Assembly of People of Kazakhstan

Әлқисса, төменгі Мекке жолында жеті тылсым дариялар бар еді, осы дариялардың һәммасы Черный море дегенге құяды екен. Осы теңіз жағасында Жүз жағалбайлы деген ел бер екен. Сол елде Базарбай деген бір бай бар екен. Базарбайдың байлығын ешкім есеп етіп болмас екен, үш қатыннан тоғыз ұлы бар екен. Сол елге бір қалың дерт – оба келіп, сонда Базарбайдың тоғыз ұлының бәрі өліпті, содан кейін және алты қатын алыпты, еш перзенті болмады. Базарбай сексенге келгенде, оның кіші қатыны қырық төртке келгенде бір ұл тауыпты, басқа қатындарда еш бала жоқ, оның атын Төлеген қойды, осы Төлеген періште сипатты, хор құлықты боп туды, оның артынан тоғызыншы жылда бір ұл туды, оның атын Сансызбай қойды. Екеуіне де Базарбай қалың бермеді, тірі болса өздері бір қыз алар, патшаның қызын алса да мал жетеді деп. Сол уақытта Төлеген 12 жасқа келді, ешкімнің қызын жақтырмады, 16 жасқа келді, сонда бұл елге бір сәудегер кеп сұрады: бұл Базарбай екі ұлына неге қалыңдық бермеген деп, соның жайын әркімнен сұрап біліп, бір күні Төлегенге айтады. — Қыз жақтырмай жүрген болсаң, мен саған қызы жағатын елді айтайын. Алты арыс Шекті деген ел бар. Ақжайық деген өзеннің бойында болады. Сіз соған барыңыз. Шектіден бір қыз тауып қайтасыз, - деді. Төлеген айтты: — Қанша күнде барамын?- деп. Сәудегер айтты: — Жүз күнде барасың деді және жетпіс бес күндік бір жолы бар, оның қырық күншілік шөлі бар онымен жүре алмайсың, -деді. Онда Төлеген тұлпардан туған бір көк жорға атты алдырып, алтын-күміс тұрман жасатып, гауһардан тастар орнаттырып қасына сексен жігіт жолдас алып, қырық нарға азық арттырып, тоғыз түйеге ділдә, жамбы артып Наурыз айы туғанда жүрді дейді. Базарбайдың Төлеген, Ерте туған көбеген. Сексен жігіт қосшы алып, Он бес жігіт басшы алып, Ақжайыққа жөнеген. Айдың өткен шешесі, Ай қараңғы кешесі, Падишадан кем емес, Ер Төлеген мүшесі. Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып, Артынан қуып келіпті, Өлгенде көрген шешесі. Шешесі келіп сөйлейді, Сөйлегенде не дейді: «Мінгене аттың аласын, Менен туған баласың. Қал дегенде қаласың, Айтқан тілді аласың! Қал дегенде қалмасаң, Айтқан тілдді алмасаң, Құрттың анаң шарасын! Өлгенде көрген қарағым, Ата-анаңды зарлатып, Қай жаққа кетіп барасың? Анаң келді зарланып, Әкең отыр сандалып. Көре алмаған көп дұшпан Сыртыңнан келер қамданып, Сен кеткен соң, қарағым, Кім ойлайды кемпір-шалыңды? Сансызбай болса жас еді, Жүреміз кімге алданып?» Төлеген сонда сөйлейді: «Қой, шеше-еке-ау, жылама, Жылағаның бола ма? Бекер босқа шеше-еке-ау, Көзіңнің жасын бұлама! Жиырмаға келгенше, Маған қалың бермеген, Тең құрбымдай көрмеген, Құм құйылсын көзіңе, Осы екен саған сыбаға!» Шешесі сонда сөйлейді, Сөйлегене не дейді; « Кейін, балам, қайт-сана, Анаңа сырың айт-сана. Патша қызын алсаң да, Өз еліңде жат сана. Біреудің тілі тимей ме? Қартайған атаң Базарбай, Сенің үшін күймей ме? Ел ішінде тентек көп, Дүние кезіп жүргенде, Тентіреген демей ме?! Ата-анасын зарлатып, Бір қыз үшін кетті деп, Дос-дұшпаның күлмей ме?» Төлеген сонда сөйлейді: «Айналайын шешееке-ау, Құмар иттей қаңғырып, Бұралқы болар қораға, Бір жорытпай шеше-еке-ау. Сірә, көңілім тынар ма? Талап қылға ісінен – Ат басын ерлер бұра ма? Жаман, жақсы болса да, Алланың болар әмірі, Өз айтқаның болар ма? Тілімді алмай кетті деп, Қапа болып жылама. Мен Жайықтан қайтқанша, Жүзіңді есен көргенше, Ата-анамды, мал-жанды, Тапсырым алла, құдаға». Анасы сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: «Өлкенің көркі тал болар, Өзеннің көркі жар болар, Жігіттің көркі мал болар, Малың болса, қарағым, Қара басың хан болар. Алуа асап, іштің бал, Жая шайнап, жедің жал, Кетер болсаң, қарағым, Жылқыдан таңдап қырық жорға, Өзіңменен айдап ал. Сансызбай болса, жас еді, Сен кеткен соң қарағым, Сүйеніп кімге күн елтер – Артыңда қалған кемпір, шал?» Төлеген сондай сөйлейді: «Мінгене атым ала-ды, Сенен туған баламын. Көңіліме түсіп бір хиял, Сапар шегіп барамын. Алла нәсіп айдаса – Бір сұлу қызды аламын. Алла нәсіп етпесе, Ендігі сөздің қысқасы, Мекке таман барамын». Әлқисса, сонда анасы бұл балам қайтпайын деп талап қылған екен, енді бұған ризалық батамды