Ассамблея народа Казахстана

28 Июня, 2019

8497

Атсалим Идигов: Біздің мықтылығымыз - руханилық

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп, айрықша атап өтті. Шын мәнінде бүгінгі заманның сын-қатерлеріне барынша қарсы тұрып, әрі бірегей этнос болып қалу үшін біз ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды, ата-бабаларымыздың ұлы мұрасын сақтауымыз қажет.

Ұлттық құндылық деген не? Оны қалай сақтап қалуға болады? Ұлттық бірегейліктің нақты қатерлері қандай? Ұлттық кодты жоғалту неге әкелуі мүмкін? Қоғамның ыдырауына бағытталған сырттан келетін ақпараттық шабуылдарға қарсы тұру қажет пе? Осы және басқа да көптеген сауалдарға сұхбатымызда белгілі журналист, қоғам қайраткері, саясаткер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Атсалим Идигов жауап берді.

— Біз халықтар немесе этностар туралы айтатын болсақ, ұлттық құндылықтар туралы жиі сөз қозғаймыз. Егер ғылыми тілде айтатын болсақ, оны қалай түсіндіріп берер едіңіз?

— Белгілі мағынада жалпыұлттық құндылықтар – бұл нақты социум өмірінің мәдени, отбасылық, әлеуметтік-тарихи, діни және басқа да салаларында бар басым, басты ұстанымдар деп айтуға болады. Оны басқаша да сипаттауға болады: негізгі ұлттық құндылықтар – белгілі бір этникалық қауымдастыққа тән рухани идеалдардың жиынтығы. Міне, олар ұлттың ерекшелігін, оның айрықша тарихын, яғни, бірегейлігін анықтайды.

IMG_7990.jpg

Бұл жалпы анықтама. Ал егер нақтырақ айтатын болсақ, бұл ұғымға не кіреді?

— Ұлттық құндылықтар туралы айтатын болсақ, біз ең алдымен рухани-адамгершілік аспектіні ескеруіміз керек. Ұлттық құндылықтар – рухани өмірдің өзегі деп бекерге айтпаса керек. Ал олардың негізінде еркіндік, мақтаныш, абырой, намыс, қадір-қасиет, ұйымшылдық, қонақжайлылық, үлкендерге құрмет сияқты ғибраттық санаттар жатыр. Осы қатарға мәдениет, тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жоралғы, өмір салты және тағы сол сияқтылар жатады. Осылардан шын мәнінде белгілі бір халықтың менталдығы қалыптасады.

— Көптеген халықтардың барлығына тән ортақ дүние бар, бірақ сонымен бірге олардың бір-бірінен айырмашылығын танытатын бірегейлік те болады. Сіздің ойыңызша, этностардың құндылықтарының қалыптасуына қандай факторлар әсер етеді?

— Шынында да түрлі халықтарды ортақтастырып тұратын және оларды жақындастыратын дүниелер болады. Өйткені барлығына тән жалпыадамзаттық құндылықтар бар. Бұл Жаратушының ақыл-ой, сенім және ар-ождан арқылы адамдарға берген қасиеттері: мейірімділік, жанашырлық, аяушылық, ұят, ар-ождан, көмекке келуге дайын болу, моральдық және адамгершілік нормаларды ұстануға ұмтылу. Дей тұрғанмен бұл қасиеттер этностарда әртүрлі болуы мүмкін: біреуінде – күштірек, енді бірінде – әлсіздеу. Сонымен қатар сіз жөнімен атап өткендей, этнос этносты қайталамай әрі бірегей етіп жасайтындай айтарлықтай ерекшеліктері болады. Мысалы, Қазақстанда тұратын халықтардың ұлттық құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасқан.

