Assembly of People of Kazakhstan

6711

Раиса Смаханова: Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудың қайнар көзі - отбасы

Бүгінгі күні әйелдердің қоғамдағы алатын орны мен рөлі өте жоғары.

Олар өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып, бірлік пен тұрақтылықты сақтауда аянбай еңбек етіп келеді.

Баршаға аян бұл ақиқатты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес» - деген пікірі айқындай түседі.

Қазақстандық қоғамның береке мен бірлігін сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі де өзіндік үлесін қосуда.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» кезекті Жолдауында халық табысын көбейту, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, білім, денсаулық, жастар мәселелеріне ерекше көңіл аударды.

Елбасы  Жолдауында қамтылған мәселенің бәрі де өзекті, бәрі де мәнді. Бұл қоғамға жаңа леп, жаңа сенім әкеледі, сонымен қатар мемлекеттік дамудың  жаңа  міндеттерін  жүктейді.

Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.

Елбасы ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерін қоғамның басты тақырыбы етіп қоюды үнемі айтуда. Бүгінгі күннің негізгі міндеті – болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру. Қандай да болсын: этностық, діни, тілдік біртектілік отбасында қалыптасады, ата-анасыз, жақындарынсыз тұлғаны қалыптастыра алмаймыз.

Кез келген халықтың арқауы отбасы болып табылады. Халықтың салт-дәстүрлері отбасында сақталып, өркендейді және ұрпақтан ұрпаққа жеткізіледі. Біздің қоғам дені сау, адамгершілігі зор ұрпақ тәрбиелеуге қабілетті рухани мықты отбасылардың көп болуына мүдделі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы отбасылық құндылықтарды және дәстүрлерді жастар арасында ілгерілетуге маңызды мән беріп келеді. Қазақстандық отбасының, ананың, сіңлі-қарындастарымыздың болашағы көп жағдайда қазіргі ұрпақтың қандай отбасылық құндылықтарды бойларына сіңіргендеріне байланысты.

Аналар кеңесі «Шаңырақ» жас қыз-келіншектер клубымен, Жас отбасыларға әлеуметтік-психологиялық кеңес беру орталығымен, «Сыр аналары» қоғамдық қорымен, «Бекзаттар мен бекзадалар» клубымен тығыз жұмыс жасайды.

Кеңес мүшелері жастар арасындағы суицид, оның отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар арасындағы агрессивті мінез-құлықтар секілді мәселелер жайындағы сұрақтарға жауап іздейді.

Мектеп жасындағы қыз балалардың еріксіз жүктілікке ұшырауын да назарға алып, мектептерде ақпараттық-түсіндірме кездесулер ұйымдастырады. «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қызы мен анасы» және тағы басқа маңызы зор жобаларды қолға алып келеді.

Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен форум өткізу дәстүрге айналды. Оған халық батыры Б.Момышұлының келіні, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова шақырылды. Жуырда «Қазақтану» жобасындағы Аналар кеңесінің рөлі» атты форум өтті.

Алдағы уақытта мектеп жасындағы қыз балалар арасында кездесу өткізіп, оларға аналық кеңес беру, өскелең ұрпақты дәстүрлі құндылықтарға тартуда белсенділік танытуға және тағы басқа ауқымды жоспарларды жүзеге асыруды жоспарларына енгізіп отыр.

Қазақтың отбасы тәрбиесіне байланысты «Ұлт болам десең – бесігіңді түзе», - деген дана халқымыз. Ұлттық салт-дәстүрімізбен заман талабына сай еліміздің жаңа буын азаматтарын тәрбиелеуде аналардың еңбектері ұшан теңіз.

Еліміздегі барлық игі дүниетанымдарды: тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне дарытушы аналар болып келеді.

 

Раиса Смаханова,

Қызылорда облыстық ҚХА

Аналар кеңесінің төрайымы

Back to the list

TOP NEWS