Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Шілде, 2020

855

«Тілді меңгеру – ұлттың болмысына жақындау»

Мектепте 11 жыл бойы орыс тілінде білім алдым. Кейін жоғарғы оқу орнына түскенде, белгілі бір себептерге байланысты қазақ тілінде білім алуға тура келді. Демек, қажеттілік туындады, қиындықтарға мойынсынбай, білімімді молайтып, өзім үшін қазақ тілінің деңгейін жақсы дәрежеге көтердім деп ойлаймын.

Бұдан түйін, Президентіміз де өз сөзінде айтып кеткендей, қажеттілік туындаса, әрбір адам заман талабына сай болу үшін алға ұмтылады.

Қазақ тілінде жоғарғы білім алу мен үшін оңай болған жоқ. Көп жерлерден қателік жіберіп отырдым, кейбір сөздерді қате айтып, мағынасын түсінбеген кездерімде болды. Дегенмен, түсінбейтінімді сұрап, үйренуге дайын болдым.

Меніңше, егер адам қиындыққа тап болса, білмеген, не түсінбеген жері болса, ұялмай, қысылмай білетін жандардан көмек сұраса – бұл оның кемшілігін көрсетпейді. Керісінше, үйренуге деген талпынысы мен ұмтылысынның көрсеткіші.

«Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек», ­- дейді Мемлекет басшысы. Яғни, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлегендері – бұл қазақтың болмысына, еліміздің тарихына, өнерімізге, ұлттық салттар мен дәстүрімізге жақын бола түскендері емес пе?! Меніңше, ондай азаматтар халқымыздың назарында болғаны өте орынды.

Надия Жастлек,

Махамбет Өтемісұлы атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік университенінің

3-курс студенті


Кейін қарай