беріп жіберейін деп ойлайды: Анасы ғаріп жылайды, Жылайды да толғайды, Қой десе де баласы Оған да сірә болмайды. Шешесі сонда сөйлейді: «Аһа дедім құдая – Дарғаһыңа бас ұрдым! Сөзді сөзге ап келіп, Күйгенімнен жапсырдым. Кетер болсаң мен сені, Аллаға әуел қарағым, Екінші пірге тапсырдым! Көл иесі Қамбар-ау, Жол иесі Қамбар-ау, Қарағыма көз сал-ау, Рахым қылсаң құдай-ау, Сенен өзге кім бар-ау! Ғашықтардың пірі едің, Ләйлі Мәжнүн саруар-ау! Ғашықтардың саруары – Зұлиха Юсуф пайғамбар, Әйелдің пірі Бибі Фатима, Баламды сізге тапсырым! Аасса жолға салып жүр, Сүрінсе қолдан алып жүр, Хазіреті ер Сұлтан – Рақым қылып тұрыңыз. Баба түкті шашты әзиз. Баламды сізге тапсырдым». Әлқисса, бұл сөзді айтып шешесі қайтып кетті. Енді Төлеген жігіттерге айтты: — Маған шешем жылқыдан жорға ал деп айтты. Мен я кірекеш, я жортуылшы емеспін, маған байлық, ырзалықты елге көрсетіп жүру керек, — деді. Жылқыдан жорға аламын деп қайтып келіп, екі жүз елу жорға таңдап алып айдап, бірнеше күн жол жүріп, Шекті деген елге келді. Сонда елге хабар салды, әркімнің жақсы қызы бар болса, маған алып көрсетсе, қызын қаласам да, қаламасам да бір жорғадан беремін деп жар шақырды. Әркімдер өздерінде бар қыздарын әкеп көрсетті, ешбірі жақпады, бірнеше күнде екі жүз он қызды көрді, екі жүз он жорға берді. Сонда қасындағы сексен жолдастары өздері ақылдасып, мынау Төлеген бекер малын шашты, оны біздер не қылайық, бірақ жорға ада болған соң біздің атымызға көз салар. Енді өзіміз келісіп, мынау қалай деп соны көрсетейік. Болмаса, Төлегеніңді білмейміз десек, бізде не хақы бар деп уағада қылып қояды. Осы Шекті деген ел алты тайпа боладды екен, һәммасының ханы Сырлыбай деген болады екен, ол Сырлыбайдың алты ұлы бар екен, ең кенжесі жалғыз қызы Жібек сұлу деген екен және Сырлыбайдың Қаршыға хабаршы деген ақын уәзірі бар екен. Қаршығаның ақылы зерек, өзі адал екен, ханның тоғыз мың жылқысы бар екен, (Қаршығаны) сол жылқының басына қойып, отарға жіберген екен. Отарда жатып Қаршыға Төлегеннің хабарын есітіп, мен Төлегенді көрейін деп ойлаы. Егерде Төлеген маған ұнаса, оны Жібек жақтырар, Төлеген маған ұнамаса, өзі не қылса да мейлі деп жылқыдан бір бееу атты алдырып мініп, Төлегенге жүреді. Отарда жатқан Қаршыға, Бір бедеуге мінеді, Алладан пәрмен тіледі, Ойпаң жердден орғытып, Тегіс жерден сырғытып, Аяңдамай желеді. Сексен жігіт елшіге Сәлем беріп келеді, Келіп сөйлей береді: «Асуда-асу бел деді, Аса бір соққан жел деді. Сексен жігіт ішінде, Базарбайдың баласы Төлеген мырза кім деді?» Басыр-басыр басырды, Аққа құлпы жасылды Сексен жігіт арасында Төлегені жасырды. «Мінген атың дөненді, Көкке тойған көбеңді Біз білмейміз Қаршыға-ау, Төлеген мырза дегенді». Онда Қаршыға жол болсын сұрайды: — Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер, Сайланған бәрің бірдей бек жігіттер, Сайланып шыға қапсыз тобыңызбен, Сөйлей тұр, сөзің болса, ей жігіттер. — Келеміз елімізден біз жолаушы, Бет алып шыққан жерім Көкбояушы. Үйірін қысырақтың жауға алдырып, Келеміз сұрақ салып біз сұрақшы. -Әр жере асып туған тегім деп ем, Төлеген жұрттан асқан бегім деп ем Сұрасам жолаушыдан сіздер деді, Жасырдың Төлегенді менен деді. Осынша ол Төлеген жасырынып, Өзі ол кімнің ұрлап хақын жеді? Әлқисса, сонда Төлеген шатырдда жатыр екен. Қаршығаның бұл сөзін есітіп, мені бұлар неге жасырып тұр деп, шатырдың есігіндегі жігіттерге былай тұр деп айтпады, іргеден Қаршығаны көріп далаға шығады, өзін танытып былай дейді: Ассалаумағалейкүм, Қаршыға-еке, Мен едім Базарбайдың Төлегені, Қозының ерте туған көбегені, Қаршы-екем араз ба еді бұрын маған, Қасыма танып тұрып келмегені. Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы, Алланың шыныменен сүйген құлы, Қаршы-екм сәлем берсем қарамайды, Бар еді Төлегеннің неден міні?» Осы келген Қаршыға, Топтан асқан ер еді. Төлегенге келедді – Келіп сөйлей береді: «Ауыл алды бел дейді Белден көшкен ел деді. Сексен жігіт ішінде Базарбайдың баласы, Төлеген мырза сен деді. Нәсіліңе қарасам, Қас паддишамен тең деді. Мен жайымды айтайын, Алты Шекті елінде, Сырлыбай датқа уәзірі – Қаршыға жыршы мен деді. Төлеген болсаң сен деді Кел соңымнан ер деді. Жұртқа берген олжаңнан Білдірмей маған бер деді. Мен бір сұлу табайын Падишамыздың жалғызы, Аты Жібек сұрасаң, Кереметім көр деді». Базарбайдың Төлеген, Қаршығадай ақынның Бұл сөзін мақұл көреді. Алдырып атын мінеді. Сексен жігіт елшіден Бес жігітті бөледі. Өзгесін елге қайтарып, Қаршығамен ілесіп, Ақжайыққа жөнеді. …Дәл сегіз күн жол жүріп, Аз ғана емес, мол жүріп, Сонда жеткен секілді, Ақжайықтың шетіне. Құланнан атты қодықты, Көлден тартты борықты, Арада неше қоныпты. Сәске мезгіл болғанда, Қыз іздеген Төлеген, Көшкен бір елге жолықты. Әлқисса, ені Қаршыға айтты: — Біздің ел жайлауға қарай бұзыла көшкен екен, мен енді Жібекті Төлегенге көш жөнекей көрсетейін, — деп, қасынағы бес жолдасын сол жерге тастап, жай келерсіздер деп, екеуі қалың көшті аралап жүрді. Базарбайдың Төлеген Талай көштен өтеді. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады; Шытырма көйлек етінде, Нұр сәулесі бетінде, Бұралып кетіп барады, Перінің қызы секілді. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан өтіп жөнеген. Енді онан өтеді, Және бір көшке жетеді. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады; Таң мезгілі болғанда, Шолпанның туған жұлдызы, Кигені алтын, құндызы, Бейіштен шығып келмесе, Бұл жалғанда хор қызы. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан өтіп жөнеген. Қаршығамен ілесіп, Төлеген көңілі түзелді. Асығып жүрді тез енді. Бір көрмекке Жібекті Төлеген мырза кезенді. Қаршыға менен Төлеген Жағалай салды өзенді. Сол уақытта алдынан Бір көш шықты түбектен. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады, Отыз түйе жетелеп, Сары мая үлектен. Мұрындағы сары жез, Бұйдасын ескен жібектен. Толған айдай толықсып, Ақ сазандай бұлықсып, Бұралып кетіп барады, Неше алуан қылықсып. Мұны көріп Төлеген, Атының басын бұрады, Әңгіме дүкен құрады. Осы ма деп Қыз Жібек Қаршығадан сұрады. Қаршыға жетіп келеді, Әзіл айтып күледі, Бұл емес, Жібек деген соң. Онан дда өтіп жөнелді. Онан өтіп Төлеген Атқа қамшы басады, Тұлпардан туған көк жорға ат, Аузынан көбік шашады. Жер тарпынып жануар Ауыздықты басады. Алдындағы белестен – Орғытып келіп асады. Белестен түсіп желеді, Ойға түсіп келеді, Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса Бір қыз кетіп барады, Төлеген мырза көреді. Жанасалай сұлудың Қасына жетіп келеді. Көш алдындағы сұлуддың Он қыз нөкер қасында. Өзі он бес жасында. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында. Қырық нарға жүк арттырған. Қамқа зерлі кілемді, Жүк үстіне жаптырған Казинелі қырық нарға Жібектен арқан тарттырған. Дүрия бешпент белсеніп, Бұл дүниені кең салып, Алтынды қамшы қолға алып, Абжыландай толғанып, Бұралып кетіп барады. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан да өтіп жөнеген. Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі – Болып кетті баладай. Осындай болып әр жерден, Он бір қыз өтті сәндікпен, Бәрі де қалды жарамай. Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады, Орта бойлы дембілше, Алтынды камзол жегдеше, Шын сипатын қараса, Бұрынғы қызан өңгеше. Алтын шышы кеседей – Екі көздің шарасы. Бейіште жанған шамшырақ, Көзінің гауһар қарасы. Туған айдай иілген, Екі қастың арасы. Сымға тартқан күмістей, Он саусақтың саласы. Сондай-ақ болып туар да, Адамзаттың баласы! Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан да өтіп жөнеген. Ені онан өтеді – Және бір көшке жетеді. Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Қара жорға мінгені, Қара торқа кигені, Екі көзі сүрмелі, Бұл сияқты перизат Қыз іздеген Төлеген, Жоқ еді сірә, көргені. Сексен түйе қомға алған, Сексені де болмаған. Сексен түйе үстінде Алтында жағдан орнаған. Асфаһани кілемдер – Жібектен гүлін торлаған. Қыз сипаиын қарасаң, Ақ тәнінде кіршік жоқ, Айдын көлдің қуындай. Екі көзі жалтылдайд – Патшаның алтын тонындай. Сөйлеген сөзі сыңғырлап, Әпзәмзәмнің суындай. Аузынан шыққан сөздері, Сары алтынның буындай. