Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Қараша, 2021

1878

Түркістанда өткен семинарда медиасауаттылықты арттыру мәселесі қозғалды

Түркістан қаласындағы «Алатау» медиа орталығында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Этносаралық қатынастар саласындағы медиасауаттылықты арттыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау.

Шараға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ аудандық филиалдарының БАҚ-қа жауапты мамандары және журналистер қатысты. Семинарды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды.


Жиында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Дәурен Сариев қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел тұрақтылығын сақтауда ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды екенін атап өтті.

– Тәу етер қастерлі Тәуелсіздігімізге биыл – 30 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері ел ынтымағының, түрлі этностардың ауызбіршілікте болуының нәтижесі екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 21 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында қоғамдық келісімді сақтау бойынша өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Тәуелсіздік пен тұрақтылық – біздің басты құндылығымыз екенін ескерсек, елдің бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтай білу – әрбіріміз үшін өте жауапты міндет. Қазіргідей жылдам ақпараттар ағыны заманында ең алдымен азаматтық қоғамның этносаяси сауаттылығын арттыру аса маңызды. Бұл бағытта сіздердің, яғни бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де қосар үлестері орасан зор, – деді Дәурен Нұрланұлы.

Күн тәртібінде журналистердің этносаяси сауаттылығын арттырудың өзектілігі туралы ой-пікірлер қызу талқыланып, бұл бағытта ақпараттық және медиа сауаттылықты көтеру, фактчекингтің қажеттілігі сөз болды.

Спикерлер қатарында «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры, республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Тельман Бейсенов «Этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі» тақырыбында ой қозғап, сындарлы пікірін ортаға салды.

– Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуында БАҚ-тың алар орны ерекше. Алайда ақпараттық қоғамның дамуына әлеуметтік желілердегі жазбалар да әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Мұндайда көбіне ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, эмоцияға беріліп жататыны да бар. Бұл жерде әрине, кәсіби сауаттылық керек. Көпэтносты еліміздің қандай да бір жетістігі ішкі тұрақтылықпен тікелей байланысты. Сондықтан БАҚ өкілдері этносаралық мәселелерде жауапкершілік пен этиканы басты назарда ұстап, қандай жазба ұсынса да, әбден зерделеп барып жариялау керек, – деді Т. Бейсенов.

Сондай-ақ семинарда «Қызмет» газетінің Бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова «Этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі және жауапкершілігі» тақырыбында мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті.

Спикер өз сөзінде этносаяси сауаттылық дағдыларын меңгерудің журналистік тәжірибеде ғана емес, жалпы өмірде де аса қажет екендігін айтты.

– Ақпараттар ағыны толассыз заманда этносаяси сауаттылықты арттыру әрқайсымызға аса қажет. Себебі, қазір технология дамып жатыр, қолына ұялы телефон ұстайтын адамдардың барлығы жаңалық таратушы десек те болады. Сондықтан бұл бағыттағы сауаттылықты арттыру жұмыстары қарапайым халыққа да керек, – деді Б. Нарымбетова.

Семинар-тренинг барысында сөз алған республикалық «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев, аудандық «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы Ғалымжан Зиябек, облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің редакторы Әлішер Сатыбалдиев, Қазақстан жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдәзім, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстазы Әтіркүл Ташимова және Сауран аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев пікірталастарда белсенділік танытып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды.

Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Айта кетейік, бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Өңірде тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалған.


Кейін қарай