Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Ақпан, 2020

1224

Тіліміз бен ділімізді сақтап, қатарға қосқаны үшін ризамыз қазақ халқына!

Көктемнің алғашқы күнін қазақстандықтар бір-біріне ризалығын білдіріп, құрмет көрсетіп қарсы алады. Өйткені 1 наурыз – халқымызды достық пен сүйіспеншілікке шақыратын «Алғыс айту» мерекесі. Бір қарағанда қарапайым күн болып көрінгенімен, оның тарихы, мән-мағынасы тереңде жатыр.

Қазақ халқы кешегі нәубет заманға қарамастан, өзге ұлттарды жатсынбай, құшағын жайып бауырына тартты. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Осыған орай, этносаралық қатынастарды өзара реттеу мақсатымен 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған еді.

Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа бастама көтерді. Диаспора өкілдерінің қолдауымен 2016 жылдың 14 қаңтарында №173 Жарлыққа қол қойылып, «1 наурыз – Алғыс айту» күні болып ресми түрде бекітілді. Биыл бесінші рет тойланатын мейрамның ҚХА құрылған күнімен тұспа-тұс келуінің үлкен мәні бар. Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деп атап өтті.

Осы тұрғыда ҚХА өкілдерінен мерекенің маңызы жайында сұрастырып көрген едік.

Тазабике Салиева («Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрайымы):


Алғыс айту күні мен үшін ерекше мейрам. Қазақстандағы барша ұлттың өкілі бір-біріне алғыс айтып, көтеріңкі көңіл-күйде еліміздің тыныштығы мен бірлігі үшін жақсы тілектерін арнайды.

Мен Қарақалпақстанда тусам да, Қазақстанды өз Отаным деп санаймын. Әрдайым балаларыма «жақсы оқып, жақсы маман болып, ел игілігі үшін қызмет ету керек» деп әркез айтып отырамын. Соңғы уақытта, өздеріңіз білетіндей, кей этностардың арасында бүлік шығып жатыр. Алайда жаман ұлт болмайтынын білуіміз керек. Арандатушы адамдар барлық ұлттың ішінде кездеседі. Сол оқиғалардың кесірінен еліміздің тыныштығы бұзылмаса деймін, мендегі тілек – осы. Келешекте татулық орнап, бұдан да бірлігіміздің нығаятынына сенемін!

Максим Споткай (ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы):


Әлемдік деңгейде мұндай мейрам жоқ екені бәрімізге белгілі. Айта кетсем, АҚШ-та, Канадада «Рақмет айту күні» деген мейрам бар. Бірақ оның идеологиясы, мән-мағынасы мүлде басқа. Бұл қазақ даласына қиын-қыстау заманда келген адамдардың ұрпағы жергілікті халыққа құрмет көрсететін күндердің бірі. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуы – мерекенің ең басты идеясы. Алайда біз осы алғысымызды сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз керек.

Дәлірек айтсам, біз еріктілер тобымен қазақ тілін терең насихаттау, барлық салада іске қосу идеясы бойынша жоба бастаудамыз. Меніңше, осындай алғыс түрі прагматикалық деңгейдегі өте маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар бұл мейрам тек қана этностардың бір-біріне ғана емес, жалпы ағайын-туысқа, дос-жаранға, әріптеске алғыс білдіруге себепші болатын мереке. Барша қазақстандықты осы мейраммен құттықтаймын!

Әскер Пириев («Ахысқа» түрік этномәдени орталығының төрағасы):


Бүгінде көктемнің алғашқы күні халықтық мерекеге айналып отыр. Біз жастайымыздан ата-бабамыздың қандай қиын заманды бастан кешіргенін естіп өстік. «Алғыс айту» күні осы кең-байтақ жерде мекендеуімізге мүмкіндік берген қазақ халқының жақсылығы ұмытылмасын, жастарымыздың әрдайым есінде жүрсін деген ниеттен бастау алған.

Тарихқа көз жүгіртсек, түрік этносы 1944 жылы Сталиннің «солақай саясатының» салдарынан Қазақстанға қоныс аударды. Біз 75 жыл бойы қазақ халқымен қуаныш-қайғыны бірге бөлісіп тұрмыс кешудеміз. Өткенге құрметпен қарау, болашаққа айқын бағдар ұстау халықтың ауызбірлігіне байланысты. Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістігі деп ынтымағы жарасқан елді айтуымыз қажет. Мұны құрылғанына 25 жыл толған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оны басқаратын Елбасы жұмысының нәтижесі деп білемін. Ал татулықты сақтау үшін осы күннің маңызы зор болмақ. Бүкіл қазақстандықтарды мерекемен құттықтай келе, әр азамат елінің дамуына өз үлесін қоссын және отанымыз дамыған 30 елдің көшбасшысы болсын деп тілеймін!

Даладай дархан пейілі,

Жанындай мөлдір аспаны үшін.

Қамқалы тонын кигізіп,

Ас-суын адал тосқаны үшін.

Тіліміз бен ділімізді сақтап,

Қатарға қосқаны үшін,

Ризамыз қазақ халқына!

Бүгінде бұл күн біртіндеп алғыс айтудан өзге адамдардың бір-біріне жақсылық жасап, мейірімділік танытып, ізгі амалдармен қуантатын ерекше мейрамға айналуда. Мерекеге орай елордамызда «Мың алғыс» атты қайырымдылық концерті өтсе, 1 наурыздан бастап «Ардагерлерге мың алғыс» акциясы басталады.

Кейін қарай