Ассамблея народа Казахстана

18 Июля, 2018

4116

Мая Веронская: «Мемлекеттік тілді білу — біздің міндетіміз»

Көгілдір экран алдынан шықпайтын немесе соңғы жылдары қанат жая бастаған қазақ кинотуындыларын тамашалайтын қауым арасында тілімізді жетік меңгерген, сүйкімді Мая Веронскаяны білмейтіндері кем де кем. Кейбір қандас бауырларымыз ана сүтімен дарыған қасиетті ана тілін әлі күнге түрлі сылтау айтып, үйрене алмай жүрсе, Мая оны жетік  меңгеріп, өмірде өз кәдесіне жаратып жүрген өзге ұлттың қызы. Ол өз болашағын да қазақ тілімен байланыстырады. Біз тележүргізуші, журналист және актриса Маяға бірнеше сауал қойып, пікірлескен едік. 

 — Өзіңіздің өскен ортаңыз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

 — Мен Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйде біз төрт ағайындымыз.  Мен үйдің кенжесімін. Менен үлкен ағам және қос әпкем бар. Ата-анам бізді жастайымыздан спортқа баулыды. Оқуымызға да үлкен мән берген. Әкем аудармашы, анам дәрігер. Бірақ, анамыз үйдің берекесін сақтап, балаларға қарап, үйде отырды.

 — Қазақ тілін жетік меңгеруіңізге ықпал еткен қандай жағдай, ата-ана тәрбиесі ме әлде өскен ортаңыздың әсері болды ма?

 — Бесінші сыныпқа дейін мен орыс мектебінде оқыдым. Одан кейін әкем мені Шоқан Уәлиханов атындағы нөмірі 12-ші қазақ орта мектебіне алып барды. Сөйтіп, 5-ші сыныптан бастап мен қазақша оқи бастадым. Әкем өте көреген адам еді. Сол кезде еліміз енді тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болатын. Әкем «мемлекеттік тілді білгені қызымның болашағына көмектеседі» деп, сол кезде-ақ түсінді.

 — Кез келген адамға қанша тілді білсе де артықтық етпейді. Өмірбақи Ресейдің Мурманскі қаласында өсіп, Әскери трибуналда қызмет атқарған бір азаматтың Қазақстанға қоныс аударып, айналдырған екі жыл ішінде қазақ тілін меңгеріп алғандығынан хабардармыз. Ал, кейбіреулер, бұл орта жастағы өзге ұлт өкілдеріне қатысты, «біз тіл үйренетін мезгілден өтіп кеттік» деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз, шын мәнінде тіл үйрену қиын ба?

 — Мен өзгелерге сын айтудан аулақпын. Әр адамның қабілеті әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер кез келген тілді тез арада меңгеріп шығады, енді біреулер қанша оқыса да меңгере алмай жүр. Тілді меңгеру үшін, ең біріншіден, адам оның қандай қажеттілігі бар екенін түсіне білуі керек. Ынта қажет. Ынта болмаса, онда ешқандай нәтиже шықпайды.

Тағы мынадай екінші мәселе бар. Тілді қаншалықты деңгейде меңгере аласыз? Кейбір адамға қолданыста 500 сөз болса, соның өзі жеткілікті. Ал, мен қазақ тілін меңгеруге бүкіл саналы өмірімді арнадым деп айта аламын. Мектепті қазақша бітірдім. Университетте «Қазақ филологиясы» факультетінде оқыдым. Одан кейінгі жылдары тек қазақ редакцияларында қызмет етіп келемін. Менің жүргізіп жүрген бағдарламаларым қазақша. Бар өмірім қазақ тілімен тікелей байланысты. Солай бола тұра, мен әлі күнге дейін «қазақ тілін меңгеріп шықтым!» деп айта алмаймын. Білмейтінім өте көп. Айтарым, тілді меңгеруге болады. Қосымша тіл білу біздің миымызға пайдалы. Мемлекеттік тілді білу — ол біздің міндетіміз.

 — Өзге мемлекеттің тілін меңгеру қажеттілік пе, әлде күн-көріс үшін қажет пе? Жеке көзқарасыңыз қандай?

 — Әр кезде әрқалай болады. Біреулер, жер аударып, басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға барады. Ондай жағдайда қажеттілік деп атағанымыз дұрыс. Біреудің қызметі халықаралық байланыстардан тұрады. Ол күн-көріс қамы. Енді біреулер жай ғана өзге тілді ұнатып, оқуға кіріседі. Мысалы, менің жиі естігенім, француз немесе испан тілдері әдемі деп жатады. Және көп ұзамай бос уақыттарын соған арнайды. Қосымша тілді меңгеріп шыққан адамның алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылатыны белгілі. Ол жаңа белестерді бағындыруға көмектесетін бірден бір құрал.

 — Билік басындағы орыс тілді азаматтар, оның ішінде халық қалаулылары да бар, «жастайымыздан орысша оқып, білім алдық, біз үйрене алмаймыз» деп ақталады. Сіздіңше, бұл заңдылық па, жоқ, әлде сылтау ма?

