Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Желтоқсан, 2021

239

Таразда ҚХА қоғамдық құрылымдары бірлескен отырысы өтті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Таразда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуге арналған ҚХА қоғамдық құрылымдары бірлескен отырысы өтті.

Жиынға этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ басшылары мен қызметкерлері қатысты. Мақсат - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған өңірдің оң нәтижелерімен бөлісу және алдағы уақытта этносаралық шиеленіс пен жанжалдардың алдын алатын кешенді жүйе қалыптастыру.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы өз сөзінде:

- Мемлекет дамуы мен өсіп-өркендеуінің темірқазығына айналған – этносаралық татулық пен өзара келісімді нығайту және оны бағалай білу әрқашан да аса маңызды. Өйткені, мемлекет байлығына айналған ынтымақ пен бірлікті сақтау – үздіксіз іске асырылатын аса жауапты сала және барша көпұлтты халқымыздың ортақ парызы,-дей келе, өңірдегі этносаралық татулық пен өзара келісімді сақтауда өңірде атқарылған жұмыстарды қорытындылау екенін жиналған жұртқа жүйелей түсіндіре келе, атаулы мерекемен құттықтады.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаев «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерінің этностар тығыз орналасқан аудандарда белсенді жұмыс істегендігін атап өтті. Арықарай, сөз кезегі «Қоғамдық келісім» КММ Медиация кабинетінің меңгерушісі Досыбиева Валентинаға берілді. Валентина Николаевна облыстық ассамблеяның кәсіби және тәжірибелі медиаторлармен сындарлы өзара іс-қимыл орнату бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқандығынан жұртшылықты хабардар етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2021 жылғы 21 қазанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру аясында, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігін құру мақсатында «Ассамблея жастары» жастар ұйымы қызметінің алты негізгі бағыты айқындалған болатын. Осы негізде облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, дүнген этносының өкілі Амина Курбанова ассамблея жастарының атқарып жүрген іс-қимылдары жөнінде баяндап шықты. Сонымен бірге, аймақтық ассамблея Журналистер клубының төрағасы және "Казахстанская правда" республикалық газетінің меншікті тілшісі Михаил Те Журналистер клубының жұмысы туралы айтып берді.

- Баспасөз қызметі орталығының қызметкерлері мен журналистер клубының өкілдері Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының, өңірдің этномәдени бірлестіктерінің жұмысы баспа БАҚ, сайттар, әлеуметтік желілер, теледидар беттерінде кеңінен жария етілді . Жедел ақпараттың арқасында Жамбыл облысы ҚХА баспасөз орталығы барлық өңірлер арасында жетекші орынға ие, - деп атап өтті өз сөзінде Михаил Те.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Д.Кәрібек, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев,

Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Сержан Қуанышов, Жамбыл облысы ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедовалардың жетекшілігімен іс-шараға қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Облыстың қоғамдық, мәдени іс-шараларына үлес қосып, өңірлік ассамблея жолында аянбай еңбек еткен этномәдени бірлестіктердің өкілдері «Бірлік» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен, «Жомартжан» төсбелгісімен, сондай-ақ, алғысхаттармен марапатталды.

Кейін қарай