Қазақстан халқы Ассамблеясы

2444

Ерлан Құсайын: Ымыралы ынтымақ пен келелі келісім – дамудың кілті

Хош, сонымен күні кеше ел Президенті Қ.К. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялады. Бірден айта кету керек, бұл Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасынан кейінгі кең көлемде жарияланып отырған тұңғыш ресми бағдарламасы деуге болады.

Жолдауды қалың көпшіліктің тағатсыздана күткені рас. Мемлекет дамуының басты бағыттары мен басымдықтары қандай болмақ, ішкі, сыртқы саясат векторлары, әлеуметтік-экономикалық саладағы қордаланған мәселелер қалай шешілмек, кейінгі кездері қоғамда дүркін-дүркін көтеріліп, алаңдатып отырған баспана, жұмыссыздық мәселесі, дендей еніп, дертке айналған жемқорлықты қалай ауыздықтап, қылмысты қалай құрықтаймыз деген сұрақтар, сондай-ақ бейбіт шеруге шығып, азаматтық ұстанымдарын білдіру, бірыңғай зейнетақы қорындағы салымдардың күмәнді келешегі сынды түйткілді мәселелер кейінгі уақытта, әсіресе әлеуметтік желілерде өте қызу талқыланды. Осы Жолдаудан жауап күтті.

Президент қоғамды толғандыратын осы және өзге де өзекті сұрақтармен жете таныс екендігін көрсетті, әрі оларды шешудің нақты жолдарын белгілеп берді. Жолдау заман талабына сай тиімді мемлекет, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты мемлекет деген ауқымды бес блокты қамтыды.

Ең алдымен, Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғандығын атап айтты.

«Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» деді Президент Қ.К. Тоқаев.

Менің ойымша, саяси салмағы зор стратегиялық құжаттың кіріспесі заман талабына сай мемлекет құру деп аталуының өзі бекер емес. Осы кезге дейін біз «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген қағиданы басшылыққа алып, жұмыс істеп келдік. Ол өз уағында тиісті нәтижесін бергендігін жоққа шығаруға болмас, әрине. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды, өмір өзгеріп келеді. Халықтың да саяси санасы өскен, өзгерген. Сондықтан да еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін еместігін ел Президенті қадап айтты. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз, деді ол. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Сондай-ақ азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылып отыр. Әрине, бүгінгі күнге дейін халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, диалог орнатуға қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Атап айтқанда, ҚР Электронды үкіметі бағдарламасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, түрлі деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері, ақпараттық ашықтық, мекеме басшыларының блог-платформалары, онлайн-конференциялар, Орталық коммуникациялар қызметі, open office, жедел желі тағысын тағы жұмыстар белгілі бір деңгейде бұқара халық пен билік өкілдерінің арасындағы байланысты қамтамасыз етті. Дегенмен бұл жұмысты әрмен қарай ширата түсу қажет. Тек билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады деп атап көрсетті.

Ерекше тоқталған тағы бір маңызды бағыт – бұл елдің бірлігі, қоғамдық келісім мәселесі. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдер бастап Елбасымыз елдің бірлігін, халықтың тұтастығын мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастырды. Жүздеген ұлт пен ұлыс өкілін бір шаңырақтың астында жарастырды. Әлемнің алпауыт елдерін өзімен санастырды. Тәуелсіз Қазақстан - бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігі ретінде танылды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі ретінде мойындалды. Бұл – ақиқат. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Оны көздің қарашығындай сақтап, нығайта түсуіміз қажет. Ал, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Бұл – тарихи заңдылық. Небір қиын-қыстау кезеңдерде өзім деп келгенді өзекке теппей, бауырына басқан қазақ халқының мейірбандығы мен қамқорлығын өзге ұлттың өкілдері тебірене әңгімелейді, ақтарылып алғысын білдіреді. Оған жұмыс барысында талай куә болып жүрміз, жүздеп, мыңдап мысалдар келтіруге болады. Сонымен қатар «ел бірлігі – оның әралуандығында» екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Қоғамда қызу талқыға түсіп, жиі көтерілетін мәселелердің бірі – тіл мәселесі. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп өсиет еткен алаш арыстарының аманаты әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл - тұтастай ұлттың жан-дүниесі, айнасы, болмыс-бітімі. Сондықтан да оған жүрдім-бардым қарауға әсте болмайды. Осы ретте Мемлекет басшысының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деген сөзі көптің көңілінен шықты, көкейіндегісін айтты деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін де ескертті.

