Ассамблея народа Казахстана

«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы мен бір апталық «Тіл мектебі» 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ақпан айынан бастап қараша айына дейін созылатын жыл сайынғы «Мың бала» жобасы аясында 2019 жылы республика бойынша 6 іс-шара ұйымдастырылды:

1. Этнос өкілдерінің балалары мен жастарына қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламаларын дайындау бойынша «Тіл мектебі»;

2. «Асыл сөз» мектебі – шешендік өнердің негіздеріне баулитын және қарым-қатынас шеберлігін шыңдайтын тиімді курстар мен коммуникативтік тренингтер;

3. Латын графикасы бойынша «Sende bir kirpish dúnіege...» шығармашылық конкурсы;

4. «Тиімді тілдік орта» ойын алаңы – демалыспен ұштастырылған қазақ тілін оқыту алаңдары, ұлттық және спорттық ойындар, байқаулар өткізу;

5. Әлеуметтік желілерде «Ózіm týraly» (латын графикасы пайдаланылады, тілі - қазақ тілі) акциясы: әлеуметтік желілердегі (инстаграм, фейсбук) жеке парақшаларына #ózim týraly хештегін пайдалана отырып, жарияланым жасаған түрлі этностардың балалары мен жасөспірімдері арасында ұйымдастырылады;

6. «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі шеңберінде латын графикасын қолдана отырып, барлық өңірлерде өтетін жалпықазақстандық диктант.

Мақсат – мемлекеттік тілді үйрету арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Қазақ әліпбиінің латын графикасын дамыту.

Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-лерінің мәліметтеріне сүйенсек, ҚХА-ның 2019 жылғы 15 ақпан мен 15 қараша аралығында Қазақстанның барлық өңірінде өткен мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында жыл бойы 24870 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 383 мың 690 бала тартылды. Нәтижесінде, осы жылы жоба 73 мың 472 баланың мемлекеттік тілді сапалы түрде оқуына және меңгеруіне ықпал етті. Жобаны алғаш қолға алған 2015 жылда мемлекеттік тілді 44 497 бала меңгерсе, қазірге таңда бұл көрсеткіш 2 есеге көбейген.

Осы жылы аталған жоба шеңберінде латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі қолданылып, қазақ тілінде өткен жалпықазақстандық ашық диктантқа барлығы 523 724 адам қатысты. Өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2016 жылы – 140989 адам, 2018 жылы – 395549 адам қатысты.

Жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған жалпықазақстандық ашық диктанттың биылғы ерекшелігі – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қолдануында.