Қостанай облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 10 жыл бойы балалар үйіне қамқорлық жасап келеді

Қостанай облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 10 жыл бойы балалар үйіне қамқорлық жасап келеді

Қостанай облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері «Дельфин» балалар үйіне қайырымдылық көмек көрсетті.

Бірлестік 10 жылдан астам уақыт бойы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасап келеді, қайырымдылық іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар балдырғандарды дәрі-дәрмектермен, медициналық жабдықтармен, ойыншықтармен қамтамасыз етуге тырысады. Биыл оларға 300 жаялықшаны тарту етті.

«Балалар үйіне келгенде бүлдіршіндердің балдай сөздерін естіп, тәтті қылықтарын, алғашқы қадамдарын көріп қуанамыз. Сәбилердің жаутаңдаған жанарына қарап, олардың мұндай тағдырға лайық еместігін түсініп, мұңаямыз. Адамдар өз баласынан қалай ғана бас тартады екен? Ата-анасына қажет болмау бала үшін қайғы емес пе? Баланың шат күлкісіне ештеңе жетпейді, сондықтан, мұнда келуге асығамыз», - дейді төраға орынбасары Таус Хайдукаева.

Шешен-ингуш бірлестігі балаларға 1 маусым қарсаңында ғана емес, ай сайын көмектесіп тұрады. Бірақ мұнымен еш мақтанбайды. «Оң қолыңмен жасаған жақсылығыңды сол қолың білмесің» деген қағиданы ұстанады. Ең бастысы, игі істер балаларға пайдасын тигізсе болғаны.

«Қазіргі таңда балалар үйінде 40 бала тәрбиеленуде. Бірінші жартыжылдықта ғана 13 бала асыранып алды. Соңғы уақытта тастанды балалардың саны азайып келеді, бұл үлкен жетістік», - дейді мекеме директоры Өмірбек Байкенов.

«Балалар үйінің қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Олардың жұмысы қызыққа толы, бірақ, оңай емес. Оларға шыдамдылық пен денсаулық тілеймін. Біз әрдайым көмектесуге дайынбыз», - деді өз кезегінде Таус Сұлтанқызы.

Возврат к списку