Assembly of People of Kazakhstan

Асатаяқ - қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты абыздар мен бақсылар ұстанған. Әдетте, олар асатаяқты қылқобыз бен даңғыраның үніне қосып қолданатын болған. Асатаяқ жасалу тәсіліне қарай "күмбезді, "жалпақ басты", "ай басты", "жылан басты", "сопақша", "қалақша", т.б. болып келеді. Оларды ырғақтатып, сілкіп, шайқап ойнайды. Асатаяқ емен, үйеңкі, қайың, долана секілді қатты ағаштардан жасалады. Бетіне әр түрлі салдыр-гүлдір, шулы дыбыс беретін темір салпыншақтар, сақиналар, шығыршықтар тағылады. Асатаяқ туралы деректер Г.М. Броневский, П.Бекетов, Р.А. Пфеннинг, т.б. зерттеуші-этнографтардың еңбектерінде кездеседі. Асатаяқ туралы Ш.Уәлиханов пен белгілі зерттеуші Б.Сарыбаевтың еңбектерінде жазылған. Асатаяқтың көне түрлері Ықылас атындағы Қазақ музыкалық аспаптар мұражайында сақтаулы. Асатаяқ қазіргі кезде "Отырар сазы", "Сазген", "Шертер", т.б. музыкалық фольклорлық-этнографиялық оркестрлер мен ансамбльдерде қолданады.