Assembly of People of Kazakhstan

2538

Бегалы Байрамов: Шымкентте мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері 70 пайыздан асты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауының басымдықтарымен үлкен қызығушылықпен танысып шықтым. Онда Президент халықтың көкейінде жүрген барлық маңызды мәселелерді қозғағанын аңғардым.

Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасала беретіндігін айтып, қазақ тілінің рөлін күшейту жайына ерекше назар аударды.

Тіл тек қана қатынас құралы емес, қоғамды біріктіретін негізгі фактор болып табылады. Елде тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Пікір бірлігі болмаған жерде береке болмайды. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ын­тымаққа, бірлікке қызмет етіп келе жатқан этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілдің аясының кеңейтуіне, ортақ қатынас тілге айналуына әрқашан мүдделіміз. Өйткені, бізді бір мақсат, бір мүдде тоғыстырады. Бірлігі бекем, тұғыры биік ел болуды қалаймыз.

Өңірімізде қазақ тілінде сауатты жазып, дұрыс сөйлеуге ықылас танытқан этнос өкілдерінің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Олар үшін арнайы тегін курстар жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде бүгінде Шымкент қаласында мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері 70 пайыздан асып отыр. Жалпы, қазақ тілін барша этностарды мемлекет құрушы ұлт қазақ халқының төңірегіне топтастырушы, біріктіруші күш деп білеміз. Әрі, алдағы уақытта ортақ шаңырағымыздың барша тұрғындардың ортақ тіліне айналатынына сенеміз.

Бегалы Байрамов,

Шымкент қалалық түрік этномәдени

бірлестігі төрағасының орынбасары

Back to the list

TOP NEWS