Жалпы олардың мазмұнды бөлігіне бірқатар факторлар әсер етті, соның ішінде әлеуметтік-тарихи дамудың өзіндік ерекшелігі, өмір сүру ортасы, өмір салты, өркениеттілік деңгейі және тағы басқа да факторлар бар. Мысалы, Солтүстік Кавказ халықтары өткен ғасырдың ортасына дейін қатал тау жағдайында өмір сүрді. Әр күн ерлік жасағанмен бірдей еді. Әрі жеріне көз тіккен жаумен үнемі соғысуға тура келді. Осы жерде ерекше, қайталанбас менталдық: жауынгерлік, еркіндік үшін жан беруге дайындық, кейде қатаңдықпен шектесетін заңдар мен әдет-ғұрыптар жатыр.

Орысша болса да осы тұста Михаил Лермонтовтің мына өлең жолдарын мысалға келтіріп кеткім келеді: «И дики тех ущелий племена, Им бог – свобода, их закон – война... Там поразить врага не преступленье, Верна там дружба, но вернее мщенье…». Бұл кавказдықтарды сипаттауы: қанша уақыт өтіп, із суыса да, таулықтардың санасында көп дүние өзгерсе де, бабаларымыздың үні мәңгі сақталады.

Қазақ халқы туралы айтар болсам, қазақтардың ата-бабалары Ұлы даланың жаужүрек және еркін халқы болған. Олар ғасырлар бойы ат тұяғын тоздырып, Қытайдан Мысырға дейін үлкен кеңістікті шарлаған. Қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстана отырып, еркін қозғалатын ерекше өмір сүру ортасы болды. Әрі ол ортаға ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ еді. Сондықтан олар бөтен басқыншыларға батыл қарсылық көрсететін. Бәріміз білетіндей, қазақтар ең ауыр сын-қатерді XVIII ғасырда олардың жеріне қатыгез және жеңілмейтіндей көрінетін жоңғарлар басып кіргенде бастан кешірді. Бұл өмір мен өлімнің нағыз шайқасы еді. Халық оны «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атауы тегін емес. Қазақ батырлары өжеттілігі мен батылдығының арқасында жауға қарсы тойтарыс беріп, дұшпанына Аңырақай даласында тізе бүктірді.

Қазақтардың сан жылдық тарихында түрлі кезеңдер болды: қырғын қантөгіс бейбітшілік пен тыныштыққа ұласты. Осы факторлардың әсерінен олардың ұлттық құндылықтары қалыптасты. Бүгінде қазақ халқы – бұл толерантты, ақ пейілді, қонақжай халық. Бірақ сырттан қауіп төніп, қоқан-лоққы көрсетілсе, қайсар бабаларының рухы оянып, ерлігін танытады. Бұл тарихта бірнеше дәлелденген.    

Осы дала халқына әрдайым басқа тайпалармен ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортамен бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылу тән. Қазаққа берілген нышанды таңбалардың бірі – шеңбер. Ол ғаламның шексіздігі мен ұлылығын, өмір сүру кеңістігімен үйлесімде болу қажеттігін білдіреді. Бұл ең жақсы адами қасиеттердің барын байқатады.

Қазақтарға тән қасиеттерді ұзақ атауға болады, бірақ мен сонау балалық шағымда естіген қазақ жеріне жер аударылған бір ақылгөй шешеннің сөзімен жеткізгім келеді: «Мен қазақ халқы дәйім жұмаққа барады деп есептеймін. Олай айтуыма Құранда айтылған үш негіз бар: асқан шыдамдылық, асқан төзімділік және асқан берекелі дастарқан». Міне, осы үш негізгі қағидат бірегей дала этносының ұлттық құндылықтарының негізінде жатыр.

IMG_7905.jpg

— Айтпақшы, осы құндылықтардың арқасында халықтың негізгі ұстанымдары арқылы өткен ғасырдың 30-шы жылдары мен 40-шы жылдардың ортасына дейін этностардың Қазақстанға жер аударылуы кезеңінде ауыр зардаптан құтылуға қол жеткіздік деп айтуға болады...

— Өте дұрыс айтасыз. Бұл уақыттар қазақтар үшін нәубетті жылдар болды. Олар ғасырдың қасіретті қайғысы – 30-шы жылдардағы ашаршылықтан айықпай жатып, Екінші дүниежүзі соғысы басталды. Өздері қарапайым тілмен айтқанда ашты-тоқты өмір сүрді. Кедейшілік етек алып кетті. Осы тұста лег-легімен басқа ұлттарды алып келе бастайды. Оларға қарақшы, қылмыскер, сатқын деген қорлық таңбасы тағылып келген.

