Assembly of People of Kazakhstan

31 August, 2018

9634

Астанадағы өзбек этномәдени орталығының тынысы мен табысы

Мемлекетімізде бірнеше этностар бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ұлтаралық келісім мен тұрақтылық ел айнасына айналды.

1-ші қыркүйекте Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесін атап өтуіне орай біз елордадағы «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінде қонақта болып, оның жетекшісі Шерзод Аббозұлы Пулатовпен сұхбат құрып, орталықтың тынысымен тыныстап, табысын тамашалап қайтқан едік.

2006 жылдың шілде айында Астана қаласын мекендеп жатқан өзбек ұлтының өкілдерінен 11 адамнан тұратын ынталы топ  құрылды. Өз этносының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін жоғалтпай, қайта оны жандандыру және сақтап қалу ниеті қоғамдық бірлестік құруға алып келген болатын.

Жалпы өзбек этномәдени орталығының құрылуына себепші болған Тараз қаласының белсенді азаматтары, танымал өзбек этнос өкілдері Гафур Касымов және Абдурахман Зайнутдинов еді.

Сол жылы 10 тамызда бірінші құрылтай жиналысы ұйымдастырылды. Күн тәртібінде Астана қаласында өзбек этномәдени орталығын ашу қарастырылып, нәтижесінде қоғамдық бірлестік құрылды.

Сол уақыттан бері орталықтың жұмысы жанданып, келушілері молайып, еліміздің маңызы бар мемлекеттік шараларына қатысып, игі істеріне атсалысып жүрген жөні бар.

Орталық жетекшісі Шерзод Пулатов сегіз қырлы, бір сырлы, жүрегі Қазақстан деп соққан Отанының адал азаматы. Жас болса да бас болып жүрген Шерзот Аббозұлының арқалап жүрген жүгі аз емес.

Тізіп айтар болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық Кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қоғамдық Кеңесінің, Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының (Астана қаласы ғалымдарының клубы), Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Дін мәселелерін зерттеу Ассоциациясының исламтанушы-сарапшысы, Халықаралық сертификатталған медиатор (АҚШ, Нью-Йорк) қызметтерін бір өзіне көп көрмейтін Шерзод Аббозұлы қоғамның бітісе қайнаған ортасында өзінің пайдасын тигізіп жүргеніне разылығын жасырмайды.

– Шерзод Аббозұлы, құрылтайдан кейін «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы қашан басталды? Қандай шаруалар тындырылды?

Құрылтайда 75 адамның катысумен қабылданған шешімге орай орталық тұңғыш рет 2007 жылдың 17 сәуірінде Әділет департаментінде тіркеуге алынды. Жетекшісі болып Гафур Асымұлы Касымов тағайындалды. Мен екі жылдай орынбасарының қызметін атқардым.

Кейін 2010 жылы 22 қазанда «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі болып қайта тіркелді. Қазіргі күнде орталық жетекшісінің қызметі маған сеніп тапсырылған. Қаржы мәселелері бойынша орынбасарым Хасан Шарипов, мәдениет және тәрбие бойынша орынбасарым Ихтиера Ходжаева.

2008 жылдың 24 сәуірінде Астана қаласындағы «Хива» мейрамханасында орталықтың ашылуына байланысты презентация жасалды. Оған қоғамдық ұйымдардың, Астана қаласындағы этномәдени орталықтардың жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының Елшісі мен Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Елшісі қатысты.

Сол жылы 1-мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде орталық мүшелері  арнайы киіз үй тігіп, концерт қойды. Мерекелік дастарқан жайылып, өзбек халқының әдет-ғұрпы мен тұрмыстық салт-дәстүрі таныстырылды.   

Бас кезінде орталық Бейбітшілік және келісім сарайында қоныстанған еді, кейінде Астана қаласы әкімдігінің қамқорлығымен барлық орталықтар «Маржан» бизнес-орталығына орнықты.

