Қазақстан халқы Ассамблеясы

ҚХА жанындағы Аналар кеңесі

Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі кеңесші орган болып табылады. Бүгінгі таңда еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық Аналар кеңестері жұмыс істейді. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 105-і құрылды және белсенді жұмыс жасауда, кәсіпорындарда 33 Аналар кеңесі бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі №149 Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттіктері бекітілген Ассамблея туралы ереже бекітілді.

2013 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты XX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев халықтың барлық жіктерінің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен қоғамдық келісім кеңестерін қалыптастыру тапсырылды.

Елде қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңестері құрыла бастады.

Аналар кеңесінің I республикалық форумы 2014 жылғы 13-14 қарашада Нұр Сұлтанда өтті.

Форумның негізгі тақырыбы көпұлтты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды, ал көптеген көзқарастар мен идеялар отбасы ортасында тәрбиеленетінін ескере отырып, отбасындағы толеранттылық мәселесі болды.

Форумға қатысушылар – еліміздің барлық Аналар кеңесінің өкілдері осы мәселелер туралы жақсы біледі, олар аналар мен жас қыздармен рухани-адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеудегі отбасының рөлі туралы, қазақстандық патриотизм мен этносаралық толеранттылықты тәрбиелеудегі ананың рөлі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Іс-шараға мемлекеттік құрылымдар, ҮЕҰ өкілдері, көп балалы аналар қатысты. Кездесу аясында кәсіби жаттықтырушылар мен сарапшылар тренингтер өткізді.

Форум өткізу кезінде республикада облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 210 аналар кеңесі жұмыс істеді. Олардың өкілдері отбасындағы үйлесімді қарым-қатынас, бала тәрбиелеу, әйелдердің денсаулық жағдайы мен құқықтарын қорғау мәселелерімен байланысты мәселелерді шешуге қатысады.

ҚХА Аналар кеңесінің II Республикалық кеңесі 2015 жылғы 26 қазанда Нұр Сұлтан қаласында өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҚХА өңірлік аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты. Жыл ішінде республика бойынша Аналар кеңесінің саны 823-ке дейін өсті.

Отырыстың мақсаты – қазақстандық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті нығайту мен дамытудың іргетасы ретінде отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайту. Кеңес отырысы барысында «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы ҚХА Аналар кеңестерінің рөлі» мәселесі қаралып, «Жақсы отбасы – табысты адам»: «Өзара қарым-қатынас ғылымы», «Ұрпақтар дағдарысы: үлкендер, қатарластар, жас буын арасындағы қарым-қатынас», «Әйел денсаулығы – ұлт денсаулығы» шеберлік сабақтары болды.

Форум аясында «Мейірімділіктен – бірлікке» әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

2016 жылғы 28-29 тамызда Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ІІІ республикалық кеңесі Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың Конституция залында өтті.

Отырыста қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы Аналар кеңесінің рөлі талқыланды.

Аналар кеңесінің филиалдары ауылдық, аудандық және қалалық деңгейде белсенді жұмыс істейді. Кеңестің басты міндеті – отбасы және ана болу институттарын нығайту. Ол үшін қатысушылар медиаторлар қызметін атқарады, жас жұптармен кездеседі. Егер материалдық көмек көрсету қажет болса, Кеңес оған да көмектеседі.

Форумда маңызды қоғамдық мәселелер көтерілді. Жиын қорытындысы бойынша көптеген қазақстандық отбасыларға болашақта қиындықтарды жеңуге мүмкіндік беретін ұсынымдар әзірленді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының IV Республикалық аналар кеңесі 2017 жылғы 6 қазанда Шымкент қаласындағы Халықтар достығының қазақстандық инженерлік-педагогикалық университетінің ғимаратында өтті.

Күн тәртібінде: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы. Форум жұмысына ҚХА төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Д.Қ. Мыңбай және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Қ. Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА медиация кеңесінің төрағасы Б.Ж. Әбдірайым, мемлекеттік органдардың, судьялар, адвокаттар, нотариустар қоғамдық ұйымдарының өкілдері, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, ҚХА өңірлік орталықтары мен медиация кабинеттерінің басшылары қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Шығармашыл әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Ә.Ү. Хайруллина, Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі С.П. Тұрсынбекова және тележүргізуші Л. Сұлтанқызы өз баяндамаларында отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді механизмін қалыптастыру және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту мәселелерін көтерді.

Форум қатысушылары «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасалмайтын Қазақстан» жобасын іске асыру шеңберінде медиация институтын пайдалануға байланысты мәселелерді, сондай-ақ қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі қоғамдық медиаторлардың рөлін, өңірлердегі медиация кабинеттері қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің V кеңейтілген отырысы 2018 жылғы 29-30 қазанда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыстары мен өмір сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде Талдықорған қаласында өтті.

Жалпы мәдени код, бірыңғай құндылықтар және этникалық қатыстылығына қарамастан барлық қазақстандықтардың жалпыұлттық тарихи санасы негізінде халық бірлігін нығайту мәселелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Қазақтану» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі міндеттері талқыланды.

Форумның екінші күнінде Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қызметі қаралып, секциялық отырыстар мен тренингтер өткізілді.

Форум аясында «Қазақтану» жобасы бойынша Алматы облысының тумасы, жазушы, ақын Сәуле Досжанованың жерлестерімен шығармашылық кездесуі өтті.

Жастар әрқашан табысты адамдардан үлгі алады. Сондықтан аналар форумы аясында жыл сайын ежелгі дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында «Төркіндеу» өткізу, ал жас қыздардың назарын отбасын құрған, балаларды тәрбиелеу мен тұлғалық өсуді табысты ұштастырған аға буын – жерлестердің өкілдеріне аудару туралы шешім қабылданды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің VI кеңейтілген отырысы 2019 жылы 29-30 қазанда Қостанай қаласында «Президент Қ. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында белгіленген міндеттерді және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы аналар кеңестерінің рөлі» деген тақырыпта өтті.

Форумда 230-дан астам адам - елдің барлық өңірлеріндегі Аналар кеңестерінің делегациялары, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП өкілдері және т.б. қатысты.

Форум барысында әлеуметтік саланы дамыту бойынша кең ауқымды талқылау және тәжірибе алмасу болды. Бейінді министрліктердің мамандары отбасы институтын дамыту; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек; балалар мен әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар; тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік көмек пакеті; ауылдық жерлерде тұратын дарынды балаларды анықтау мәселелері бойынша егжей-тегжейлі консультациялар берді.

Бизнесті, отбасылық бизнесті, оның ішінде көп балалы отбасыларды құруды қоса алғанда, әлеуметтік аспектілерге баса назар аудара отырып, әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жаңа нысандарын енгізу мәселелері қаралды. Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің әлеуметтік кепілдіктеріне толық салыстырмалы талдау жасалды. Этностардың мемлекеттік тілді ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде меңгеру мәселесі бөлек қаралды.

Отырысқа қатысушылар дағдарыс орталығында және өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарды бейімдеу орталығында 2 қайырымдылық акциясын өткізді, ЖОО студенттерімен кездесулер өтіп, қала кітапханаларына кітаптар сыйға тартылды.

«Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің жұмысы мен міндеттері туралы» тақырыбына дөңгелек үстел және «Қазақтану жобасы аясында Қостанай облысының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, қазақша-орысша және орысша-қазақша тұңғыш ілеспе аудармашы Камал Әлпейісованың «Төркіндеу» атты шығармашылық кеші өтті.

Облыстардағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы Аналар кеңестері төрайымдары

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 2020 жылы іс-шаралар өткізу жоспары



Возврат к списку