Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Мамыр, 2020

1372

Өткенді ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың борышы

31 мамыр – репрессия құрбандарын еске алу күні. Өткен тарихқа көз тастасақ, 1920-1953 жылдар аралығында қазақ зиялылары Сталиннің озбыр саясатының құрбаны болғандығын көреміз.

Репрессия жылдары қазақ даласынан 105 мыңға жуық адам халық жауы атанып, 22 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Ал қалғандары Сібірге айдалды, туған туыстары да қамалып, қудаланды. Сталиннің тырнағына ғалымдар, жазушылар, ақындар, мәдениет және өнер қызметкерлері, ағартушылар және тағы басқа көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ілікті. Сталиндік қанды жүйе интеллигенцияны толық құрамда жоюды көздеді.

Репрессиялау барысында тек Қазақстан аумағында ІІХК қызметі жалпы саны 3720 тыңшысы бар 183 ұйымды анықтады. Қазақстанның партиялық ұйымдарының 17 пайызы 1935-1938 жылдар аралығында халық жаулары деп жарияланып, жазаға ұшырады. Х. Досмұхамедов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, М. Жұмабаев бастаған ұлттық-либерал зиялы қауым, сондай-ақ, Алаш Орда партиясының түгелге жуық мүшелері жалпы саны 4297 адам репрессияланды.

Бүгінгі ұрпақ сол Алаш зиялыларын ешқашан естен шығармауға тиіс. Біз өткенімізді ұмытпай, жастардың бойына сіңіріп отырсақ, рухани жаңғыра отырып, алға ұмтыламыз. Кешегі күн, бүгінгі тарих. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!


Әлфараби Мыңбай,

Петропавл қаласы

Жастар ресурстық орталығының

Жастар ісі бойынша маманы


Кейін қарай