Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Маусым, 2021

576

Сыбайлас жемқорлықпен күресу - барлық азаматтың борышы

Біз бүгін өзгерген, түлеген мүлде жаңа заманда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның басты белгісі iскерлiк болса, бұл жолда қол жеткізген жетiстiктерiмiз аз емес. Қиюы келмей тұрған, шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Әлеуметтік салада түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар мен атқарылып жатқан жұмыстардың көптігіне қарамастан, бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі бар мемлекетті алаңдатып отырғаны жасырын емес.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік грек тілінде «corruptio» - «параға сатып алу», «пара» деген мағынаны береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» деген түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген.

Мемлекет басқарудағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерді бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да сынға алып, ондай басшыларды «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сынға алып отырған. Олардың әділдікті ту еткендігін кешегі от ауызды, орақ тілді кемеңгерлер Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билерден қалған даналық нақыл сөздерден аңғаруға болады.

Қазіргі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа баратындардың көптеп артуы байқалып отыр. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысын алу, жалған жауап беру немесе жауап беруден жалтару, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы сыбайлас жемқорлық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің дамуы мен болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Алайда мемлекетіміздің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын тауып келе жатыр.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күрес оң нәтиже беруі үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру қажет екендігі даусыз. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері тиіс. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы да бар. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жою мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекет. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға отыз жыл өтті. Өткенімізге көз жіберсек, Елбасының көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттері арасынан өз орынын ойып тұрып алды. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – Қазақстан азаматтарының азаматтық борышы. Сол себептен, біздің қоғам дамудың жаңа жолын таңдап, уақыт тудырған түрлі кеселдерден айығуды басты міндет етіп қойды.

Ә.Жұмағазина,

"Қоғамдық келісім" РММ Ақпараттық жұмыс және жұртшылықпен байланыс

басқармасының жетекші сарапшысы


Кейін қарай