатында Меморандумға қол қойылады.

Іс-шарада сөз сөйлеген қалалық соттың төрағасы Ербол Рахымбеков бекітілген келісім негізінде тараптар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медиацияны қолдану арқылы дауларды шешу кезінде өзара әрекеттесу бойынша бірлескен жүйелі жұмыстар атқаратынын атап өтті.

Өз кезегінде Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов ҚХА-ның XXVII сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік органдар жанындағы медиация институты мен қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру жөніндегі тапсырма бергендігін айтып, бұл бағытта ауқымды міндеттер күтіп тұрғанын жеткізді.

Меморандумға қол қойған тараптар ынтымақтаса отырып бітімгершілікке негізделген халқымыздың дәстүрлі билер тағылымымен сабақтасып жатқан бүгінгі медиация желісін дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты пайымды парасаттылықпен іске асыруға әзiрлiктерiн жеткiздi.

Сондай-ақ, ашық есік күндерін өткізу, медиация желісінің тиімділігін тұрғындарға кеңінен насихаттау шараларын одан әрі жандандыру жайын кеңінен талқылады.

Айта кету керек, биыл Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінде қоғамдық қабылдау жүргізетін, тұрғындар кез-келген мәселелерімен жүгіне алатын медиация кабинеті жұмыс істейді. Қала аумағындағы 7 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатылып, 50-ден астам қоғамдық медиаторлардың дерекқоры түзілген.

Кейін қарай