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан өтіп жөнеген. Онан да өтіп Төлеген, Атқа қамшы салады. Тұлпардан туған көк жорға ат, Көзі оттай жанады. Сымға тартқан күмістей, Сүмбідей болып жарады. Тағы айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір бәйбіше нұр жүзді Көшті тартып барады. Көш алдында бәйбіше Сары алтынның жабдығы, Бір жүз түйе қазына Қызыл алтын сандығы Көрұғлы – сұлтан қатыны, Аға Жүніс перідей, Көркі раушандай – Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері – Әлгі қыздан салдығы. Айдың өткен нешесі, Ай қараңғы көшесі, Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері – Ілкі қызан мүшесі. Асылдай болып есіліп, Нұрдай болып шешіліп, Ақ маңдайы жарқылдап, Танадай көзі жалтырап, Алтынды кебіс сартылдап, Көшті тартып барады, Жібекті тапқан шешесі. Берсе тәңірі жігітке – Ертесі мен кеші не? Ертеңгі күн бесінде, Зорға жеткен секілді, Қыз Жібектің көшіне. Көш сәулетін қараса, Асфаһанның жұпары, Стамболдың гауһары, Тамаша қылған адамның, Тояды көздің баһары. Есебі жоқ дүниені – Есептейік несіне? Келсе Жібек жоқ екен, Сол секілді көшінде. Мұны көріп Қаршыға, Атының басын бұрады, Әңгіме дүкен құрады. — Жібекжан қайда кеткен деп, Әккі болған Қаршыға, Шешесінен сол жерде, Сылтауратып сұрады. — Жібекжан ерте кеткен деп, Болжалды жерге жеткен деп, Көшпен бірге жүргенде, Бетіме тозаң тиер деп, Көк пәуеске күймесін Азаннан тұрып жеккен деп. Шешесінің сол жерде Бұларға берген жауабы. Әлқисса, Төлеген менен Қаршыға Жібектің ізін кесіп алып қараса, көш басшылары мен Жібектің күймесінің ізінен басқа із жоқ екен. Соны көріп, екеуі аттарына қамшы ұрып жөнеді. Найзасы аумай қолынан, Желі тұрып оңынан, Ай мүйізді қошқардың Бөрі тартар қоңынан. Төлеген сонда жөнелді, Кеткен Жібек соңынан. Базарбайдың Төлеген, Енді біліп түйінді, Асыл киім киінді, Бағымдды алла ашқын деп, Пірлеріне сиынды. Атқа салды сәндікке, Төгілдіріп кілемді. Енді ойланып Төлеген, Келгеніне өкінді. Тұлпардан туған көк жорға ат, Ор қояндай секірді. Қаршығаменен ілесіп, Атқа қылды өкімді. Ертеңгі күн бесінде, Жібек қызың ізімен Келе жатқан секілді. Алмас қылыш сартылдап, Алтын жүген жарқылдап, Көк жорға тұлпар кәрленді, Екі көзі жалтылдап. Өмілірік сом алтын, Омырауда алқылдап. Жеті қырдан асқанда – Күлдірлеген қоңырауды Есітті сонда құлағы. Шапса балта өтер ме, Шыңғырлаудың тасына. Нелер келіп, не кетпес, Ер жігіттің басына! Қоңырау дауысы келгенде, Көк жорға атты қамшылап, Жетіп бір келді-ау қасына. Әлқисса, Төлеген қасына келіп, алдына бір шықты, соңына бір шықты, Жібекті көре алмады, қараса Қаршыға алыста қалыпты. Сабыр етіп тұра алмады және көшірінде отырған кісі жоқ, Жібектің ешнәрсемен ісі жоқ. Сонда Төлеген үш рет дауыстап шақырды. — Бұл күймеде неғылған жан бар, сен еркекпісің, ұрғашымысың, тірі адам бармысың?-деп. Бұған Қыз Жібек еш жауап бермеді. Сонда Төлеген қапы болып тұрды. — Ай, дүние-ай, мынаның мені кемсінгені бөтен жұрттығы ғой. Өз жұртымда маған да еш кісі тең келе алмаушы еді,-деп тұрғанда Қаршыға да жетіп келді. Сонда Төлеген айтты: — Мынау маған жауап бермейді, әлде жаман кісі ме?-деді. Қаршыға айтты: — Олай емес, мұна мекерлік бар, мен сөйлесейін,-деп Жібекке келіп айтты: — Жібекжан, шырағым, ояумысыз, міне бір жақсы кісі қасыңа келіп тұр сөйлесемін деп, бетіңді ашып сөйлесші,-дейді. Онда Жібек айтты: — Сен Қаршығамысың?-дейді. — Иә, шырағым, мен Қаршыға көкең,-деді. — Сен Қаршыға көке болмай жерге кіргін, менің басым екі тайлық па еді, екі тайға менің басымды сатып, не бетіңмен ұялмай келіп тұрсың, онандағы кебініңді сәлде ғып тақсаң болмай ма?-деп жауап берді. Сонда Қаршыға айтты: — Шырағым, менің екі жорға алғаным рас, мен оны сізді көрсетуге алғаным жоқ, Төлегеннің жолдастарына тамыр болып алдым, сізді көрсетпекке дүниенің малын алмаспын, сіз үшін өзім басымды бәйгеге тігіп келдім, енігісін өзің біл, - деді. Сонда Қыз Жібек айтты: — Ендеше, лебізің бекерге қалмасын бір көрінейін, әбден көрініп тұрсам келіспес, бұған былай қылайын деп ойлады: қасында үш қызы бар екен, пәуескенің түймелерін ағыттырды да, жарқ еткізіп бір көрінді дағы қайта жауып, жатып қалды. Сол бір көрінгендегі Қыз Жібектің сипаты бұл секілді көрінді: Қыз Жібектің құрметі, Жиһаннан асқан сәулеті, Ләйлі, Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасында-ай, Өзі он төрт жасында-ай. Кебісінің өкшесі Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында. Қыз Жібектің шаштары Қоғалы көлдің құрағы. Көз сипатын қарасаң Сегіз бейіш ішінде Хорлардың жаққан шырағы. Дүрі – гауһар сырғасын – Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы – Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы – Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары – Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы – Ай балтаның сабындай. Төсінде бар қос анар – Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмар көз, Іздеген ерге табылды-ай. Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кетпендей, Нұр тұқымын еккендей. Бір ауыз сөз сөйлескен, Мұрадына жеткендей. Тірісі түгіл, Жібектің, Өлігіне адам қайырылып, Бетінен келіп өпкендей. Қыз Жібекті Төлеген, Ақылымен танып тұр, Көз мейірі қанып тұр, Бейіштен жанған шамшырақ, Көзі ойнап жанып тұр. Белі нәзік талып тұр. Тартқан сымнан жіңішке, Үзіліп кетпей, нағып тұр. Әлқисса, Төлеген ойлады, жиһанда бұл сипатты ұрғашы пенде көргенім жоқ еді, ені мұны алайын. Оған жай бір ауыз жауап айтып кетейін, бекер кеткенім жарамас деп ойлайды. Жамандауға бой сипатынан, байлығынан еш мін таба алмай, енді кесірлі екенсің деп, Төлеген мырза бір сөз айтады: «Басыр, басыр, басыр-ау, Аққа құлпы жасыл-ау. Басыңды көтер, ей, Жібек, Төлеген келді қасыңа-ау! Қыз басыңмен алшаңдап, Бүйте берме, ей, Жібек, Жұртқа тиер кесірі-ау! Қыз Жібек мінген күймесін, Күймеге тағып түймесін, Бүйте берме, ей Жібек, Кесірің жұртқа тимесін!» Қыз Жібек сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: «Олай болса, Төлеген, Мен жайымды айтайын. Ағыным судай ағады, Халқым малдай бағады, Жұртым қойдай қағады, Менің қылған кесірім, Саған кесір болса да Өзіме майдай жағады. Жалғыз атты жолаушы, Жақындамай арман жүр, Үстімдегі кесірлер – Саған таман барады! Ат байлаған ақыр тас, Арқама біткен қолаң шаш. Қайдан келіп кез болдың, Қаңғырып өскен бір қубас! Жалғыз атты жолаушы, Кесірім ұрып кетпесін, Қасыма келмей, аулақ қаш!» Төлеген сонда сөйлейді, Сөйлегене бүйдейді: «Қыз Жібек мінген күймесін, Күймеге тағып түймесін. Қайдан білдің, Жібек-ау, Іздеп келген Төлеген Мал беріп сені алмасын?! Аш қойныңа енбесін, Ақ төсіңе мінбесін?» Сонда Жібек сөйлейді: «Жақсы айтасың, Төлеген, Сіздей-сіздей әр жерден, Неше жігіт келмеген. Бәрі де айтқан «Жібек ау, Сені алмасам» демеген» … …Әлқисса, Төлеген үш ай қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ болып, аттарын байлап қойып, таңнан жүреміз деп отырған күні, Жібек түс көреді. Түсінен шошып оянып, кіші жеңгесін шақырып алып бір сөз деді: «Ау жеңеше-ау, жеңеше-ау, Төлегенге барып кел, Тілімді алса жүрмесін. Ата-анасы бар ма екен, Жал-құйрығы сай ма екен, Я болмаса, құдай-ай, Қаңғырып өскен қу ма екен? Атасының аты кім болар, Апасының аты кім болар, Сұрап келгін, жеңеше-ау, Қандай заман күн болар. Мен бүгін бір түс көрдім, Түсімдде жаман іс көрдім. Төлеген мінген көк жорға ат Ер тоқымсыз бос көрдім. Ел жайлаған Ақжайық, Жағалай біткен бидайық. Алдында жанған шырағым, Біреу үрлеп өшіріп, Көзімнен болы сол ғайып. Қолымдағы тұйғынның – Зулап келіп аспаннан, Желкесінен қиды бидайық. Бендем десең, құдай-ай, Бұл түс емес еді ғой – Көруге маған ылайық. Айналайын, жеңеше-ау, Төлегеннің мен білдім, Бір кеткен соң келмесін. Жарық дүние опасыз, Білдім көзге ілмесін». Базарбайдың Төлеген, Ерте туған кебеген, Жеңгесі келсе алқынып, Нағып жүрсің демеген. «Айналайын, Төлеген, Бикешжан бүгін түс көрді, Тілімді алсам жүрмегін! Анаңның аты кім болар, Атаңның аты кім болар, Айтып кеткін, шырағым, Қандай заман, күн болар? Бикешжан бүгін түс көрді, Астыңдағы көк жорға ат Ер тоқымсыз бос көрді» Төлеген сонда сөйлейді: «Ау жеңеше-ау, жеңеше-ау, Түс түлкінің б…еді, Әр неме деп келмеші -ау! Жаратқан мені бір құдай, Өлім десе, көңілім жай. Атамның атын айтайын – Халықтан асқан Базарбай. Қой, ішінде, марқа-ды – Омырауа ділдә алқа-ды, Шешемнің атын айтайын, Алпыс жасар Қамқа-ды. Өліп кетсем артымда, Сансызбай атты інім бар, Жібегім неден қорқады? …Сәлем де Жібек қорықпасын, Өліп кетсем, Жібекті, Еш жаманға қор қылмас, Сансызбай атты інім бар. Шын тілесе бендеге, Тәңірім тілек береді. Көктеме мұнда келіп ем, Енді қыс боп келеді. Елімнің ақын, көсемі, Батыр Шеге дер еді, Ақылға арқан кен еді, Олай-бұлай