Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Сәуір, 2020

1254

Жаннат Асабаева: Қазақстандағы этнобірлестіктер елдер арасындағы достық көпіріне айналды

Биыл – Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр. Бұл уақыт аралығында құшағы талай ұлтқа пана болған Қазақ елінде ұлттар арасындағы татулық пен келісім орнады. Қазақтың дархандығы, өзгені өгейсітпейтін мейірімділігі қоғамдағы тұрақтылықтың алтын көпірін тұрғызды. Қиын жылдарда Атырау өңірінен пана тапқан сан ұлттың ұрпақтары бүгінде аймақтың өркендеуіне үлес қосып, береке-бірілікті нығайтуда да зор еңбек сіңіріп келеді. Айтулы мереке қарсаңында Қазақстан алқы Ассамблеясының ардагері Жаннат Асабаевамен сұхбаттастық.

«Тату елдің тұғыры биік болады» демекші, елімізде Ассамблея құрылғаннан бастап мемлекеттің тағдыршешті оқиғаларына үн қосып, стратегиялық маңызы жоғары шешімдердің қабылдануына да бастамашы болды. Сіз сол әрбір сәттің куәгері болдыңыз. Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ...

– Әлемде «Назарбаевтың келісім формуласы» және Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның идеологі және Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен бүкіл дүниежүзіне танымал. Бүгінде өз аймақтарында бейбітшілік пен келісімге мүдделі полиэтностық тұрғындары бар елдер оны зерттеп, өзінің тәжірибесіне алуда. Өйткені, кеңес мемлекеті ыдырағаннан кейінгі туындаған этносаралық шиеленістерден сақтап қалған Қазақстанның бұл идеологиясы өзгеге үлгі аларлық.

Мыңдаған өзге этнос бір сәтте «иесіз» және өз тарихи Отанынан тыс қалып абдырады. Ал, тұрмыстық ұлтшылдық олардың болашағы үшін үрей туғыза бастады. Осы тұста Елбасы бейбітшілік пен келісімді сақтап, қазақстандық қоғамды шоғырландыру қажеттігін алға қойды. Ассамблеяны қалыптастыру үдерісі бірнеше уақытқа созылып, көпшілік бұған бастамашы болды. Бұл институт елдегі маңызды оқиғаларға атсалысты. Жас тәуелсіз мемлекет үшін тағдыршешті Республика Президентінің өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту және 1995 жылғы жаңа Конституция қабылдау бойынша екі республикалық референдум өткізді. Ассамблея тарихындағы екінші маңызды кезең Тұңғыш Президенттің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеясын қолдау болды. Жоғарғы Кеңестің шешімінің қабылданғанына қарамастан, оны орындау басқарудың әртүрлі қабаттарында тежелді. Алайда, Ассамблея жаңа елордаға алғашқы қадам жасады. Тізе берсек, Ассамблеяның атқарған берекелі істері аз емес.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау өңіріндегі жұмыстарына бірнеше

жыл жетекшілік еттіңіз. Бұл ретте облыстағы жалпыұлттық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше моделі қалай қалыптасты?

– Атырау өңірінде құрылған облыстық Ассамблеяның атқарушы хатшылығы бөлім мәртебесін иеленіп, құрамына үш қызметкер енді. Оның басшысы облыс әкімшілігінің кеңесшісі Мәжит Сәрсекенов пен кеңесшісі Алевтина Воронцова ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестірушісі болды. Одан кейін хатшылықты өңірге белгілі, облыстық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Қатимолла Ризуанов, Софья Сейткалиевалар басқарды. Ал, мен бұл жұмысқа 2000 жылы келдім. Осы кезең менің ең бақытты жылдарым болып, Ассамблеясының қалыптасу тарихына қоян-қолтық араластым. Сол уақыттан бері халқымыздың бірлігін арттыру үшін этномәдени бірлестіктердің әлеуетінің мейлінше толық ашылуына ат салыстым. Атыраудың этномәдени бірлестіктері өңірдегі халық бірлігін, татулығын сақтауды өз қызметтерінің маңызды тетігіне айналдыра білді.

Этностық топтардың «Бірлік» мәдениеті мен өнерінің фестивалі, «Шаңырақ» отбасы мерекесі, «Ассамблея аруы» сайысы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – мәдениетаралық диалог мектебі» атты интеллектуалдық олимпиадасы, славян әдебиеті және мәдениеті күнін тойлау секілді жобалар жүзеге асты. Біз адам құқықтары, құттықтаулар, толеранттылық, БҰҰ, теңіз, бейбітшілік күні мен нәсілдік дискриминацияға қарсы күн секілді Халықаралық және Бүкіләлемдік айтулы даталардың идеялық мүмкіндіктерін де пайдаландық. Өйткені, олар әртүрлі ұлттарды бір арнаға біріктіреді. Мәселелерін әлемдегі проблемалармен салыстырып, өз тағдырының және ел болашағының бірлігін сезінуге көмектеседі.