Биыл Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына Маңғыстау облысы Достық үйінің ғимаратын тарту етіп, астаналық этномәдени орталықтардың барлығы бір шаңырақ астына шоғырланды.

Сонымен қатар орталықтың ашылғанынан бастап барлық құжаттарын ретке келтіру менің мойнымда. Дегенмен де заң және құқық саласының маманымын ғой.  

– Кез келген орталық, ұйым, қозғалыс жұмысын бастамас бұрын мақсатын айқындап алады. Сіздер орталықтың алдына қандай мақсат қойдыңыздар?

– Иә, орталық жұмысы бірізді болуы үшін негізгі мақсаттарымызды айқындап алдық. Онсыз жүйе болмасы белгілі. Біздің орталық этникалық тұтастығын сақтауды, өзбек ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауды және дамытуды, өзбектердің Қазақстандағы этникалық топтардың бірі ретінде рухани жандануын, өзбектер бостандығы, саяси, әлеуметтік және басқа да құқықтарын жүзеге асыруды және қорғауды мақсат етеді. Осыған қоса ұлттық сананы, діннің, этникалық дәстүрлер мен кедендіктің дәстүрін және қазіргі заманғы нысандарын дамытуды да мақсатымызға айналдырдық.

–  Жалпы орталықтың қызметіне не кіреді? Қандай басымдықта?

– Орталық келесі бағыттарды негізге алып жұмыс істейді: ұлттық  мәдениеттің бастапқы элементі ретінде өзбек тілінің колдану аясын кеңейту және дамыту, тілді қорғау үшін кешенді және мақсатты түрде жұмыс атқару. Менің түсінігімде ұлттар қай мемлекетте өмір сүрсе де, өзінің тілін, дінін, ділін, мәдениетін, тарихын, шығу тегін ұмытпай, қастерлеп, атадан балаға шынайы қалпын жоғалтпай жеткізуі керек. Тіпті міндеті десем, артық айтпаған болар едім.

Өзбек этнос өкілдерінің коғамдық-саяси өмірдің барлық салаларына қатысуын белсендендіру, сайлау кампанияларына қатысу, жергілікті атқарушы және уәкілетті мекемелерге сайлау кезінде өз өкілдерін ұсыну да қызметімізде.

Астана қаласында тұратын өзбектердің мәдениетінің қалыптасуына, дамуына жан-жақты көмек көрсету, әлеуметтік қажеттіліктерді толығырақ қанағаттандыру және Отансүйгіштік рухында тәрбиелеу басымдырақ.

– Қазақстандағы өзбек ұлтының жалпы саны мен Астана қаласы бойынша саны нешеге жетіп отыр?

– Астана қаласында өзбек этносының 2009 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша саны 7186 мың адамды құраған және 1,2% қамтыған. 2017 жылғы ресми статистикалық ақпарат бойынша Астана қаласында өмір сүретін өзбектер саны 10238 мың адамға жетті. 2018 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстандағы өзбек этностарының саны 563103-ке жеткен. Яғни, Қазақстан халқының 3,1% құрайды.

Басым көпшілігі, яғни, 87,57%-ы Оңтүстік Қазақстанда мекендеп отыр, Жамбыл облысындағы үлесі 5,09%. Астана мен Алматыда 10 мың адамнан. 

Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы белсенділерінің жалпы саны 200-ге барады. Оның ішінде қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес саласының өкілдері, мұғалімдер, жеке кәсіпкерлер, студенттер мен оқушылар.

– Орталықтың қоғам өміріндегі үлесі қандай?

Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді тұрақтандыру үшін республикалық және жергілікті бағдарламаларды жүзеге асырады, мемлекеттік және қоғамдық үкіметтік ұйымдар бірлесе отырып, шараларға белсене қатысып жүр. Қазақстан халықтарының бейбітшілігі мен достығын насихаттауға, сонымен қатар қайырымдылық жұмыстарына ат салысады. Халықаралық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді.

– Орталық жалпы тұрмыстарыңызды сипаттайтын болғандықтан, ұлт мәдениеті мен өнерін ел арасында асқақтатып жүргендеріңіз көпке мәлім. Сол жайында әңгіме өрбітсек.

