Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Ақпан, 2020

2136

Ж.Түймебаев: Алғыс айту күні –бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке

Бүгін елордалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б.Мәкен, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері қатысты.

Қатысушылар Алғыс айту мерекесінің маңыздылығына мән артып, халық бірлігі мен келісімі, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау, достық дәстүрі секілді ұлттық құндылықтарды сақтау туралы мәселелерді талқылады.


Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні - 1 наурыз Алғыс айту күні болып белгіленген болатын.

Дөңгелек үстелге қатысушыларды көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен құттықтаған Жансейіт Қансейітұлы бұл күннің қазақстандық ұлттар татулығы мен ынтымақтастығында алар орнының ерекшелігіне тоқталды.


«2016 жылдан бастап, биыл бесінші рет, 1 наурыз – Алғыс айту күні деп аталады. Бұл – замана талабы туындатқан, қазақстандықтар үшін мәні зор мереке. Тұңғыш Президентіміз - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай «Бақыт бағалай келгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында Ұлы Абайдың алтыншы қара сөзіндегі «Бірлік – ақылға бірлік» деген тұжырымды алға тарта отырып, береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келе жатқанын атап көрсетті.

Алғыс айту күні – сан сынақтан бірге өткен халықтың бірлігін арттырып, қандай кездерде де өзара сенімділігі мен құрметі орныға түсуіне негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке», - деді құттықтау сөзінде Жансейіт Қансейітұлы.


Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында түрлі салада қызмет етіп жүрген мамандар, жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі. Олар өздерінің табыс тарихын баяндады. Олардың арасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жетекшісі Налшыбек Асхат пен «Замандас» ардагерлер хорының мүшесі Қарашаш Есенбекова табысымен мұқтаждармен бөліскен меценаттарға алғыс білдірді, ал қалалық көппрофильді аурухананың аға медбикесі Сахинұр Разиева адамдардың өміріне арашашы болған донорлардың жанашырлықтарын атап өтті. Көзсіз ерлігімен он сегіз баланы жол апатынан құтқарған бүгінгі күннің батырлары Павлодар облысының полиция қызметкерлері М.Нұрсейітов пен Б.Жүнісов те ер-азаматтың ел, ұрпақ алдындағы парызы туралы өз ойларымен бөлісті.


Ал Қарағанды қаласынан келген балалар мектеп-интернатының директоры Г.Ахметова, дизайнер К.Абишев, қостанайлық мұғалім Г.Төлегенова Ассамблеяның жұмысына ризашылықтарын білдірді.


Жансейіт Түймебаев талайларға қол созып, мұқтаж жандардың мәселесіне бей-жай қарамайтын «Kazyna-SR» ЖШС-нің директоры Сайра Матайбаеваны Ассамблеяның «Жомарт жан» төсбелгісімен марапаттады.


Сондай-ақ, бірқатар қоғам белсенділеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар табыс етілді.


Жиын соңында қолданбалы өнер қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.






Кейін қарай