Ассамблея народа Казахстана

04 Января, 2019

7642

Медиация – қоғамдық келісімді нығайтуға арналған бірегей құрал

Қазақстанда медиация институты дамып келеді. Медиаторлардың көмегіне жүгіну арқылы соталды дау-жанжалдарды шешу тәсілі біртіндеп қалыптасуда.

Медиацияның қоғамдағы орны айрықша. Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде медиация кабинеттері ашылып, арнайы мамандар даярлануда.

Күні кеше Астана қаласының №53 мектеп-лицейінде медиация кабинеті ашылғаны туралы құлағдар еткен болатынбыз. Осы орайда кабинет ашу идеясына бастамашы болған Астана қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестік төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор (АҚШ, Нью-Йорк) Шерзод Пулатовпен кәсіби медиацияның мән-жайы туралы сұхбаттасқан болатынбыз.

— Шерзод Аббозұлы, кәсіби медиатор мен қоғамдық медиатордың айырмашылығын атап өтсеңіз.

— Кәсіби медиатор – бұл екі тарап арасындағы жанжалды шешу жағдайын қамтамасыз ететін тәуелсіз делдал. Ал қоғамдық медиатор – бұл халық арасында беделді, жалпы, арнайы курстан өткен қоғамдағы дауларды шешетін тұлға.

Екеуі де бір бағытта жұмыс істегенімен, кәсіби медиатор дауларды кәсіби деңгейде шешу жолын қарастырады және барлық деңгейдегі мәселелерге қатысты сұрақтарды шешеді. Ал қоғамдық медиатор нақты бір деңгейдегі дауларға араласа алады.

— Медиация институты туралы қалыптасқан пікіріңізді біле отырсақ.

— Сөзсіз, медиация институты бүгінгі таңда бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықта жанжалдарды шешудің баламалы құралы болып табылады. Бұл дауды шешу әдісі түрлі елдерде кеңінен қолданылады, тіпті кейбірлерінде медиацияны қолдану тәжірибесі жарты ғасырдан асады.

Медиация термині көптеген адамдар үшін жаңа түсінік болып табылады, ғалымдар медиация принциптерін зерттеу кезінде оны өз елдеріндегі тарихи институттармен жиі салыстырады.

Қазақстанның ғылыми қоғамдастығы да бұдан тысқары емес.  Әріптестерім медиация институтын бұрыннан қолданғанымызды айта келе, «билер» институтын жиі мысалға келтіреді.

— Медиация «билер» институына ұқсас па? Әлде сот жүйесіне жақындау ма?

— Біздің ғылыми Қауымдастығымыздың пікірлеріне үлкен құрмет көрсете отырып, өзімнің жеке зеттеуімдегі медиация үдерісінде қолданылатын әдістер мен қағидаттарды егжей-тегжейлі ескере отырып, келесіні айтқым келеді: кейбір медиация құралдары бар болғанымен, кешегі «билер» институты бүгінгі сот жүйесімен әлдеқайда ұқсас деп санаймын. Аталған институттардың мақсаты дау-дамайды шешу болып табылатынына қарамастан, оларды шешу тәсілдері түбегейлі ерекшеленетінін атап өту қажет.

Яғни, сотқа «билер» институты сияқты билік өкілеттігі берілген, орындаушылық сипатқа ие, ал медиатордың биліктік өкілеттіктері жоқ және тек екі жақты шешім шығаруға ықпал етеді, дауласушы тараптар арасындағы көпір болып табылады.

— Медиация мен сот шешімінің нәтижесінде айырмашылық бар. Сол жағы қалай реттеледі?

— Менің назар аударғым келетін аспект – медиация рәсімі аяқталғаннан кейін қақтығысушы тараптар әдетте жақсы қарым-қатынаста қалады. Медиация рәсімінің нәтижелері бойынша тараптар медиатор арқылы араларында пайда болған дауды шешеді.

Сот шешімі мен «билер» шешімі орындалуға міндетті болып табылады және көптеген жағдайларда тараптардың бірі шешімге қанағаттандырылмаған болып қалады.

Бұл жағдай бізге кәсіби және қоғамдық медиаторларға, әсіресе осы саладағы жаттықтырушыларға медиация қағидаттарын егжей-тегжейлі түсіндіру бойынша белсенді әрі кеңірек жұмыс істеу қажет екенін білдіреді. Ересектермен жұмыс жүргізе отырып, жастардың, біздің болашақ ұрпақтың хабардар болуына ерекше назар аудару қажет екеніне сілтеме болады.

— Медиация білім беру жүйесіне енгізіліп жатыр екен. Сол жайлы айтып өтсеңіз.

Медиация институты білім беру жүйесіне енгізіліп жатқаны қуантады. Мектептерде медиация кабинеттері құрылып, медиаторлар сол жерлерде туындаған дау-дамайларды шешіп отыр. Дегенмен де мына жайтты ескерген жөн, медиация қағидаттарын терең үйретпей, болашақ ұрпақты тәрбиелеу қиындау болады. Олардың сот процестеріне қарағанда медиация рәсіміне жүгіне білу түсініктерін қалыптастыру керек.

— Кәсіби медиатор ретінде ұсыныстарыңыз қалыптасқан болар?

— Дұрыс айтасыз, бірнеше ұсыныстарым көкейімде жүр. Тіпті бұл туралы медиаторлардың жиындарында айтып та жүрмін.

Менің ұсынысым, біріншіден, мектептің білім беру бағдарламасына медиацияны жеке пән ретінде енгізу керек. Онда жанжалдардың пайда болу себептерін оқыту арқылы, медиацияны пайдалана отырып жанжалды шешу тәсілдерін үйренуге болатын еді.

Екінші, жоғары тәжірибесі бар елдердің мысалында «Медиация туралы» заңды орындау бойынша атқарушы, бақылаушы және үйлестіруші институт болып табылатын медиация мәселелері жөніндегі уәкілетті орган құру керек.

Үшіншіден, медиатор қызметіне ақы төлеу мәселесін қарастыру керек, негізінде адвокаттық қызметке теңестірілгені дұрыс.

Төртіншіден, заң және құқықтану оқытылатын жоғары оқу орындарында оқу бағдарламасына конфликтология негіздері мен дауларды шешудің баламалы әдістері – медиация пәнін енгізу қажет.

Бесінші, биылғы жылы Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланғанын ескере отырып, жас кәсіби және қоғамдық медиаторларды даярлау мақсатында жастар үшін арнайы көп деңгейлі курстар ұйымдастыру орынды деп санаймын.

— Медиация қандай салада қолданылады?

Медиация отбасы дауы, бизнес, ұжымдық, азаматтық, еңбек дауларында қолданылады.

Медиация адамның құқықтары мен бостандықтарына және өзіне деген құрметін арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалыптастыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік, өзге де қайшылықтарды, қақтығыстар мен дауларды сындарлы диалог арқылы шешуге бағытталған бірегей құрал.

— Әңгімеңізге рақмет.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.