Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Қыркүйек, 2021

1815

Түркістандық журналистер ҚР Президентінің Жолдауына үн қосты

Түркістанда елімізге белгілі журналистер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына үн қосты.

Мемлекет Басшысының Жолдауда айтқан еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары мен міндеттер сөз болған жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар бөлімі басшысының м.а. Мадина Камеденова, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөліміне қарасты «Визит центр» ғимаратында өткен жиында журналистер Жолдаудан этносаралық татулық пен тіл мәселесіне қатысты айтылған бейне үзіндіні тамашалады.

Одан әрі еркін форматта өрбіген жиынды Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек ашып, жүргізіп отырды.

Жиында алғаш сөз алған Мадина Қалесқызы еліміздегі этносаясатты, қоғамдық келісім мен бірлікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың оқырманның назарына жеткізіп, Қазақстан халқының татулығын насихаттауда қарымды қалам иелерінің рөлі зор екенін айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Одан әрі ашық әңгіме өрбіген кездесуде қаламгерлер Жолдаудағы этникалық мәселелерге байланысты айтылған басым бағыттар мен мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты міндеттер жайында ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

«Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Алишер Сатвалдиев ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың еліміздің дамуы үшін жасалатын қадамдарын нықтап, сеніммен айтуы халықтың көңілінен шыққанын айтып, мемлекеттік тілге байланысты тарихи деректерді сөз етті.

Сонымен қатар келелі жиында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай Жолдау өзіндік нақтылығымен ерекшеленгенін айтса, Қазақстанның бас редакторлары клубының мүшесі, «Turkistan Media» холдингінің атқарушы директоры Тельман Бейсен болашағымыздың іргесін нықтауға бағытталған құнды құжат мемлекеттің негізгі құжатына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Жиын барысында: «Жолдауда айтылған білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетулердің жақсаруы – міне, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз», - деген «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетай еркін форматта өткен жиынды ұйымдастырушыларға шынайы алғысын айтты.

Кейін қарай