 — Мен өзгелерге сын айтудан аулақпын. Меніңше, қазір барлық жерлестеріміз қазақ тілінің маңыздылығын түсініп, оқуға тырысады. Ал, әлі күнге дейін сөйлей алмайтындар өкініп жүр.

 — Отбасыңызда өзіңізден басқа қазақ тілінде жетік сөйлейтін тағы кім бар. Кейде өзге ұлттың тілін біліп, әдет-ғұрпын ұстау діни нанымы бөлек адамдардың арасында түрлі қарама-қайшылықтар туындатып жатады деген пікірлер бар, шын мәнінде солай ма?

 — Үйдегілердің ішінде қазақ тілін ең жетік меңгергені менмін. Әкем ағылшын, неміс және басқа батыс тілдерінің маманы. Алайда, ол түркі тілдерінен арнайы білім алмаса да, жеке өзінің қызығушылығының арқасында біраз нәрсені біліп алды. Оқу барысында маған да көп көмектесті. Лингвист ретінде тілдің заңдылықтарын жақсы білген.

Сұрақтың екінші жартысына келер болсақ, мен ешқашан қарама-қайшылықтарды көрген жоқпын. Қазақ халқының мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына, барлық дәстүрлерге қашан да құрметпен қараймын. Менің жанымда жүрген қазақтардың тарапынан да еш түсініспеушіліктер болмаған. Барлығы маған риза, бәрі баталарын беріп жатыр.

 — Ата Заңымыздың 7-бабында қазақ тілінің — мемлекеттік тіл, орыс тілінің ресми тіл екендігі бекітілген. Соған қарамастан, мемлекеттік тілге деген ықылас, өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, қазақтардың өзінде төмен. Оның себебін  неде деп ойлайсыз?

 — Меніңше, ол қате пікір. Өйткені, мен әлеуметтік желілер арқылы күніге он шақты сауалдар алып тұрамын, барлық адамдардың білгісі келетіні бір  —   «қазақ тілін қалай меңгердің?». Олардың қазақ тіліне деген ықыласы өте жоғары. Көптеген курстар, неше түрлі клубтар жұмыс жасап жатыр. Жаңа кітаптар шығу үстінде. Таныстарымыздың арасында да ата-аналардың әңгімелері осы тақырыпта болып жатады.

 — Әлемде қолданыстан шығып, өліге айналған тілдер аз емес. Қазақ тілі соның кебін киеді деп ойламайсыз ба?

 — Жоқ, мен олай ойламаймын. Қазақ тілінің болашағы жарқын! Қазақстан тәуелсіз мемлекет, өзінің халқы, кең байтақ жері бар. Елімізде қазақ тілінің мәртебесі ерекше, ол — мемлекеттік тіл. Халқымыздың саны 17 миллион. Бұл аз көрсеткіш емес. Ал, өліге айналған тілдерде көп жағдайда небәрі 100-200 адамдай ғана сөйлейді.   

 — Қазақ тілінде сөйлегеніңізге жолдасыңыз бен балаларыңыз және туған-туысқандарыңыз қалай қарайды?

 — Менің қазақша білгенімді кемшілік деп санайтын бірде-бір адамды әлі күнге кездестірген емеспін. Керісінше, бәрі оны артықшылық деп біледі. Маған қызғана қарайды. Басқаларға үлгі ретінде келтіреді.

 — Аралас некеге қалай қарайсыз? Көптеген адамдар аралас некені құптамайды, сіздің көзқарасыңыз қандай? Ондай отбасыларының арасында ұлт мәселесіне байланысты түрлі келіспеушіліктердің орын алуы мүмкін бе?

— «Махаббат ұлтқа қарамайды» деген сөзді естідім. Бірақ, бұл отбасын құрып жатқан ғашықтардың барлығы да әртүрлі ұлттардан болу керек деген сөз емес. Әркімнің жолы бөлек болады. Екі жастың арасындағы сезім шынайы болса, олар барлық қиындықтарды жеңе алады деп ойлаймын. Өйткені, аралас некенің өзіндік ерекшеліктері бар екені бәрімізге түсінікті. Бұл жерде, алдымен, дін мәселесі шығады. Балалар қандай дінді ұстанады? Ақылды әйел еріне жол береді. Есім беру мәселелері, қандай салттарды ұстану қажет? Осының бәрін ақылдасып, бірге шешуге болады. Рине, егер жүректерінде шынайы сезім болса ғана. Ал, махаббат болмаса, сыйластық болмаса, ұлты бір болса да, ажыраспайтындарына ешкім кепілдік бере алмас. 

 — Бала тәрбиесінде ақ сүтін беріп асыраған ана тәрбиесінің ықпалы, әсері көп болады дейді. Келешекте ұлыңыз өзге ұлттан келін түсіріп, қызыңыз басқа ұлтқа күйеуге тиемін десе, құптайсыз ба?

Мен әлі жаспын ғой, болашақта қандай ене болатынымды өзім де білмеймін. Жаратушы маған ақыл мен шыдамдылық берсе екен деп тілеймін. Балаларымның өмірлеріне араласпаған дұрыс деп ойлаймын. Өмірдің негізгі шешімдерін өздері қабылдасын. Тек менен ақыл сұрап келген жағдайда ғана араласармын.

— Әңгімеңізге рахмет.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.