боп кетсем, Сансызбайға басшы боп, Еліңізге жетіп келеді. Тірі тұрса жанымыз, Есен болса тәніміз, Көктем шағы болғанда, Қазбен бірге келем деп Не салса да Құдайым, Жібек үшін көрем деп, Жібекке ұғай сәлем» деп, Енді атына мінеді. Әлқисса, Төлеген неше милләт жол жүріп еліне келеді. Сау-сәлеметтікпен ата-анасымен қосылыпа той жасады, тойдың үстінде Базарбай баласынан жауап сұрады: — Қандай адамға құда болдың? - деді. Төлеген барлығын баян етеді. Сонда Базарбай айтты: — -Шырағым, қайныңа ені қашан барасың? - деді. Төлеген айтты: — Жазғытұрым барамын, - деді. Атасы айтты: — Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе, бермейсің бе? Ендігі жылы осы уақытқа шейін бармағын, онан кейін өзім қасыңа көп әскер қосып жіберейін, және тілегімді бердің бе?-деді. Онда Төлеген айтты: — Ата ел елден артық болмайды екен, ешкімнің қызын көргенім жоқ, жақтырғаным да жоқ, немді берейін, — деп шығып кетті. Сонда Базарбай кеп жұртына айтты: — Бұл балам тілімді алмады, тілегімді бермеді, Төлеген қайнына барамын десе, маған – көргенің ұстап, байлап алып келіп беріңдер, егер хошамет етіп біреуің жолдас болсаң, қолымды теріс жайып бата беремін, - деді. Қарияның бұл сөзінен қорқып жұрт ұстап бермекші болды. Асып туған Төлеген Жағалбайлы халқынан Жабдықтап атын мінеді, Гауһар, лағыл, алтыннан. Жолдас ермей елінен Жалғыз өзі жөнеді, Бір ғашықтың зарпынан. Қазың даусын есітіп Сабыр етіп тұрмады, Дүниеге мойын бұрмады. Кетіп бара жатқанда – Сансызбай жылап жүгірді, Төлегеннің артынан. Рахымы түсті басына, Көзден аққан жасына, Қу бауыры қия алмай, Қайрылып келдді қасына. Сансызбайдың Төлеген Пәруана болды басына. Бала келді жүгіріп, Аш күзендей бүгіліп. Төлеген тұры кете алмай, Көзінен ағып қандды жас, Қандай қиын бауылас, Бордай болып үгіліп. Қабырғасы сөгіліп. Артынан жылап келген соң, Көтеріп алды артына Көзен жасы төгіліп. Әлқисса, сол халде Төлеген айтты: — Неге жылайсың, шырағым, жылама жеңешеңді алып келемін, - деді. Сансызбай сонда сөйледі, Сөйлегене бүй деді: «Жыламаймын мен-дағы Өзіңнің де көкежан, Көзіңнің жасын тый деді. Жылап отыр ата-анаң Сапарыңды қи деді. Көп жолдаспен барсаңшы, Ел-жұртыңды жи деді. … Сіз кеткен соң, көкежан, Кемпір, шалдың қасында Өзім жалғыз, өзім жас, Боламын кімге сиынды?» Төлеген сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: «Айналайын, қарағым, Жауға барсам, жарағым, Қабырғамда қанатым, Артымдағы құйрығым, Жетегіе жан атым! Айналайн, жылама, Жібек сынды жеңгеңді, Алып келуге барамын… Айналайын, Сансызбай, Қолқанатым, құйрығым, Судан шыққан сүйрігім, Суырылып озған жүйрігім, Көрмей бенде қоймайды, Жаратқан ие алланың – Тағдырда жазған бұйрығын! Тірі болсам, қарағым, Жеті айда келемін. Ажал келсе алладан, Үйде болсам да өлемін. «Тілімді алмай кеттің»-деп, Бермеді әкем батасын. …Мен кеткен соң, қарағым, Кемпір-шалға ие бол. Ғинаят тіле құдайдан Мәдет тіле пірлерден Ақылменен іс қылғын, Көзіңді кімге сатасың? Олай-бұлай боп кетсем, Сенен өзге кімім бар, Алды артыңа қарағын Мұрадыңа жеткізсін, Шырағым сені бір құдай. Көк бурылдай тұлпар бар, Биыл құнан, былтыр тай. Қас қылмаса құдайым, Мінетұған бас атың, Шырағым, саған саймасай, Ат болғанда мінгейсің! Алтын балдақ ақ семсер, Саған арнап соқтырып, Салып қойдым қынапқа, Аш беліңе ілгейсің. Талап қылып әр іске, Теңіңмен ойнап күлгейсің. Бұл сөзімді тыңағын, Жеткіншегім, Сансызбай, Жақсылармен жанасып, Жұрт қаірін білгейсің. Бадана көзді кіреуке, Шар айнасы бес қабат, Тоғыз қабат көк сауыт Саған арнап соқтырып, Будырып кеттім кілемге, Оны үстіңе кигейсің. Олай-бұлай боп кетсем, Асыл туған Жібекті, Еш жаманға қор қылмай, Өзің бір алып сүйгейсің» Бұл сөзді айтып Төлеген, Сансызбайдың бетінен Үш қайтара сүйеді, Жерге алып қойып інісін Қолұстасып, хоштасып, Хош, алла деп жөнеді. Базарбайдың Төлеген, Жайыққа қарап жол тартып, Алладан пәрмен тілеген. Жайық пен теңіз арасы, Он үш айлық жол екен. Үш жарым айлық жолдың атырабы – Қырық бес күндік шөл екен. Шөл-жазира ішінде – Қособа деген көл екен. Ұры, кезеп, қарақшы Мекен қылған жер екен. Төлеген сынды мырзаның Шалдығып келген уақытта, Соғып бір кетер кезі екен. Атаңа лағнат Бекежан, Қыз Жібектің сыртынан, Көп ғашықтың