Бәрін бір «қазанға» тастайды. Психология, менталдылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы саналуан халықтар. Сталиндік режимнің есебі қарапайым еді: қазақ халқы бөтендерге агрессия танытып, күшті әлсізді жояды деген қағида. Иә, көздегендері осы еді. Алайда Иосиф Джугашвили мен оның қандықол жандайшаптары өзге халықтар да өздері сияқты қорқаулардың заңымен өмір сүреді деген ойымен жаңылысты. Бұл қиын сәтте қазақ халқы өздерінің тамаша қасиеттерін көрсетті: мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық, барымен бөлісу, көмек көрсету. Олар жер аударылып келгендерді жатсынбақ түгілі керісінше оларды бауырына басып, баспанасына күнелтіп, нанымен бөлісті. Сөйтіп бәріне өздерінің баршамен тату әрі келісімде өмір сүруге ұмтылатынын көрсетті. Танымал шешен ақыны Умар Ярычев айтқандай, оның ақындық қасиеті Қазақстанда қалыптасты, өзінің өлеңдерінің бірінде былай дейді: «Земля казахская, земля священная, ты в самый горький час делила с нами и хлеб, и материнское тепло». 

Біздің ортақ тарихымызды, тағдырымызды бағамдай келе, қазақ халқы мен ұлы далаға алғыс айтамыз. Бізге бір-бірімізге алғыс айту үшін көп ойланудың қажеті жоқ, сондай-ақ алғысты 1 наурыз – Алғыс айту күнінде ғана емес, барлық уақытта да айтқан абзал.

Егер біз бүгінде 130-дан астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде бір үлкен отбасы ретінде өмір сүретінімізді мақтанышпен айтатын болсақ, онда біздің әкелеріміз бен аталарымыздың баға жетпес еңбегі жатыр. Олар қазақ халқымен бірге ауыр сынақтардан өтіп, көптеген этнос өкілдерінің бүгінгі бауырлас қарым-қатынасының негізін қалап отыр.

— Бүгін біз жаһандану мен интеграциялық үдерістер, коммуникация құралдарының қарқынды дамуы ғасырында біздің ұлттық құндылықтарымызды, ата-бабаларымыздың рухани мұрасын сақтай алдық деп ойлайсыз ба?

— Сіз бен бізге белгілі құбылыс – бұл әлемде бәрі де өзгеріп отырады. Әлем үнемі жаңғырып тұрады. Сондықтан әрбір этностың құндылықтары да өзгеріске ұшырайды. Бұл – эволюция заңы. Бірі ұмытылып қалса, бірі сақталып қалады. Мысалы, қазақтарда ежелде тұрмысында болған «Бастаңғы», «Ат тергеу», «Шаш өру», «Иткөйлек», «Шүлен тарату» және басқа да көптеген жоралғылар ұмытылып кетті. Тіпті «қанға-қан, жанға-жан» қағидасы болатын еді ғой. Бұл Тәуке ханның тұсында шыққан «Жеті жарғы» заңында көрсетілген. Заман өте келе бұл заң өз күшін жойды. Ал тау халықтарында осы кезге дейін намысты қорғау үшін «жанға-жан» заңы сақталған. Шешендердің салт-дәстүрінде әлі күнге дейін күйеу жігіт өз үйлену тойында болмайды. Жалпы алғанда, бізге этностар ғасырлар бойы еніп, өздерінің негізгі құндылықтарын: мәдениетін, тілдерін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін сақтай алды деп санаймын. Осының арқасында біздің ұлттық кодымыз, ұлттық бірегейлігіміз сақталды. Мысалы, қазақ халқы өзінің бірегей рухани мұрасымен мақтана алады. Қазақтарда «қазақи» деген түйінді сөз бар. Бұл сөз қазақты қазақ ететін ұғымды танытады: сана, ойлау, менталитет, моральдық ұстаным, өмір салты, қоршаған болмысты қабылдау, тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және тағы да басқалары. Мұндай ұстанымды тоқтамай тізбектеп шығуға болады. Бастысы – ешкімге ұлттық кодты бұзуға жол бергізбеу. Өкінішке орай, мұндай қауіп бар.  

