Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Сәуір, 2020

807

Жұмабике Қалиева: Ассамблея - бейбітшіліктің бесігі

Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады. Біздің Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрса, Ақтөбені 90-нан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендеген. Бәріміз татумыз.

Бізде 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Бұлар әр ұлттың өз тілін, дінін, мәдениетін сақтауға және өзге ұлт өкілдерімен достықты нығайтуға үлес қосуда. Оның себебі, біздің қазақ халқы қонақжай, көпшіл және бәріне де мейірімді. Бұл біздің халқымыздың табиғаты және дүниедегі ешбір ел-жұртқа ұқсамайтын қасиеті. Оның тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сан алуан қырлы да, сырлы.

Ал, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы 153 Аналар Кеңесі және оның 932 мүшесі елімізде болып жатқан барлық істерге белсенділікпен атсалысып, жақсы жаңалықтарға қосылып, қоғамдағы өзгерістерге өз пікірлерін айтып, саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, облысымыздың бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді.

Әрбір ананың жүрегінде қоғамдағы келісім, отбасының береке-бірлік тыныштығы ерекше орын алады. Ал 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді, адамзаттық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі ретінде өтеді. Аналар үшін бұл күн - ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, қазақстандық татулық пен келісімді паш ететін салтанатты күн. Бұл дархан көңілдің шаттанатын күні, бірлік пен ынтымақтастық кеңейетін күн, көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен бірлігін паш ететін күн.

Аналар үшін қоғамдағы келісім мен этносаралық татулықты сақтау басты мақсат болса, ең маңызды байлығымыз, жетістіктігіміз оны бағалау мен сақтау жолында аянбай еңбек ету - біздің басты борышымыз. Кең байтақ еліміздегі ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман, береке-бірлік аясында балаларымыз бен немерелерімізді өсіріп, белсенді еңбектеніп, нәтижесін көріп өмір сүріп келеміз, Мұның өзі үлкен көрсеткіш, жоғары нәтиже, жақсылық пен бақыттың нышаны деп білемін.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар Кеңесі елдігімізге тән тарихи дәстүрімізбен тамырлас бастама болуда. Өйткені, ананың ақ батасымен елдің көсегесі көгерген, оның бір ауыз сөзімен ел ішін бүлдірген небір өнбес дауларға нүкте қойылған. Ана жан тәнімен өз ұрпағын адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеген және өз халқының салт-дәстүрін үйрете отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға, адам бойындағы ұнамды-жағымсыз қылықтарды ажырата білуге үйреткен.

Халық бірлігі - мемлекеттің негізі, сондықтан да қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған ұлы мақсаттар қоя аламыз.

Мәні мен маңызы орасан «1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі күні» қарсаңында біз көп ұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына ақтөбелік аналар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз.

Еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келе жатқанын ғанибетті іс деп білеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы - әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты.

Ассамблея арқылы біз барлық этностармен бірге қоян-қолтық өмір сүріп, әртүрлі өзекті мәселелерді бірге шешудеміз. «Дамудың сыры - бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дегендей, бірлесіп мұратқа жол тапқандаймыз. Бірлескен еңбегіміздің арқасында біздің ортақ Ассамблеяны бейбітшіліктің бесігі ретінде бағалаймыз.

Қазақ жерін қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар - сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз - Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу шығару - барша аналардың тілегі, елдік мақсатымыз.

Біздің Отанымыз - Қазақстан, тілегіміз - татулық, мақсатымыз – ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру.

Жұмабике Қалиева,

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы

Аналар Кеңесінің төрайымы

Кейін қарай