Орталықта екі шығармашылық топ құрылған. Біріншісі, «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамблі, жетекшісі - Анармат Касымов. Екіншісі,  «Астана Ғунчалари» би ансамблі, жетекшісі - Ихтиера Ходжаева.

Ансамбльдердің шығармашылық өнері қалалық және республикалық деңгейде танылып, арнайы дипломдармен және мадақтамалармен марапатталған. 

Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық іс-шараларына, фестивальдеріне әрдайым қатысып жүр. Айтқандай, 2014 жылы өткен Халықтар достығы фестивалінде «Наво» аспаптар ансамблі бірінші орын, 2015 жылы «Менің Қазақстаным» республикалық фестивалінің қалалық кезеңінде Сангина Шарипова мемлекеттік тілде соло орындап, бірінші орын,  2016 жылы Халықтар достығы фестивалінде «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамбілі бірінші орын, 2017 жылы фестивальда жеке орындаушы номинациясымен жас әнші Амира Пулатова бірінші орын алып, жетістік қоржыны молығып қалды. Әр жеңіс – біздің мақтаныш.

– Орталықтың «Дустлик» қауымдастығы мен жексенбілік мектебі туралы бірі білсе, бірі білмес. Кеңірек тарқата кетсеңіз.

Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі екенін бірінші айтып өтсем деймін. Ассамблеяның ұйымдастырып жатқан жобаларына, шараларына қалтықсыз үлес қосуға аянып қалмаймыз. Қазақстанда тұрып жатқан халықтарға қамқорлық жасалып жатқаны адам жанына жылылық ұялатады. Өз кезегіңде Ассамблеяға бір пайдам тисе екен деп жүресің.

«Дустлик» қауымдастығына келер болсақ, оның негізін қалаушылар - Қазақстан Республикасында тұрып жатқан өзбек ұлты. Қауымдастық тәуелсіз, коммерциялық емес ұйым болып табылады.

ҚР өзбектерінің «Дустлик» қоғамдық бірлестігі республика көлемінде өткізілетін барлық шараларда бой көрсетіп жүрген жайы бар. Олар - төрағалар кеңесі мен жалпы жиналыстар және басқа да мәдени шаралар. 

Астана қаласы аясында 2015 жылдан бастап «Зиё» жексенбілік мектеп жұмыс атқарып келе жатыр. Мектептің мақсаты - өзбек ұлттық құндылықтарын, ана тілін, мәдениетін жас ұрпақтың бойына сіңіру, сақтап, құрметтеуге үйрету, отансүйгіштік рухында тәрбиелеу.  Мектеп 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап өз жұмысын ресми түрде бастаған болса, қазіргі күнде мектепте 50-ден астам бала білім алуда.

Өзбек тілі мен әдебиеті, тарих, әдептану, қолөнер сабақтарында ұстаздар балалардың білімділік, шығармашылық, іскерлік және әдептілік қабілеттерін арттыру үшін жалықпай еңбек етеді.

Бұдан басқа мектепте балалар хореографиясы мен ұлттық аспап – дойра қағудың қыр-сырын үйреніп жатыр.

Сабақтар қазақ, өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде оқытылады. Жексенбілік мектепте білім алушылар екі топқа бөлінеді, жоғарғы топта 30 оқушы, кіші топта 27 оқушы.

Жексенбілік мектеп директоры Райимжон Музаффаров, мұғалімдері Севара Музаффарова, Анар Калибекова, Ирода Мухамеджанова, кіші топтың хореографы Мухтарамхон Мамадалиханова, музыкалық аспап үйретушісі Хасан Баратов.

–  Орталықта жастар мәселесіне көңіл аудару үйлесімі қандай?

Орталықтың аясында «Астана ешлари» жастар қанаты бар, оның құрамына өзбек этносының студенттері мен оқушылары кіреді. Белсенді қатысушылардың жалпы саны 50-ден астам. Жетекшісі - Шахноза Аббозқызы. Жауапты хатшысы - Ирсбек Абдуллаев.

