Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Шілде, 2021

291

Талдықорғанда Алматы облыстық ҚХА-ның ХХVІ сессиясы өтті

Талдықорғанда «Келісім, татулық пен бірлікке бөленген 30 жыл» тақырыбында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХVІ сессиясы өтті.


Модератор ретінде облыс әкімінің орынбасары Батыржан Құлаймергенұлы Байжұманов сөз сөйледі. Іс-шараға ҚХА мүшелері мен белсенділер, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің, аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Шара басында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы бейнефильм көрсетілді.

Сессия барысында барлық қатысушылар әріптестері Гирш Леонид Юзефович, Хан Клара Александровна, Айсаев Ризайдин Сеитовичті бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында берілген тапсырмалардың іске асырылуын, облыс аумағында этносаралық бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайту, медиацияны, қайырымдылықты дамыту мәселелері қаралды.


Сондай-ақ, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы Есдәулетов баяндама жасап, облыстық ҚХА алдына қойылған негізгі міндеттер мен мақсаттарды атап өтті.

Сессия барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Әлия Маратқызы Абсеметова, «Алматы облыстық орыс орталығының» төрайымы, ҚХА мүшесі Лариса Леонидовна Котельникова, облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Леонидович Ли, Ұйғыр ауданының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі Рухия Низамова, волонтер, облыстық ҚХА жанындағы «Парасат» клубының белсендісі Айым Қасенқызы Алиева сөз сөйледі.

Шара соңында жергілікті атқарушы органдарға, этномәдени бірлестіктерге, жастар ұйымдары мен басқа да құрылымдарға этносаралық қызмет саласында одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.

Кейін қарай