IMG_7917.jpg

— Қауіп туралы айтқан кезде сіз нені меңзедіңіз? Дүниежүзіндегі болып жатқан құбылыстарды ма?

— Мен жаһандану дәуірінде дүинежүзі халықтары әлемдік кеңістікке тығыз кірігіп отырғанда, рухани мұрамызға қауіп төнеді дер едім. Бұл біздің санамызға сырттан таңылатын жат құндылықтарымыздың теріс әсері туралы әңгіме. Әсіресе бұл мағынада интернет қауіпті. Жастар сағаттап әлеуметтік желілерде «тентіреп» отырғанда, олар жөке тәрізді «лас» ақпаратты сіңіре береді. Қатыгездік, зорлық-зомбылық, бассыздық – бәрі сол жерден келеді. Осындай «мидың жуылуы» нәтижесінде балаларда, атап айтқанда, бірте-бірте ұят, ар-ождан, намыс, абырой, қадір-қасиет, мейірімділік сияқты сезімдер басыла бастайды. Шынтуайтына келгенде, осының бәрін біз күнделікті өмірде көріп, байқап жүрміз.

Сонымен қатар үнемі интернетте отырып біраз жастар біртіндеп шынайы болмыстан арылып, айналадағы болып жатқан жағдайды объективті бағалауға қиналатын болып жүр. Көлемді ақпаратты сіңіріп, оны «қорытуға» үлгермей, ойлау қабілетін жоғалтады. Ал шынайы қарым-қатынас тапшылығы, көркем әдебиетті елемеу – сауатсыздыққа және тілдік дағдылардың жоғалуына алып келеді. Мұның бәрі рухани азуға, байырғы тамырынан айырылуға тікелей алып келетін жол.

Ащы да болса айтайын, әлеуметтік желіде кәнігі қысқа қайырып жауап беретін, сөзі шала, не басы жоқ, не аяғы жоқ сөйлемдерді жазатын жас ұрпақ өсіп келеді, сонымен бірге қазақша да, орысша да сөйлеуі сауатсыз. Ал біз ана тілін жоғалту – этникалық бірегейліктің барлық құрамдас бөліктерін, соның ішінде рухани-адамгершілік құндылықтарды жоғалту екенін жақсы білеміз.

— Біздің қоғам басқа қандай қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін? Дәлірек айтқанда сыртқы әсерлерден келетіні қайсысы? Егер олар бар болатын болса, онда біз олардан қорғана алатын иммунитетіміз бар ма?

— Ақыры сіз бұл сұрақты қойған болсаңыз, тағы бір өте ауыр тақырыпты қозғай кетейін. Иә, біз мықтымыз. Біздің мықтылығымыз руханилықта. Бірақ бізде бір өте әлсіз тұсымыз бар. Мен біздің аңғалдығымызды, сенгіштігімізді және жұмсақтығымызды айтамын. Мысалы, өз уақытында Америка БҰҰ арқылы бізге гендерлік теңдік қағидатын таңып қойды. Біз оны алдық та, талғаусыз «жұтып» қойдық. Бірақ Ұлы далада сан ғасырлар бойы өзіне тән бірегей гендерлік саясаты қалыптасып, әйел әрқашан лайықты орынға ие болған. Бұл саясат жоғары руханилық, мораль және адамгершілік қағидаттарына негізделген-ді. Жыныстардың әртүрлі физиологиялық ерекшеліктеріне және оларға табиғатпен жүктелген әртүрлі миссияларға қарамастан, гендерлік теңдік априори бола алмайтындығы жалпыға мәлім.