Этнобірлестіктер елдер арасындағы достық көпірге де айналды. Мәселен, Атырау және Ресей Федерациясының Астрахан облысының этномәдени бірлестіктерінің «Дос жүрегін шекара бөле алмайды!» Халықаралық фестивалі мемлекетаралық экономикалық және мәдени байланыстарды орнатуға ықпал етті.

Алғашқы жылдары этномәдени бірлестіктердің үйлестіруші рөлі мен тиімділігін күшейтуге облыстық Ассамблеясы жанындағы ғылыми және сарапшылар тобы, журналист-сарапшылар клубы, аналар мен ақсақалдар кеңестерінің жұмысы айтарлықтай әсер етті. Соңғы жылдары оның қызметінің жаңа тетігі ретінде Қоғамдық келісім кеңесі пайда болды. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институты, ал, С. Өтебаев атындағы мұнай және газ ниверситетінде, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында арнайы кафедралар ашылды.

– Ұлт бірлігі – басты байлық. Осы орайда өңірдегі этномәдени бірлестіктердің халық достығын сақтау мен нығайтуда атқарып жатқан жұмыстары қандай?

– Олар алғашында ұлттық-мәдени орталық, кейін этномәдени бірлестік деп аталды. Бүгінде бұл бірлестіктер жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен өзара іс-қимыл жүйесін кеңейтуде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы түрлі бағдарламаларды іске асыруда. Облыстық Ассамблеяның әлеуметтік жаңғырту және елдің инновациялық даму үдерістеріне қатысу мәселелері табысты шешілуде.

Өңірдегі 20 этномәдени бірлестік өз этностары өкілдерінің мәдени және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мектебі ретінде қызмет етуде. Олар «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесімен тығыз жұмыс істеп, облыстағы этносаралық және конфессияаралық татулыққа барынша оң ықпал етуде. Ал, Ассамблея «Қайырымдылық туралы» Заң негізінде осы бағытта атқарылатын жұмыстың үйлестірушісі болып, қайырымдылық шараларының ұйымдастырылуын, халықтың ауқатты бөлігінің жоқ-жітікке көмектесуін де қадағалауда.

Этномәдени бірлестіктердің тағы бір ауқымды міндеті – қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын үйлестіру. Оған елге сыйлы, абыройлы азаматтар еніп, жүйелі түрде жұмыс жасаған жағдайда ел ішіндегі түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары медиация жұмысына да белсене араласуда. «Қоғамдық келісім» жанынан медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны жұмыс істейді. Кәсіби медиаторлар, судьялар мен кәсіби емес медиаторлар, қоғамымыздағы абыройлы жандар халыққа осы тұрғыда қызмет көрсетуде.

– Бірінші наурыз Алғыс айту күні ретінде аталып келеді. Өзге этностар үшін бұл күннің маңыздылығы неде?

– Көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан – 100-ден астам этнос пен 17 діни конфессия өкілдері үшін туған үй. ХХ ғасырдың ішінде оның аумағына Украина, Ресей және Белоруссиядан бес миллионнан астам адам қоныс аударды. Алайда, елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім үшін барлық жағдай жасалған. Өзара көмек, қолдау, ықылас қазіргі заманғы тұтас қоғамды қалыптастыру үшін негіз болды. Осы орайда Елбасының Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі ерекше символдық мәнге ие болып келеді. Көктем жаңарумен ерекшеленеді. Жылдың осындай әдемі уақытын өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуымен басталуының маңызы зор. Алғыс – жүректен иірілетін, тұнық сөз. Оны естіген жан рухани лəззатқа бөленеді. Алғыс – теңіздің терең тұңғиығындай, тіл жетпейтін дүниедегі ең қымбат сөз. Оның мəнділігі мен маңыздылығы да осында жатыр. Ендеше, достықты да, бірлікті де, тұтастықты да бір арнаға ұйыстыра білген қазақ халқының өзге этнос өкілдерінен Алғыс алуы үлкен ғибрат деп ұғыну керек.

– Татулық пен тұрақтылықты сақтау – Мәңгілік елдің мұраты. Бұл ретте аға буын ретінде жастарға елдегі бірлікті нығайту қажеттігін ұғындыруда қандай пікір айтасыз?

– Жастарды өз елінің тарихын білуге және құрметтеуге, басқа этностардың тілін, дінін және әдет-ғұрпын түсінуге, біздің мемлекеттілігімізді сақтап қалған, туған жерін жаудан азат еткен ата-бабаларымыздың өткеніне деген адалдығы мен мақтанышын ояту – аға буынның басты мақсаты.

Бұл ретте студенттердің қазақстандық бірегейлікті, этносаралық бірлікті қалыптастыруда алдыңғы қатарлы елге айналуы үшін Ассамблеяның міндеттерін іске асыруға жастарды барынша тарту қажет. Ассамблея қызметінің негізіне алынған толеранттылық, бірлік пен бауырластық идеяларын қазақстандықтардың ұлтына, діни, саяси және өзге де көзқарастарына қарамастан, жаңа рпақтары да қабылдауы қажет.

Кейін қарай