бірі екен. Баяғы алпыс жігіт қасында Төлеген ені келер деп, Қособаның көлінде – Жолын тосып жүр екен. Төлеген тап сол күні келмесе, Азықтары таусылып, Қайтып бір кетер күні екен. Құланнан атты қодықты, Көлден тартты борықты, Арада неше қоныпты. Тұлпардан туған көк жорға, Жүз күншілік жолынан Он жеті күн су ішпей, Шөлдеуменен зорықты. Шөлдеген соң Төлеген, Атынан көңілі торықты. Жақындап суға келгенде, Бесін мезгіл болғанда, Базарбайдың Төлеген – Бір шұбалған шаңға жолықты. Шаңға таман салады, Қасына жетіп барады. Алдынан шығып алпыс жау, Төлегенді қамады. Базарбайдың Төлеген, Алды-артына қарады. Бесінде жаумен атысып, Намаздыгер болғанша, Алдырмай кетіп барады. Еркімен аты жеткен соң, Жау ортаға алады. Сол уақыттар болғанда, Жамандатқыр көк жорға ат, Шөлеуменен зорығып, Басын жерге салады! Жау қамалап жеткен соң, Атынан қару кеткен соң, Базарбайдың Төлеген, Тәңірге қылды наланы. «Құдіреті күшті құдай-ай, Батар күнмен батайын, Бекежанды өлтіріп, Тым болмаса құай-ай, Жастығымды ала жатайын! Мұсылман болса бұл жаулар, Жақындап жауап қатайын». Бұл сөзді айтып Төлеген, Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда мол салды. Қарсы қарап тұра қап, Садақты қолға алады, Толғай тартып қалады. Кірістен әрі кетеді, Топ арғынға жетеді. Селдіреген шетінен – Жетеуінен озып өтеді. Енді оғын алғанша, Қорамсаққа қолын салғанша, Атаңа лағнат Бекежан, Арғыннан шыққан қу екен, Әккі болған сұм екен. Төлегеннің артында – Алпыс қадам жақындап, Бір қурайды паналап, Жеткен екен жағалап. Төлегенді атқалы – Жақынап келіп тұр екен. Мылтыққа білте басады, Аруағы асады. Төлеген сыны мырзаның Қанын судай шашады. Қой құмалақ қорғасын, Ажал болып жабысты. Атаңа лағнат Бекежан, Жібермеді намысты. Базарбайдың Төлеген Толықсып аттан тұрғанда, Қолтығынан сүйейтін – Таба алмаы танысты. Бекежан атқан жалғыз оқ, Маңдайдан келіп ұрады. Алтын сүйек Төлеген, Алланың салған қорлығы-ай, Иттердің қылған зорлығы-ай, Толықсып аттан құлады! Жалғыздық түсіп басына, Қамығып сонда жылады Атаңа лағнат, алпыс ит, Жанын өзі берсін деп, Қорлықпенен өлсін деп, Анталап келіп тұрады. Әлқисса, сол халден Төлеген есін жиып алып, көзін ашып қараса, шалқасынан жатыр екен, барлық киімдерін алып қойыпты, сонда ьым болмаса бетімді жауып кетсеңші деп Бекежанға бір сөз деді: -Пұл жібердім қалаға, Бисағат күн, құдай-ай, Мен шығыппын далаға, Шығып едім, жолықтым, Бұл секілді пәлеге. Қарға-құзғын жемесін, Жасыра кеткін жүзімді Замандас едің, жан аға! Пұл жібердім бақшаға, Қызыл тіл енді қақсама. Қарға-құзғын жемесін, Жасыра кеткін жүзімді Замандас едің, жақсы аға! Төлегеннің тілдері, Осы сөзге келеді. Екінші сөзге келмеді. Атаңа лағнат, алпыс ит, Не айттың сірә демеді. Бір баланың олжасын Алпыс адам бөледі. Мал опасыз деген сол, Төлеген мінгег көк жорға ат, Су ішіп әбден қанған соң, Бір қарақшы астында Ойнай басып жөнеді. Әлқисса, Төлегенменен жерінен бірге шыққан алты қаз бар екен, суа келіп қонайын деп еді, жаулар атқылап қондырмады, айналып ұшып жүргене Төлеген көріп «аһ, дариға» деп қимылдауға халі келмей жатқан жерінде, сол қаздарға қарап бір сөз деді: -Әуелеп ұшқан алты қаз, Етің шекер, сорпаң баз! Атайын десем оғым аз Қонар болсаң жануар, Міне майдан, міне саз. Өлмеген құлға құдай-ай, Болып қалды енді жаз. Атамды айтып қайтейін, Шешемді айтып қайтейін Мен кеткен соң, дариға-ай, Көкешім деп Сансызбай, Еркелеп кімге қылар наз. Әуелеп ұшқан алтауың – Жерге түсіп көлбейсің. Сендер тірі, мен өлі, Жатырсың неғып демейсің! Қасірет, қайғы халімді Неге келіп білмейсің? Тілсіз мақұлық, жануар, Бірге келген жолдасым, Қасыма менің келмейсің? Мұнан былай кеткенде, Теңізге таман жеткенде, Төбеге шықса, белім деп, Ойға түссе, тыным деп, Қартайған әкем Базарбай, Алдыңнан шығып, жануар, «Қарағым менің Төлеген, Көрдің бе?» десе, не дейсің? Онан арман өткенде, Үйге таман жеткенде, Жая десе, жал берген Майға салып нан берген, Әр алуан ас берген, Алақандап өсірген, Еркелік қылсам, кешірген, Алпыс жасар сорлы анам, Алддыңнан шығып, жануар, «Құлыным менің Төлеген, Көрдің бе?»