Қазақстан халқы Ассамблеясы

4037

Сауытбек Абдрахманов: Елбасы Жолдауы – тың серпіліс беретін құжат

Елбасы жолдауы біздің елімізді жаңғырудың жаңа белесіне шығарады.

Президент сөзінің басында «біз жаңа биіктерді бағындыруға дайынбыз» деген сөзді айтты – әрбір қазақстандықтың, әрбір қазақтың есінде жүретін сөз. Біздің алдымызда жаңа биіктер, жаңа қиын күрделі міндеттер тұр.

Әлем, өзгеріп бара жатыр, өкінішке орай орынсыз саясиланып, саясат экономикаға аралысып бара жатыр. Саясаттың салдарынан экономикаға тікелей әсер ететін, ықпал ететін факторлар көбейіп бара жатыр. Осындай кезде Елбасы Қазақстанның экономикасын, халықтың әл-ауқатын жаңа сатыға көтеру үшін нақты ұсыныстар еңгізіп отыр.

Атап айтқанда тұрмысы төмен адамдардың әл-ауқатын арттыру жөнінде ең төмен жалақыны біржарым есеге өсіру, бюджет қызметінің жалақысын 35%-ға өсіру сияқты нақты қадамдар жасалғалы отыр. Көптің бәрінің айтатын, жұрттың бәрінің жанын ауыртатын үлкен бір мәселе шешімін табатын – ол мемлекеттегі мұғалімнің беделі, мәртебесі жөнінде. Шынында да бір кезде біз рахмет айтқанда, разы болғанда, бата бергенде, молда бол балам деп айтатын ел едік. Ол заман үшін молда болу – мұғалім болу деген сөз. Қазақты сауатқа үйреткен молдалар. Өкінішке орай, әртүрлі объективті, субъективті себептерге байланысты мұғалімнің мәртебесі төмендетілді, ауылдық жерде кез келген шаруаға алдымен мұғалім жегетін жағдай қалыптасты. Сонымен бірге олардың жағдайын жөндеу бағытында нақты қадамдар жасала қойған жоқ. Енді педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан кейін бұл мәселеде нақты өзгерістер болатынына біз сенеміз және Парламент депутаттары ретінде, оның ішінде әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде бұл салаға, бұл жұмысқа міндетті түрде араласатын боламыз.

Оның сыртында «7-20-25» бағдарламасына байланысты, нақты тетіктерін табуға байланысты әңгіме айтылды. Атап айтқанда, Астана қаласының тәжірибесі бойынша мүмкіндігі төмен адамдарға алғашқы үлестік ақшаны табуға кәсіпорынның, мекеменің тарапынан көмектесу. Әйтеуір қолын, тырнағын іліктіріп беру, әрі қарай 25 жыл бойы өзінің 7%-дық қаржысын төлей береді.

Ең бастысы Президенттің Жолдауының басынан аяғына дейін алтын арқауы ол өріліп жатқан негізгі идея – адамға қамқорлық. Мен айтып отырған жағдайлардың барлығы, соның ішінде медицина қызметінің сапасын арттыру, нақты айтқанда онкологиялық республикалық ғылыми орталық құру деген сияқты шешімдердің барлығы адамға қамқорлықтан өрбіп жатыр. Осы Жолдау біздің еліміздегі тұрмыс деңгейін көтеру, өмір сапасын жақсарту жөнінде үлкен серпіліс болатындығы анық. Оның үстіне мен өз басым Жолдаудың мерзіміне байланысты да қолдау білдіргім келеді, өйткені біз Жолдау жылдың басында болатынына үйренгенбіз, тіпті наурыз айына дейін кетіп қалып жүрді. Ондай жағдайда жылдың ішінде атқарылатын жұмысты наурыздан бастау немесе тапсырмаларды қаңтардан алу оншалықты тиімді емес. Қазір қазан айының басында айтылып, белгіленген кезде, тіпті арнаулы заңдар қажет болса біз жаңа жылға дейін ол заңдарды қабылдай да аламыз, бюджетке өзгеріс еңгізе аламыз. Бұл өте ыңғайлы, алдағы кезде де осындай мерзім, осындай формат сақталса деген тілек айтқым келеді.

Сауытбек Абдрахманов,

ҚР Парламенті Мәжілісінің

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Кейін қарай