Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Наурыз, 2019

14740

ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАРДЫҢ ҮМІТІН АРҚАЛАҒАН ЖАҢАЛЫҚҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БАСЫ - ӘЗ НАУРЫЗ

Қарағандыдағы еліміздің біртуар азаматы, Алаштың екiншi толқынының жарқын өкiлi, ұлт мақтанышы,  қазақтың ХХ ғасыр басындағы саяси ерiк-жiгерiн ұлт қызметiне арнаған, осы ұлы мұратта жанын пида еткен аяулы күрескер, сталиндiк репрессия құрбаны - Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ халқы асыға күтіп, ерекше ықыласпен тойлайтын әз Наурыз мейрамын жоғары деңгейде облыс бойынша алғашқылардың бірі болып атап өткен білім ордасы.

Наурызды асыға күткен мектеп мұғалімдері де, оқушылар жағы да, олардың ата-аналары да той басталысымен төс қағыстырып, көрісіп, бір-біріне сәлем берісті. Мұның өзінде үлкен астар, терең философиялық мағына жатыр.

Қыстан аман-есен, шығынсыз шыққан халық Наурызда мал-қорасын түгендеп, жайлап, көктеуге, одан кала берді, жайлауга амалдана бастайды. Алда атқарар кыруар іс бар. Соған білек сыбана кіріспес бұрын алыс-жақын агайындармен көрісіп, жүздесіп, қал сұрасып, біраз абыр-сабыр, мәз-майрам болып калады.

Мұның бәрі нұрын шашқан күннің жылынып, жердің жасыл шөпке орануы арқасында екені даусыз. Жаңарған дүние адамға жаңаша серпін беріп, үміт отын сыйлайды. Наурыз сөзінің берер мағынасының өзі «Жаңа күн» емес пе... Олай болса, көктем жаңаның, тылсым күштің бой көрсетер шағы іспеттес. Қазақ халқы Наурыз келгенде бар жиған-тергенін кең дастарханға жайып салып, Наурыз көжесінен бастап, барлық білген ұлттық тағамдарын жасаудан жарысудан алдына жан салмайды.

Кішкентайлар, жастар жағы болса, ұлттық ойындарды ойнатып, ән шырқап, ел аралап кетеді. Ел аралап демекші, көрші аралап, көрісу Қазақ даласында үш күнге дейін созылған. Осы уақыт ішінде әрбір отбасының дастарханынан көжесі мен дәмі үзілмеген, есігі ашық, қабағы жайдарлы болған. 22-Наурыз күні міндетті түрде отбасынан дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу - парыз.

Күн мен түннің теңелген шағында Наурыз мерекесі апталап тойланатын болған. Халық қуанышын койнына сиғыза алмай, ақ мол болсын, құт-береке орнасын деп ырымдап ақтан шашу шашып, ақ тілек, баталарын жаудырып жатады. Ал келген жыл молшылыққа толы болсын деген нитепен бабаларымыз бүкіл ыдыс атаулыны дәнге, аққа, таза суға толтырып бетін ашық қалдырған. Бұл ырым-жырымдар 21-Наурыз күнгі таң алдында орындалған. Мұның бәрі, сайып келгенде, келер жыл әр адамға молшылық әкелсін деген тілекпен жасалған.

Жаңа жылда Қыдыр баба үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін халық үйін қағып-сілкіп, тазартып қоятыны тағы бар. Ел арасында 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды деген наныммен халыққа дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қойған.

Наурыз түркі дүниесіне ортақ тойланатын үлкен мереке болғандықтан, әр ұлттың, халықтың өз салты тағы бар. Мысалға, ежелгі түркілер ұлыс күнінде жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алдыратын болған, кейін садақ атып, домбыра тартып, ән айтып жарысқан деседі.

Осы жоғарыда аталған Наурызбен байланысты салт-дәстүрлердің барлығын болмаса да, көптеген тұстарын жиналған халайыққа көрсетпек ниетпен мектеп-интернаттың 5 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары өзара жарыса сайысқа да түсті.

Қазақ, башқұрт, өзбек, қырғыз, түркімен, ұйғыр, түрік, әзірбайжан, татар халықтарының билерін құбылжыта орындаған жастар көрермендердің ерекше ыстық ықыласына бөленді.

Сөйтіп, Нұрмақов атындағы мектеп Ұлыстың Ұлы Күнi - Наурыз мерекесiн тойлап, рухани жаңғырды десек, қателеспеспіз.