Қазақты әлемге танытқан қос алып бар, бірі – әл-Фараби бабамыз, екіншісі – хакім Абай. Келер жыл екеуінің де мерейтойы. Дұрыс аталып өтуі тиіс. Мемлекеттік деңгейде... Той тойлау үшін емес, ғұламалардың ғибратты ғұмырларын өскелең ұрпаққа өнеге ету үшін, өшпес мол мұрасын мәңгі есте қалдыру үшін... Мемлекет басшысының сөзінен осындай лепті аңғардық. Ұлысын ұлықтай білген елдің келешегі де керім болатыны анық.

Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі болуы тиіс. Сот және құқық қорғау саласын реформалау, ауыр қылмыстарға жазаны күшейту, әбден меңдеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес шараларын қабылдау да Жолдаудың басым бағыты ретінде қарастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік саланың сапасын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы төлеу, мәдениет ошақтарының жағдайын жақсарту сынды салаларға айрықша тоқталды.

ХХІ ғасыр – бәсекенің ғасыры, білімнің заманы. Ағылған ақпараттың, технологияның дәуірі. Бұрысы қайсы, дұрысы қайсысы екенін де білу үшін, таңдау үшін де білім керек. Көштің соңында қалмаймыз, шаңында көмілмейміз десек бізге білім керек. Заманға лайықты, қажетті, пайдалы білім керек. Ал, сол білімді беретін ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпей тұрғаны шындық. Сондықтан да, «Ұстаз мәртебесі туралы» заңның қабылдануы, төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыру туралы тапсырмасы дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі, ұстаз тұтас ұлтты тәрбиелейді. Өркениетті елдің деңгейі мұғалімнің тұрмысымен, тыныс-тіршілігімен өлшенсе керек.

Тағы бір қоғамда жиі көтерілетін мәселе - зейнетақы қорларының жұмысы, ондағы жинақталған қаражаттың келешегі. Көп жағдайда осы зейнетақы қорындағы айлап-жылдап жинаған қаражатының құнсызданып, күмәнді жобаларға жұмсалуы, тиімсіз менеджмент жайы көпшілікті қатты алаңдататын проблема екені ешкімге жасырын емес. Сондықтан да Президенттің зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтау туралы Үкіметке тапсырмасы көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Сондай-ақ жергілікті билік жұмысының ашықтығы, сауатты менеджмент, тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу, бюджетті қалыптастыруда тұрғындарды белсенді қатыстыру - заман талабы. Бұл - өркениетті елдерде бар тәжірибе.

Жолдаудың ерекше назар аудартқан тағы бір маңызды тұсы - баспана мәселесі. Бұл - қай қоғамда да өткірлігін, өзектілігін жоймайтын тақырып. Өз үйі, өлең төсегі болмаса кім-кімнің де жай-күйі келіспейтіні белгілі жайт.

Әрине, бір қарағанда бағдарламалар бар, тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан сияқты. Бірақ пәтер алуға тұрған ұзын-сонар кезектің таусылар түрі, шет-шегі көрінбейді. Ел арасында осыған деген наразылық көп. Бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына да көпшілік ел қатыса алмай отыр. Табысының аздығы, жалақы мөлшерінің төмендігінен.

Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң қадағалап, шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетіледі деген ойдамыз. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу туралы тапсырма берді. Яғни, бұл - осы аралықта 30 мыңға жуық отбасы баспаналы болады деген сөз.

Сондай-ақ баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажеттігі де ескерілді. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі.

Өңірлерді дамыту, қаржыландыру көлемін арттыру, олардың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау, басшының дербес жауапкершілігін күшейту мәселелері де назардан тыс қалмады.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатар бағдарлама боларына сенім мол. Ең бастысы, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, елдің бірлігін нығайту – біздің ең негізгі міндетіміз.

Бірлігі мықты ел кез келген қиындықты еңсереді. Бірлігі әлсіз ел дауыл түгілі, жай ғана соққан желден де теңселеді. Ымыралы ынтымақ пен келелі келісім ғана дамудың кілті. Барлық та, байлық та, бақыт та – бірлікте. Бұл - аттап өте алмайтын ақиқат. Ендеше, осыны естен шығармайық, бірлігімізге бекем болайық. Қазақ елінің байрағы биікте желбіреп, әлемнің барынша дамыған отыз елінің ортасынан ойып орын алуына тілекші болайық, осыған бірге атсалысайық.

Ерлан Құсайын,

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ директоры

Кейін қарай