Қазақстан халқы Ассамблеясы

2961

Тұрар Шайхиев: Білім беру сапасы – халық өмірі сапасының ең басты көрсеткіші

Мемлекет құрамдаушы қазақ ұлтын ерекше толғандырып жүрген мемлекеттік тіл мен жер мәселелерінің оңтайлы шешімін табу жолдары Жолдаудың шынайы өзегін құрады. Сонымен қатар, Жолдауда мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығы, мемлекеттік институттардың рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, экономиканың даму тетіктері, халықтың әлеуметтік қамсыздандырылуы турасындағы өзекті мәселелер қамтылды.

Еліміздің ішкі саяси дамуында үлкен серпілістер мен өзгерістер әкелген 2019 жыл Қазақстан қоғамының өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Қоғамдық саяси реформаларға сұраныс бүгінгі күні ерекше жоғары.

Қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының тағы бір өзегіне айналды. Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып, Президент оның базалық сипатын атап көрсетеді: « ... елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес». Президент атынан сөйлеген билік жалпы мемлекеттік сындарлы міндеттерді ашық талқылауды бастауды ұсынады. Осыған байланысты көп партиялықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс орнату, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерге баса назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылға дейін мемлекеттік және ұлттық компаниялар қызметкерлері санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Бұл шаралар тек мемлекеттік аппаратты қысқартуды ғана көздеп отырған жоқ. Осының арқасында жұмыста қалатын мамандардың тұрмыс деңгейін көтеруге мүмкіндік туындайды. Бұл ретте іріктеу жүйесінің маңызы зор. Егер шынымен үздіктері таңдалса, жұмыс сапасы артып, халықты жоғары деңгейде мемлекеттік қызметтермен қамтуға болады. Сонымен қатар, Президенттің бұл бастамасы, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда» анықтылған меритократия ұстанымдарымен де үндесіп жатыр. Бұл еліміздің ішкі саясатының тұрақтылығы мен сабақтастығының айқын көрінісі.

Қазіргі таңдағы экономика - бұл білім мен алдыңғы қатарлы технологияға негізделген инновациялық экономика. Сол себепті де білім беру сапасы халық өмірі сапасының ең басты көрсеткіші болып табылады. Егер біз алдыңғы қатарлы дамыған елдер сапына тұрғымыз келсе, мемлекет саясатында білім беру ісіне басымдық беру қажет.

Президент Жолдауында елдің экономикалық дамуы мен жоғары білім беру ісі бір-бірімен үндесіп жатыр. «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды – деп анық жазылған. 

Тұрар Шайхиев,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ

«Қазақстан халқы Ассамблеясы»

кафедрасының меңгерушісі

Кейін қарай