Нәтижесінде біздің қолымызда не бар? Әйелдер еркектерден асып түсіп, бір-бір көлік мініп алып, өзіне-өзі қожайын болды, үйдің берекесін келтіріп отыратын от анасы азайып барады. Жат қылықтарға ұрынып, зиянды заттарға құмартып алды. Рингтің төрт бұрышында бір-бірінің бетін «төртбұрыш» қылудан аянбайды. Бұлшық еттері шыққан атлеттер штангыларын шиіреді. Ал октагонда ашуға булыққан грэпплингисттер бір-бірін аяусыз ұрғыштап, бар әйел болмыстарын жоғалтқан. Нәтижесінде біз сұлу, талдырмаш, нәзік, кербез әйелдердің орнына ерге ұқсас жандарды көретін болып жүрміз. Ең сорақысы – әйелге ұқсас ерлерді де көретін күнге жеттік.

Бұл тек басы ғана. Гендерлік теңдік деп аталатын дүние біздің өмірімізге отыз жыл бұрын ең қорқынышты түсімізде көрмеген құбылыстарды көрсетіп жатыр. Өзінің қай жынысқа жататынын өзі білмей жүрген ғаріптер көбейді. Олар қоғамға кері әсерін тигізері анық. Тіпті өздерінің қауымдастығын құрып алған. Оны айтуға аузым да бармайды. Нақты кімдерді айтып отырғанымды атап айтпасам да, түсінікті шығар.

Хош делік, ең үрейлісі – біздің осыларды үнсіз бақылауымыз. Ештеңе болып жатпаған кейіп танытамыз. Сол себепті мен болашақта бізде де бір жынысты отбасылар құрылып жатса, түк таңғалмаймын. Сосын қыздырымыз бен ұлдарымыз кіммен отбасын құратынын біле алмай, дал болып жүреді.

Мұндай бассыздықтың мәресінде рухсыздық, барлық моральдік құндылықтар, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық бірегейлігіміздің жоғалуы күтетін болады. Сосын халық біртіндеп тұқымы мен әулеті жоқ қуыс кеуде болып қалады. Тоқтату керек осыны!

IMG_7911.jpg

— Өзіңіз айтып кеткендей, өкінішке орай, бүгінде жастар интернет деп аталатын «зиянды ақпараттың» ықпалымен біздің ұлттық құндылықтарымызды, моральдық және адамгершілік нормаларын біркелкі қабылдайды. Біз оның ортасында болатын теріс үрдістерді көріп отырмыз. Ережені түзету үшін қандай да бір амал бар ма?

— Иә, бұл жерде әбден ойлану керек. Бүгінде көптеген факторлардың ықпалымен балаларымыз, жасөспірімдеріміз, жалпы жастарымыз жай ғана өздерінің рухани-адамгершілік құндылығынан ажырап барады. Ана тілін білмейтін бала көбейді, тілін білмеген бала ұлттық құндылығын қайтіп білсін?! Олардың менталдығы, психикасы аса жақсы жаққа бейімделіп бара жатқан жоқ. Нәтижесінде олардың ақыл-ой, ішкі мәдениет, ұят, ар-ождан, үлкендерге құрмет, мейірімділік, аяушылық сияқты моральдық құндылықтары семіп қалатын сияқты көрінеді маған. Олардың орнына өзімшілдік, надандық, немқұрайлылық, көргенсіздік, қатыгездік, психикалық мазасыздық келетін болады.

Иә, мен біздің жастарымыздың барлығы сондай деуден аулақпын. Көпке топырақ шашпаймын. Қайта жоғары мәдениетті, талантты, білімді, тәрбиелі жастарды көргенде, өзім солар үшін қуанып, мақтан тұтамын. Дей тұрғанмен күрделі мәселелерді шешу керектігін ұмытпауымыз керек.

