Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Сәуір, 2020

1739

Жанар Кенжеғалиева: Қиындықты жеңген текті елміз

Соңғы кезде әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясының қауіп-қатері туралы бәріміз де хабардармыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік коронавирустық пандемия туралы жариялағаннан кейін еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде көптеген шаралар қолға алынып жатыр.
Мемлекет басшысының күні кеше халқымызға жолдаған үндеуі көптеген қазақстандықтардың сұрақтарына жауап болғандай. Әсіресе көңіліме жұбаныш ұялатқан жағдай - түрлі себептермен атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырған көп балалы, жалғызбасты аналар, жағдайлары төмен отбасылардың мемлекет тарапынан азық-түлік, ақшалай көмек алуға мүмкіндіктің пайда болуы.
Қазір мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуға даярлау жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы бір жауапты науқанда оқушылардың ата-аналары аса түсіністікпен қарап, уақытша орын алған сынақты бірге еңсереміз деген ойдамын.

Сенім мен бірлік, тәртіп пен жауапкершілік бәрін жеңеді. Ел болып, халық болып біріксек, бұл індеттен де аман есен шығармыз. Біз өзімізді өзіміз аман сақтап қалу үшін де үйде отырып, жақындарымызды қадағалауымыз керек. Қалғанын бір жаратқанға және ақ халатты абзал жандарымызға сеніп тапсырдық. Аман болайық!

Жанар Кенжеғалиева,
Қарағанды облысы ҚХА
Аналар кеңесінің төрайымы

Кейін қарай