Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Қараша, 2021

291

«Жанубий Қозоғистон» газеті 30 жылдық мерейтойын тойлады

Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде «Сәлем саған, Түркістан!» мәдениет және өнер фестивалі аясында облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті. Аталған шараға зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері, депутаттар және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов еліміздегі тыныштық пен этносаралық келісімді сақтауға өз үлесін қосып жүрген басылымды мерейлі мерекесімен құттықтады.


– Басылым бүгінде жаңа дәуірдің тағы бір белесін бағындырды. Егемен елдің қалыптасуы мен өңірдің дамуына, қазақстандық патриотизмді нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан газеттің Елбасы саясатының басты бағыттарының бірі – этносаралық достықты насихаттауда атқаратын рөлі зор. 30 жылдық мереке қарсаңында басылым түркі жұртының рухани астанасы – Түркістанға қоныс аударып, тарихтың жаңа парағын ашты. Облыс орталығына көшіп келген газет ұжымының жаңа тынысы ашылып, шығармашылық тұрғыда шыңдала береді деп сенемін! – деді Сәкен Амангелдіұлы.

Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары С. Қалқаманов бірлік пен бейбітшілікті дәріптеп, тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жүрген басылымның бірқатар қызметкерлерін облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапаттап, газет ұжымына бағалы компьютерді сыйға тартты.


Сонымен қатар жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің бас редакторы Абай Балажан және облыстық «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренко құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Жиында қонақтар нан өнімдері көрмесі және «Жанубий Қозоғистон» газетінің шыққаннан бергі тарихын бейнелейтін суреттері мен ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларынан қойылған көрмені тамашалады. Сондай-ақ мерекелік шарада игі жақсылар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.


Достық пен бірлікті ту еткен шарада киіз үйдің жабдықталуы, ұлттық тағамдар «Ет асу» және «Палау-fest» әзірлеу бойынша арнайы байқау ұйымдастырылды. Оған барлық ауданнан қатысушылар атсалысып, мерекенің сәнін келтірді. Байқау нәтижесінде киіз үйдің жабдықталуы бойынша 1-орынды Түлкібас ауданы жеңіп алса, 2-орынды Қазығұрт ауданы, 3-орынды Келес ауданы еншіледі. Бұл бәсекеде Сауран ауданының қатысушылары ынталандыру сыйлығын алды. Сондай-ақ ет асу сайысында Кентау ауданы 1-орыннан көрінсе, 2-орынға Мақтаарал ауданы, 3-орынға Төлеби ауданы лайық деп танылды. Ал «Палау-fest» бойынша 1-орынды Сайрам ауданы иеленсе, 2-орын Жетісай ауданына, 3-орын Сарыағаш ауданына бұйырды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

Мерекелік шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.


Кейін қарай