Әрине бұл жағдайда барлығын объективті факторларға, теріс сыртқы әсерге, сол интернетке жаба салуға болады. Иә, мұның бәрі сөзсіз орын алады. Бірақ менің бұлжымас пікірімше, ең алдымен ата-аналар және біз, үлкендер, жалпы қоғам кінәлі. Балалар жақсы немесе жаман болып туылмайды. Біз олардың осындай болуына ықпал етеміз. Барлығы тәрбиеге байланысты. Ал мұнда бізде проблемалардың тұтас түйіні бар. Жұмысбастылығын, уақыттың болмауын сылтаурайтын ата-аналар бұл үдерісті өз бетіне қоя береді. Сондықтан да біздің балаларды тәрбиелеумен кез-келген нәрсе айналысады: интернет, теледидар, көше, миссионерлер, қылмыстық және радикалдық қоғамдастықтар, айта берсе, толып жатыр. Ал біз өз бейқамдығымыздың ащы жемісін жинаған кезде ғана маңыздылығын ұғынамыз.

Не істеу керек? Бірінші кезекте отбасы институтын жаңғырту керек. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеуі үшін, тіпті жазалауға дейін жауапкершілігін заң жүзінде енгізу қажет. Жеке тұлғаны қалыптастыру негізі отбасынан басталатынын естен шығармаған жөн: бесік жырынан және баланың алғашқы қадам басқанынан бастап. Дәл осы кезден жоғары моральдық-адамгершілік құндылықтарды, Отанға деген сүйіспеншілікті, үлкендерге сый-құрмет көрсете білуді үйрете беру керек. Барлық бүгінгі сын-қатерлерге, теріс үдерістерге, бізге сырттан таңылатын құндылықтарға қарсы тәрбиенің қуатты идеологиясын құрып, тізбектеп жеке тұлғаны қалыптастыру қажет: отбасы – мектеп – жоғары оқу орны – еңбек ұжымы – қоғам. Әрі бұл идеология біздің рухани-адамгершілік құндылықтарымызға, біздің салт-дәстүрімізге негізделуі тиіс. Бұл жерде вакуум болмауы керек, өйткені әрқашан өз догмаларымен толтыруға ұмтылатын адамдарға орын табылуы керек.

— Ал жастарды тәрбиелеудің қандай қағидаларын, оның ішінде отбасында, қоғамда ұстануымыз керек?

— Кең мағынада тәрбие – бұл тәрбиеленушіге берілген қасиеттерді сіңіру мақсатында жақсы ұйымдастырылған, жүйелі, мақсатты әсер етуді білдіреді. Біздің тәрбие беру тұжырымдамамыз рухани бай, адамгершілігі жоғары, білімді, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Ал енді тәрбиенің негізінде гуманизм, руханият, демократия, патриотизм, бәсекеге қабілеттілік, төзімділік және басқа да қағидаттар жатыр. Сондай-ақ біздің қазақстандық ерекшелігімізді, қоғамның көпэтностылығын ескере отырып, толеранттылық, бейбітшілік сүйгіштік, альтруизм, гуманизм, бірыңғай бірегейлік пен билингвизм қағидалары да аса маңызды. Осының барлығының түсіну бізге, 130-дан астам этнос өкілдеріне бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге мүмкіндік береді.

— Атсалим Саламұлы, Сіз біздің қоғамымыздың көптеген маңызды сәттері бойынша өз ұстанымыңызды айқын белгілеп бердіңіз. Ал сіз өзіңіз қандай құндылықтардың негізінде тәрбиелендіңіз? Жалпы сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

— Мен көпбалалы отбасында туып-өстім. Ата-анамыз бізді, он баланы ел қатарлы тәрбиелеп, өсірді.

60-шы, 70-ші жылдар қиын кезеңдері еді. Жарарлықтай киіну, тамақтану, ең болмағанда азды-көпті игіліктеріміз болу үшін бәріміз – үлкені де, кішісі де таңертеңнен кешке дейін жұмыс істедік. Осы атмосферада ата-анамыз бізге еңбекқорлықты, жауапкершілікті және мақсатқа ұмтылушылықты үйретті. Сондықтан отбасында өзімізге жетерліктей молшылық болды. Көршілерге де көмектесіп тұратынбыз. Қатаң тәртіпте тәрбиелендік. Жалпы қабылданған моральдық нормаларды, әдет-ғұрыптарды, дәстүрлерді сақтау, үлкендерге құрмет, өзара көмек көрсету – осының барлығы біздің тәрбиенің құраушысы еді.