Жастар қанаты республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі. Түрлі жобаларға қатысып, өз тараптарынан игі бастамаларға тыңғылықты жауапкершілікпен үлесін қосып жүргендігі тағы бар.

– Орталықтың көпшілікке беймәлім тұсы бар ма?

– Иә, 2017 жылы Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының жанынан «Нұр Отан» саяси партиясы аясында «Пойтахт» бастауыш партия ұйымы құрылды.

Оның төрағасы лауазымына өзімді сайлады. Менің орынбасарларым - Ғуламжан Джуманов пен Асан Шарипов. Хатшысы - Наргиза Токташева.

Бастауыш партияда 15 адам мүшелікте. Қатары жыл артқан сайын толығып отырады.

Партия мүшелері биылғы жылы Астана медициналық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қамқор» жобасы аясында «Жұлдыздар сөнбейді» қоғамдық қорымен бірлесіп, ҰОС ардагерлерімен кездесу өткізді.   

– Орталықтың жұмысына тоқталсақ. Қандай жоспарлар жүзеге асырылды? Алдағы уақыттың үлесі қандай?

– Орталық бір жылдық жоспарын жыл басында бекітіп, соны басшылыққа алып жұмыс істейді. Көптеген мәдени шараларды ұйымдастыруға мұрындық болады. Мысалы, «Менің Қазақстаным – менің Отаным!»  республикалық фестивалінде,  «Алға Қазақстан!» атты 7-ші қысқы Азия ойындарында концерт қойды.

«Үлкенге құрмет – Ата заңдағы міндет» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Алишер Навоиға арналған халықаралық әдеби-мәдени кеші жоғары деңгейде өтті.

Жыл сайын Наурыз мейрамына ұлттық тағамдарымызды дайындап, киімдерімізді киіп, бауырластарымызды құттықтаймыз.  

Өзбек жастары арасында «Достық кубогы» бірінші республикалық мини-футбол турниры ұйымдастырылды. Турнирге Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Семей және басқа да жастар командалары қатысты.

«Плов Party» ұйымдастырдық.

Жалпы бос отырмаймыз. Барынша мәдени, әдеби, спорттық шараларды қарқындатып келеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасына орай насиxаттау, жүзеге асыру жұмыстар легі қызу жүріп жатыр. Осы тақырыпқа орай 2017 жылдың 16 қыркүйегінде «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаевпен Елордадағы өзбек этномәдени орталықтың «Астана ешлари» жастар қанатының кездесуі өтті.

– Орталық жайындағы мәліметтерді, жаңалықтарды оқырмандар қайдан біле алады?

Орталықтың өз сайты бар. Үнемі жаңалықтарымыз http://www.uzbek.kz сайтында жарияланып отырады. Сайт әзірге орыс тілінде жүргізіліп отыр.

Сонымен қатар «фейсбук» әлеуметтік желісінде бармыз. Әлеуметтік парақшамызда біз туралы көптеген мағлұмат алуға болады.

– Шерзод Аббозұлы, алда 22-қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні келе жатыр. Орталық осы мерекеге қандай шара жоспарлап отыр?

– Бұл мереке біз үшін жарқын мереке. Қазақстанда барлық этностарға ана тілін үйренуіне оңтайлы жағдай жасалған.

Дәстүр бойынша жексенбілік мектепте балаларға мерекелік кеш ұйымдастырып, балалар мемлекеттік тілде және ана тілімізде өлең оқудан жарысатын болады.

– Құпия болмаса, отбасында қай тілді көп қолданасыздар?

– Үйде біз қазақ, өзбек, орыс тілінде еркін сөйлейміз. Әрине қазақ тілін көбірек қолданамыз. Бұл біз үшін маңызды.  

– Сұхбатыңызға рақмет, орталықтарыңыздың өсіп-өркендеуіне тілектеспін!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

TOP NEWS