Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Қараша, 2019

951

Ж.Түймебаев Грузияның Елшісін қабылдады

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Грузияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Зураб Абашидзені қабылдады. Айта кету керек, Зураб Абашидзе сондай-ақ, Грузияның Қырғызстандағы және Монғолиядағы елшілігі қызметтерін қоса атқарады.

Кездесу барысында олар екіжақты ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыс туралы сөз қозғады. Екі ел арасында дипломатиялық байланыс 1992 жылдың 23 шілдесінде орнаған болатын. Ел тәуелсіздігі жарияланған уақыттан бастап, Қазақстан мен Грузия арасында екіжақты тиімді ынтымақтастық пен серіктестік тұрақты дамып келеді. Әсіресе, сауда-экономикалық, туристік, гуманитарлық және инвестиция салаларында бірлескен жобалар жолға қойылған.

«Грузия Қазақстан үшін әріптес қана емес, достық қатынасы маңызды мемлекет. Екі елдің делегациялары халықаралық ұйымдар шеңберінде де қоян-қолтық жұмыстар атқаруда. Қазақстан Грузия экономикасына қомақты инвестиция салған елдердің бірі болып саналады. Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 450 млн АҚШ долларынан асып кетті», - деді екі елдің экономикалық байланысының нығайып келе жатқанын тілге тиек еткен Жансейіт Қансейітұлы.

Грузия әлем мойындаған қазақстандық келісім үлгісіне қызығушылық танытуда. «Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ел брендіне айналды», - деген Ж.Түймебаев, үш жыл ішінде оны үйренуге, зерделеуге мүдделілік білдірген сарапшылардан Ассамблея хатшылығына 60-қа жуық сұраныс келіп түскенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының Грузия халқы Ассамблеясымен арадағы келісімге сәйкес, қазақстандық делегацияның жуық уақытта осы саладағы тәжірибесімен танысу үшін Грузияға жұмыс сапарымен баруға мүдделі екенін айтты.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Кейін қарай