«Әлемде теңдесi жоқ қазақ халқының мәдениетiн, өнерiн, салт-дәстүрiн, өмiр-тiршiлiгiн бүгінгі Наурыз мерекесі арқылы оқушылардың бойына сiңiріп, дәрiптеп, жаңғыртып, отанды сүюге баулуға тырыстық. Ата-аналар салт-дәстүр көрсетсе, оқушылар ұлттық билерді орындады. Тағы бір маңызды жағдай. Мұқтаж жандарға, отбасыларға, аз да болса, қолымыздан келгенше көмегіміз ретiнде Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясымен бiрлескен «Жүректен жүрекке» қайырымдылық жәрмеңкесiн ұйымдастырдық. Мұнда  ата-аналар, оқушылардың, мұғалiмдерiмiздiң дайындаған тәттілер, ыстық тағамдар мен мектеп компаниясының өнiмдерi болған  түрлi қол өнер бұйымдары саудаланды. Бұл күні  мектептің  дәлізі үлкен сауда алаңына айналды.

Жәрмеңке - көмектi қажет ететiн  көпбалалы отбасыларға, аз да болса ниетiмiздi бiлдiрiп, ұлыстың ұлы күнi карсаңында көңiл күй сыйлайық деген мақсатпен 20 отбасына 10 кг ұн, 10 кг күрiш, арнайы дайындалған азық-түлiк пакеттерiн наурыздың 19 - 20 күндерi оқушылармен бiрге тарату көзделiп отыр. Жалпы жәрмеңкеден түскен сауданың пайдасы 270 мың теңгенi құрады.

Наурыз мейрамы шеңберінде ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, ата-аналар, оқушылар арнайы марапатталды. Сыныптардың арасындағы сайыста 5 «в» Гран-приді иеленді. Жүлдегер сыныптардың оқушыларына қалаларға саяхатқа, кинотеатрларға жолдамалар табыс етілді», - деп атап өтті білім ордасының басшысы Сейфулмалик Султанов.

Тарихы тереңде жатқан, биыл 85 жылдығын атап өткелі отырған білім ордасы қазіргі заманда Елбасының жаңа заман сұранысы - үштілділікті қатар алып жүруге қатысты берген тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындауға кіріскен оқу орны. Бүгінгі таңда онда орыс, кәріс, қазақ, неміс, түрік, татар, әзірбайжан – ұзын саны 15 ұлттың өкілдері заманға сай бәсекеге қабілетті білім алуда.

Бір қызығы, қай ұлттың оқушысы білім ордасына оқуға келмесін, бір-екі жылдың ішінде ағылшын тілінен басқа, мемлекеттік тілде судай таза сөйлей жөнелетіні өз алдына, түрлі байқаулар, пәндік олимпиадаларға («Жарқын болашақ», «Тұлға», «Мың бала») қатысып, анау-мынау емес, жүлделі орындарды иемденіп қайтып жатқанын қайтесін.  

Елбасы өзі елде іс жүзіне асырылып жатқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ цифрландыру барысында білім беру ісіне зор мән беру қажеттігін шегелеп берген болатын.

«Мектептегі білім берудің сапасы осы бастамалардың табысты жүзеге асырылуының кепілі болып саналады», – деген еді Президент сол кезде.

Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалардың уақытылы жүргізіліп жатқанын, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу – уақыт талабы екендігіне әрдайым баса назар аударып келеді.

«Пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз. Бұл – уақыт талабы. Ата-аналар мұны дұрыс түсінуге тиіс», – деген сөзі бар.

Елбасының бұл айтқандарын екі етпей ұран тұтқан аталмыш мектептің ұжымы алғашқылардың бірі болып сонау 2008 жылдан бері жаңа білім беру стандартына көшіп, оқу процессіне озық технологияларды мейлінше енгізе бастды. Керек десеңіз, жағрафия, физика, биология, математика, информатика, геометрия пәндері бұл мектеп-интернатта 7 сыныптан бастап толық ағылшын тілінде оқытылады.

Украина, Ресей, Белорусь, Румыния сияқты мемлекеттерден қатысқан жас аудармашылар сайысында аталмыш мектеп оқушыларының аударма жұмыстары алғашқы алты орынды иеленгенін мақтанышпен айтуға тұрарлық. Аудармамен шұғылданып жатқан мектеп оқушыларының жұмыстары Мәскеу университетінің альманахтарында жарық көруде.

Елімізге есімдері танылып үлгерген режиссер Ақан Сатаев, экс-сенатор Ақыл  Серiкбай, Мақпал Жүнiсова тағы басқалары кезінде дәл осы мектепте білім бұлағынан нәр алған.  

Ал мектеп басшылығы жас өркендердің алдағы буын өкілдерімен кездесіп, олардың жеткен жетістіктерінен сусындап, тәлім-тәрбие алу мақсатында елімізге белгілі саясаттанушы Саясат Нұрбекпен, тарихшы Жамбыл Артықбаевпен, кәсіпкер Ерлан Әшіммен, әлемдегі шешімі табылмаған жеті есептің біреуін шығарған Мұхтиарбай Өтелбаевпен және тағы басқаларымен кезедсулер әрдайым ұйымдастырылыып тұрады.

