Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Қараша, 2021

2877

Таразда қырғыз ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болды

Тараз қаласындағы «Шахристан» этномәдени кешенінде Қырғызстанның ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қазақстан жеріндегі Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыстарының күндері аясында ұйымдастырылды.

Жәрмеңкеге келген облыс орталығының тұрғындары арзан бағамен сауда жасасып қана қоймай, мың бұралған бишілердің биін тамашап, күміс көмей әншілердің әнін қабыл алды. Шараға келушілер арасында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғызстан президентінің Шу облысындағы өкілетті өкілі Эркин Тентишев және Талас облысындағы өкілетті өкілі Бақытбек Нарбеков болды. Бұған қоса, Жамбыл облысы ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.


Берекелі саудаға келген тұрғындардың алдында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі:

- Қазақ пен қырғыз - бауырлас халық. Бізді көпғасырлық ортақ тарих, достық пен тату көршіліктің берік дәнекері байланыстырады. Халықтар арасындағы бірлікті одан әрі нығайту біздің ортақ міндетіміз. Жақында біз Талас облысында өткен дәстүрлі республикалық манасшы «Ұраным Манас» фестиваліне қатыстық. Бішкекте ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Бүгін Тараз қаласының тұрғындары үшін нағыз мереке ұйымдастырылып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз бұдан әрі де тереңдеп, кеңейе беретініне сенімдімін. Биыл Қазақстан да, Қырғызстан да Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Елдер арасындағы достық біздің ортақ игілігімізге берік болсын, - деді ол.

Кейін қарай