Ассамблея народа Казахстана

5578

Роза Пак: Жолдау нақтылығымен ерекшеленді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын барша Қазақстан халқымен бірге корей этносының өкілдері де ықыласпен қабылдады.

Президент өзінің Сайлауалды бағдарламасында айтылған межелердің орындалатынын қадап тұрып айтуы жұртшылықтың көңілінен шықты.

Бір сөзбен айтқанда, Жолдау өзіндік нақтылығымен, ұғынықтылығымен ерекшеленді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған құжатта әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған қазақстандықтардың жағдайын жақсартудың нақты міндеттері айқындалды.

Осыған дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы болып табылатын бұл жолғы Жолдау ұстаздар мен мәдениет саласы қызметкерлеріне ерекше екпін берді.

Қ. Тоқаев мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту жайына кеңінен тоқтала келіп, бағаның өсуіне сын айтты. Жергілікті билік қызметінің тиімділігін тікелей бағалау бастамасын көтерді.

Біз осы Жолдау міндеттері орындалып, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, баспана мәселесін шешу сынды тегеурінді басымдықтар жүзеге асқан жағдайда елдің тұрмысы түзеліп, жағдайымыздың жақсаратынына сенеміз.

Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Ендеше қуатты Қазақстанды бірге құрып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жемісті жұмыс істеп, ерінбей еңбектенейік.

Роза Пак,

Шымкент қалалық корей

этномәдени бірлестігінің төрайымы

Возврат к списку