Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Сәуір, 2021

3189

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде ресми белгіленген болатын.

Осыған орай, бүгін «Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және жергілікті ғалымдар, облыстық этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен белсенді жастар қатысты. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы:

– Түркістан - сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған. Келісім, татулық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерді ұран етіп алған саммиттің Түркістан тақырыбына арналуы да – заңдылық. Саммит барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын» деп Түркі елдерінің басшыларына маңызды үндеу тастады. Бұл – Түркістанның алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіндігінің дәлелі, – деп барша түркістандықтарды осы тарихи кезеңнің басталуымен құттықтады.

Жиында сөз алған ғалым, философ-дінтанушы, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түркология ғылыми–зерттеу институтының директоры Досай Кенжетай Ясауи тұлғасы жайлы тың-деректер мен маңызды ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Вице-Президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы Әбуов Әміреқұл, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гулирано Расулова, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Пазаевтар сөз алып, Түркістанның түркі жұртына ортақ рухани астана ретінде дамуы-түбі бір бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігінің артуына ықпал ететіндігін жеткізді.


Кейін қарай