десе, не дейсің? Онан арман өткенде Малға таман жеткенде, Қарға жүнді қаттасым, Үйрек жүнді оттасым, Таласып емшек еміскен, Бір төсекте жатысқан, Көп қызыққа батысқан, Тай құлындай тебіскен, Асық ойнап алысқан, Өлген ағасын көре алмай, Бақылдаспай, қоштаспай, Ажалым жетті алыста-ай, Жалғыз інім, бауырым – Қанатымда қияғым, Табанымда тұяғым, Жылжымас жерден ауырым, Алдыңнан шығып Сансызбай, «Көкешім менің Төлеген, Көрдің бе?» десе, не дейсің? Сауытының көзі сетіліп, Сынбай кетті дегейсің! Баратұғын жеріне, Жетпей кетті дегейсің! Алтынды сауыт, шөже көз, Түймеден кетті дегейсің! Өлі екенін білмейміз, Тірі екенін білмейміз, Қособаның жонына, Қоса кетті дегейсің! Маңдайынан аққан қан, Жоса кетті дегейсің! Алтыны жабдық, көкжорға ат, Бір қарақшы қолында, Босқа кетті дегейсің! Қособаның жонындда, Құс қонбас, құла жапанда Жылай-жылай бір жалғыз, Дүниеден өтті дегейсің! Төлегеннің тілдері, Осы сөзге келеді, Ендігі сөзге келмеді. Батқан күнмен қарайып, Уа, дариға, құдай деп, Өз иманын өзі айтып, Жалғыз шыққан Төлеген, Ақырет сапар жөнеді. Маңдайдан атқан жалғыз оқ, Желкеден ағып өтіпті. Алланың жазған пәрмені, Ажалы бүгін жетіпті. Айтып-айтпай немене Сол секілді асылдар – Кебіні жоқ, көрі жоқ, Ит пен құсқа жем болып, Мұрадына жете алмай, Арманда болып кетіпті. "ҚЫЗ ЖІБЕК ЖЫРЫ" Бұл – жырдың «Қисса «Қыз Жібек хикаясы» деген атпен Жүсіпбек Шайхисламовтың бастыруымен 1900 жылы Қазан қаласында жарық көрген нұсқасы. «Бабалар сөзі» сериясы бойынша жарық көрген кітаптан алынды. Мен сөйлейін, жарандар, Тыңдап құлақ салыңыз. Аз әңгіме қозғайын Келгенінше халіміз. Зекетсіз болса пайда жоқ Қасықтап жиған малыңыз. Қыз Жібекті тыңдаңыз, Замандас еркек, ұрғашы, Ақсақалды шалыңыз. Жүсіпбек қожа жырласа Қыз Жібектің сөзіне Енді әбден қаныңыз. Басында менен жайылды, Қисса болып бұл Жібек. Басы-соңына қарасам, Бәрі шала сөзінің, Еңіреп жылап жүр жүдеп. Басында менен шыққанда Тыңдаған адам жылаған, Сүйейін мұны бір демеп. Қиссасын қайта түзейін, Әруақтарың жар болса, Сіздер де мені жүр жебеп. Осыны бұрын баспаға, Кім жазғанын білмеймін. Қисынсыз болған сөздері Жыламақ түгіл күлмеймін. Мыңнан озған жорғамын, Ұлы дауға салғанда. Қамшыласаң желмеймін. Қисайғанда түзеткен, Басында Тәңірім жаратты, Әр нәрсеге бір себеп, Қисса қылып жазып ем Әуел бұрын басында. Ғасылықтан жазып ем, Үйсінге алғаш келгенде, Жиырма үш жасымда. Сол кездердің уақытында Бар еді қайғы басымда. Бір күндерде қарасам, Баспа бопты бұл Жібек Қисынсыз кетіп сөздері. Баспаға жазған адамның Әр сөзіне қарасам, Ноғайлы екен өздері. Қазақшаға төселмей, Далаға көбін жіберген, Әйтеуір бар іздері. Әгар қазақ жазғанда Жоқ па екен деп айтар ем, Басындағы көздері. Ал тыңдаңыз, жарандар, Өзге сөзді қоялық. Қыз Жібектен сөз қозғап, Қызығына тоялық. Сыры түскен жерлерін Жаңғыртып қайта боялық. Сөз дүкенін құрған соң, Тамақ керек әркімге, Бір тоқтыны соялық. Кешегі өткен заманда, Дін мұсылман аманда, Кіші жүздің ішінде, Жағалбайлы елі бар. Жағалбайлының мекені Ақ теңіз деген көлі бар. Жаз жайлауын сұрасаң Қара теңіз жағасы Ұлан, Шәмбіл белі бар. Жағалбайлы елінде Базарбай атты байы бар. Байлығын оның сұрасаң Өлшеу қылып айтуға Хисап жетпес жайы бар. Байлығында өлшеу жоқ, Жеті жүз түйе жүгі екен Тілләсі менен жамбысы Мың түйе жүк тағы да Қант пенен шайы бар. Аяқты малда хисап жоқ Айдалып бағып жайылар. Сол байда үш қатын бар, тоғыз ұл-ды, Хисапсыз Тәңірі берген сонша пұлды. Еліне оба келген бір кеселден Бірі қалмай тоғыз ұл бәрі де өлді. Тоғыз ұл ажал жетіп бәрі де өлді, Ашумен алты қатын тағы да алды. Базарбай сексен жасқа келген шақта Тауыпты кіші қатын бір ұлды. Оны тапқан қатыны қырық төрт жаста, Бала жоқ өзгесінде мұнан басқа. Періште сипат бір ұл берді Құдай Жүргенде көзі толып қанды жасқа. Төлеген деп қойыпты ұлының атын, Құдай артық жаратқан оның затын. Баланы сипат қылып айтып болмас Көрген жан ақылынан бір талатын. Базарбай баласына көңілі тойды, Қайғыны ішіндегі бәрін жойды. Тоғыз жылда артынан бір ұл туып, Жұрт жиып Сансызбай деп атын қойды. Жүріпті екеуіне қалың бермей, Дұшпанның әрне деген тіліне ермей. «Тірі жүрсе өздері алар бір қыз, Өліп қалса, күйігін тағы көрмей. Алса да патша қызын малым жетер, Менікін жаратпаса сәнім кетер. Күйікті қатты тартып жүрген басым Жазым болса күйермін онан бетер». Төлеген сонда