Ассамблея народа Казахстана

Айгөлек — ұлттық ойын. Айлы кеште, далада өтеді.

Ойнаушылар екі топқа бөлінеді. Олардың сандары да, жас шамалары да бірдей болулары керек. Екі топтың екеуінің де бастаушысы болады. Аралары 10—15 метрдей жерде қол ұстасып қатарласа тұрған осы екі топ біріне-бірі сөз тастап, күш көрсетіп, өнер жарыстыра бастайды. Екі жақтың ойын бастаушылары орталарынан бір қыз бен бір жігітті шығарып, олардың қолына бір ақ тас, бір қара тас береді. Олар екі тасты ешкімге көрсетпей, уысына қысып тұрады да, екі ойын басынан:— Сен қай қолдағы тасты қалайсың?— деп сұрайды. Бастаушылардың біреуі мен: «Оң қолдағы тасты қалаймын»,— дейді, екіншісі сол жақ қолдағы тасты алады. Қайсысында ақ тас болса, сол ойын бастайды.

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек. 
Күші мығым, қуатты, 
Екпіні желдей өршіген 

Шепті бұзар ер керек.

Екінші топ:

Айгөлек-ау, айгөлек, 

Айдың жүзі дөңгелек, 
Күші мығым, қуатты, 
Екпіні желдей өршіген 

Саған қандай ер керек?

— дейді.

Алдыңғы топ:

Айгөлек-ау, айгөлек, 

Айдың жүзі дөңгелек, 
Күші мығым, қуатты, 
Екпіні желдей өршіген 

Бізге пәлен ер керек,

— деп бір ойнаушының атын атайды.

Ол тобынан шығып, бір-екі адым ілгері басып:

Айгөлек-ау, айгөлек, 

Айдың жүзі дөңгелек. 
Сайысқанда саспайтын, 
Самала күнге бастайтын, 
Пәлен деген ер шыққан, 

Топ бұзуға мен шыққам,

— деп сол жүгірген бойы қарсы топты жарып өтпек болады. Ол екпінді, күшті болса, топты жары өтіп, өзі қалаған бір қызды, не бір жігітті жетекте өз тобына алып келеді. Егер ол топты жарып алмаса, сол топта өзі қалып қояды. Ендігі шақыруды екінші топ бастайды. Сөйтіп, ойын созыла бере ойында дөрекілік көрсетуге, жұптасқан жұдырықты жүгіріп келе жатқан ойыншыға қарсы қоюға болмайды. Жүгірген ойнаушы да ойын ережесін сақтауға тиіс.