Мысалы, «Зияткер тұлғаға 100  сұрақ» айдарымен облыс әкімінің кеңесшісі, 25 жасында жасыл технология өндіріп (Гидропоника, аэропоника), отандық сағаттар шығарып, бизнес пен шаруа қожалығын, жас кәсіпкерлер ассоциациясын басқарып, алғашқы миллионын 17 жасында тапқан кәсіпкер Арман Тоқсанбаевпен де кездесу өтті.

Тұңғыш президент күніне орай оқушыларды қоғамдық өмірге араластыру, салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіптік бағдар беруде «Самбо» спорт түрінен 2018 жылдың әлем чемпионы атағына ие болып, көкбайрағымызды желбіреткен, Қазақстан Республикасы «Жыл Патриоты» номинациясы иегері, мемлекеттік қызмет пен спортты бірге алып жүрген мектептің ата-анасы Руслан Кенжебековпен кездесу ұйымдастырылды.

Айтпақшы, мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Аяулым Сүлейменова Астана қаласында 2018 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасына қатысып, өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйретуге арналған авторлық бағдарлама әзірлеп, «Тіл мектебі» номинациясы бойынша республикалық кезеңнен жеңімпаз атанғанын да атап өткен жөн. Бұл мақтануға тұрарлық кәдімгідей үлкен жетістік.

 

Ал оның шәкірті Юрий Мухтаров «Мың бала» жобасының шеңберінде  шешендік өнерге баулитын «Асыл сөз» мектебі номинациясы бойынша жеңіске жетті.

Өткен жылғы «Мың бала» жобасының ерекшелігі – «Қазақтанудың» аясында жүргізілді. Оның үстіне 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мың бала» жобасы айтулы нәтижелер беруде. Ең басында жобаның ұйымдастырушыларында «Мың бала» аталуының мақсаты – бір жылда кем дегенде түрлі этностардың арасында мың баласы қазақ тілін үйреніп шықса деген ой болған екен. Өткен жылдың өзінде ғана 300 мыңға жуық бала аталмыш жобаға қатысып, соның ішінде 52 959 өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергендіктерін танытыпты.

«Мың бала» жобасының басты көздеген мақсаты да сол еді - әртүрлі ұлт өкілдеріне қазақ тілін, қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрін таныта отырып, балалар мен жастарға осы заманның талабына сәйкес келетін жаңашыл сапалы білім беру», - деп атап өткен еді республиканың ең үздік аудармашысы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова өткен жылғы жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін журналистерге.

Тағы бір қызық жаңалық. Өткен жылы «Мың бала» жобасында озып шыққан Аяулым Сүлейменова жеңістің тәтті рахатына мастанбай, алдына күрделі мақсаттар қоюда. Жақында ғана Qazaq epos қоғамдық қоры жариялаған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қызу дайындық ісіне кірісіп те кеткен. Ол үшін мектептің бақандай 40 оқушысымен жұмыс жүргізілуде.  

Айта кетейік, аталмыш жоба жас санаға ұлттық тәлім-тәрбиенің негізін қалыптастырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып өткізіліп отыр.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, 50 мың оқушыға «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазып қалдырған нұсқасын жаттатып, Гиннесс рекордтар кітабына ену де жоспарда жоқ емес.

Сөйтсе, «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар болып шықты. Сол себептен биыл 107 беттен, яғни 3627 қатардан тұратын Қобыланды жырының Марабай нұсқасын Қазақстанның 5 мың мектебінде, орташа есеппен алғанда, 50 мың оқушы жаттайды деп күтілуде.

Ал республикалық сайыстың жеңімпазы болса 1 млн. теңгені қанжығасына байламақ. Алайда, мұндай қомақты ақшалай сыйлыққа қол жеткізбес бұрын ағарту жобасының үш кезеңінен мүдірмей өту керек. Мамыр айында мектепішілік, аудандық, қалалық сайыстардан сүрінбей өткен үміткерлер облыстық турында бақ сынайды. Жүзден жүйрік озғандар маусым-шілде кезінде республикалық ақтық сайысқа қатысады.

Оқушылар тек қана эпосты жатқа айтып шықпай, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берулері де тиіс екен. Алдын ала БАҚ-та жарияланған тақырыптар бойынша эссе де жазады.