Әкем Саламнан маған табандылық, ашықтық, әділдік, абырой, адамгершілік сияқты қадір-қасиеттер дарыса, анам Халипаттан мейірімділік, жанашырлық, өмірге құштарлық, айналасындағыларға толерантты қатынаспен қарау қасиеті дарыған. Олар бізге тек шешендердің рухани құндылықтарына ғана емес, қазақ тіліне, мәдениетіне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікке де баулыды. Бұл үшін оларды ауылда барлығы құрметтеп, бағалады. Мысалы, әкем қайтыс болғаннан кейін 1997 жылы ауылдастар ең үлкен көшені оның құрметіне атымен атады. Міне, бұл нағыз адами қарым-қатынас. Кім қай ру немесе ұлттан екені маңызды емес. Маңыздысы – сый, құрмет.

Жеке өзіме келетін болсақ, мен уақытында ата-анам, мұғалімдер мен тәлімгерлер жетекшілік еткен жарқын жолмен өмір сүріп келемін. Өз іс-әрекеттерімде ақыл-ойды, сенім мен ар-ожданды басшылыққа алуға тырысамын. Ал басты қағидаларым – «Адал өмір сүр. Әділ бол. Күшіңе қарай құндылықтарды құр. Кейін соныңнан жағымсыз пікірде қарамайтындай, өмір бойы түзу жолмен жүр». Өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Өмір сүрген жылдарға көз жүгіртсем, мынаны айтар едім: Жаратушының да, адамның да алдында арым таза.

IMG_7913.jpg

— Біздің мемлекетіміз көпұлтты екенін білесіз, сондықтан сөз соңында біз үшін басты біріктіруші және шоғырландырушы факторды атауыңызды сұраймын.

— Тәуелсіздік алғалы біздің жерімізде бейбітшілік, тыныштық пен келісім сақталып келеді. Көп жағдайда бұл Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың дана ұлттық саясатының және ол басқаратын Ассамблеяның арқасында екені сөзсіз. Барлық этностар үшін өз тілдерін, әдет-ғұрпын, дәстүрлерін дамытып, мәдени құндылықтарды сақтай алуы үшін тамаша жағдай жасалған. Бізде бұрыннан этносаралық және конфессияаралық төзімділіктің бірегей үлгісі тиімді жұмыс істейді. Қоғамда бейбітшілік пен келісімнің арқасында Қазақстан өмірдің барлық салаларында әсерлі табыстарға қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болды. Бірақ бұл жерде жеткен жетістіктеріне риза болып, соның көлеңкесінде өмір сүріп, жайбырақат жүре беруге болмайтынын әрдайым естен шығармау керек.

Ұлттық саясат пен этносаралық қатынас – бұл өте нәзік және сақтықты талап ететін сала. Мұнда үзіліс пен жүйесіздік орын алмауы керек. Қайта келісімді нығайтудың, қоғамды біріктірудің жаңа нысандары мен әдістерін іздестіруге бағытталған үздіксіз жұмыс жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты бір оймен бөліскім келеді. Бізде көпэтностылыққа байланысты көптеген сәйкестілік бар. Олардың негізгілері – этникалық, діни, тілдік. Бірақ бүгінгі күні бізге ортақ, қалтықсыз біріктіруші бірегейлік қажет. Менің ойымша, мұндай рухани сәйкестік болуы да мүмкін. Ал оны қалыптастыру үшін барлық этнос өкілдері қазақ ортасына барынша бейімделіп, қазақилықты бойына әбден сіңіруі қажет. Өзін қазақпын деп қабылдауы тиіс. Ал бұл дегеніміз, біздің барлығымыз ұлттық құндылықтарымызбен тең қазақ тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өмір салтын, менталитетін, сол халықтың жан-дүниесін білуіміз керек. Бұл бізді одан әрі біріктіретін, жақындастыратын күштің факторы болады.

IMG_8060.jpg

— Тұшымды әңгімеңізге рақмет, журналистердің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сізге толағай шығармашылық табыс тілеймін және марапатыңыз құтты болсын!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.