Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Шілде, 2022

427

Өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

2022 жылғы 20 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Шанаи Назипа Ыдырысқызы мен «Отбасылық тәрбие Институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Евдокимова Софья Львовна өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты ынтымақтастық тараптарымен осы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету болып табылады: бірлескен білім беру және оқу бағдарламаларын, жобаларын әзірлеу, тренингтер, семинарлар, мастер-класстар ұйымдастыру, отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері, ата-аналары, мектептердің, орта және жоғары оқу орындарының педагогикалық құрамы мен контингенті үшін психологиялық көмек көрсету.


Кездесу барысында ата-ана мен бала, отбасылық қарым-қатынастар, білім беру қызметкерлері мен психолог мамандардың біліктілігі мәселелері жан-жақты қарастырылды. Жалпы еліміздегі ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауда, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауда, тұрмыстық-зорлық зомбылық пен масылдықты жою жұмысы барысында аналар кеңестерінің рөлі талқыланды.

Сонымен қатар, ҚХА Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі болып табылатын отбасында толеранттылықты тәрбиелеу мәселесі бойынша пікірлер айтылды. «Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе. Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз» деді Н.Шанаи өз сөзінде.

Іс-шара соңында тараптар ортақ ынтымақтастықты дамытып, апта сайынғы негізде бірлескен кездесулер өткізуге келісті.


Кейін қарай