Ал мектеп-интернаттың директоры С. Сұлтанов «Қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сай етіп, онымен таласқа түсе алатындай жағдайға жеткізу - біздің міндеттеріміздің бастысы. Осы салада басшылыққа алатын бағыт-бағдарды Президенттің кейінгі Жолдауынан көре аламыз. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын басты көрсеткіш – адам капиталын дамыту», - дейді. Мектеп басшысының ақпаратына сәйкес, Жолдаудан туындайтын қысқа мерзімді мақсаттар анықталған. Олар: функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған жаңартылған білім беруге көшу; ақпараттық технологияларды дамыту мен оларды бала оқытуда кеңінен қолдану; экономикалық білім мен кәсіпкерлік негіздерін оқыту.

«Мектебіміздің 3 мұғалімі «Болашақ» бағдарламасымен Кембридж университетінде 1 жылдық тағылымдамадан өтіп келді. Сонымен қатар, 10 мұғалім Халықаралық бакалавриат жүйесі бойынша 1 жылдық семинардан өтті.

2017 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы ағылшын тілінде берілетін сабақтардың пән мұғалімдері Варшава қаласы, Вистула университетінің қабырғасында шетелдік ұстаздардан ағылшын тілін дамыту мақсатында бір айлық біліктілік курсынан өтіп, сертификат алды», - дейді С. Султанов.   

Осыншама тәжірибенің нәтижесінде мектептің миссиясы анықталып, мақсат-міндеттері нақтыланды.

Оқушылардың жоғары нәтижелерге жетуі үшін мемлекеттер арасында түрлі байланыс орнатылуда. Мысалы, Ресей Халықтар Достығы Университеті, Туркиядағы Меликшах университеті, Сүлеймен Демирель атындағы университет, В.Даль атындағы Қырым Ұлттық Университеті, Грузия Жазушылар Одағының мүшелерімен және Оңтүстік Африка, Түркия, Мозамбик, Англия  мемлекеттерінің мектептерімен байланыс мықты.  

Қазіргі таңда мектеп Түркия мемлекетінің Кападокия аймағындағы Невшехир қаласындағы «Алтын жұлдыз» мектебімен «бауырлас мектеп» ретінде тығыз-қарым қатынаста.  

Жыл сайын С. Демирел атындағы университет ұйымдастыратын түрлі сайыстарға қатысып өз білімдерін ары қарай жалғастыру үшін гранттар жеңіп алуда. Өткен жылғы түлектердің өзінде «Жарқын болашақ» қазақ тілі пәні  олимпиадасынан бір оқушы үздік атанып, журналистика мамандығының грант иегері атаныпты. 

 Оқушылардың техника ғылымдарына қызығушылығын дамыту максатында 5-9 сыныптарға «Робототехника» курсы жүргізіледі. IT сыныбындағы оқушылар «Логика - комбинаторика», «Қолданбалы физика», «Cisсo», «ІТ технологиялар» сияқты арнайы курстар бойынша білім алуда.

IT сыныбының 5-11 сыныптарға арналған оқу бағдарламасына қызығушылық танытқан Қазақ-Британ техникалық университеті түлектерді өз университетінің үшінші курсынан қабылдау жөнінде ұсыныс жасап та үлгеріпті. Байқап отырсақ, осы тіршіліктің барлығы Елбасының айтқан үздіксіз білім беру үдерісінің мектеп пен жоғары оқу орындары арасында тығыз сабақтастықта өрбуі - құптарлық жайт.

Осындай тынымсыз еңбектердің арқасында мектеп ұжымы 2016-2017 оқу жылында Қарағанды облыстық білім беру ұйымдарының ішінде «Үздік білім ұясы-2017» атағын иеленсе, республикалық мамандандырылған білім беру ұйымдары арасында «Үздік мамандандырылған білім ордасы-2017» сайысының Гран-при иегері атанған екен.

Елбасы әркез жастардың за­ма­науи озық технологияны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертіп, ол үшін елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тара­пы­нан барлық жағдайдың жасалып отырғандығын айтып отырады.

Әсіресе цифрлы және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызы ерекше арта түспек.

«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы жастармен болған бір кездесуінде.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының Жолдауы еліміздің барша жастарын бір жігерлендіріп тастағаны сөзсіз.

Жолдауда көрсетілген негізгі мәселер мен міндеттер жастарға тікелей қаратылып айтылған. Болашағынан зор үміт күттіретін білімді ұрпаққа әрқашан өз сенімін білдіретін Елбасы Жолдауда: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. «Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» – деген Елбасының ұсынысы жастарға даңғыл жол ашумен бірге үлкен жауапкершілікті міндеттеп отыр.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді қазақ мақалы. Ешқашан сарқылмайтын, мыңдарды жығатын күш жалғыз, ол – білім. Олай болса, біліммен қаруланып, ой-өрісімен әлемді жаулап алатын дарынды жастарымыз көп болсын.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 18.03.2019

Кейін қарай