Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімдерінің өздік ерекшеліктері бар. Олардың көбі бұрынғы заманнан сақталып тек қана кішігірім өзгерістерге ұшыраған, ал кейбіреулері, өкінішке қарай, мүлде сақталмаған. Олардың әр-алуан түрлері бар және, ең алдымен, ер адам мен әйелдің киімі деп бөлінеді. Екі түрлі киімнің де өздік айырмашылықтары бар. Ер адамдардың ұлттық киімдерінің модельдері бір қалыпты ұқсас, тек қана қара, қоңыр немесе қара көк түсті болған. Егер сұлу да сымбатты қазақ қыздарының киім-кешектері туралы айтсақ, оларға сан жоқ және де неше түрлі үлгілері бар, қызыл, сары, жасыл, ақ сияқты ашық түсті болған. Бұған себеп, әйел затының көркем заттарды, киімдерді ұнатып киюі не тағуы. Оның үстіне, қазақтардың әлеуметтік деңгейін әйелдердің киіміне қарап анықтауға болатын, сол себепті де олардың киімдері ер адамдардың киімдерімен салыстырғанда қымбат матадан тігіліп, асыл тастармен әрлендірліген. Негізінде қазақ қыздары жастайынан ұлттық киімдерді киюді бастаған. Тіпті жаңа туған баланы да әдейі киіндіріп қоятыны бар еді. Олар өміріндегі белгілі бір себепке орай белгілі ұлттық киім киетін. Қиімнің үлгісі қыздың жасына және мәртебесі мен дәрижесіне байланысты болған. Киілетін киімнің тігілуі де, әшекейі де әр түрлі болатын.

Дүниеге жаңа келген нәрестеге иткөйлек кигізген. Иткөйлек дегеніміз қазіргі кездегі жейде сияқты, яғни түймесіз арты ашық, етек- жеңі кең көйлек. Бұл киімді бала қырқынан шыққанға дейін киеді, яғни сәбидің дүниеге келгенінен бастап тура қырық күн бойы. Иткөйлек жұмсақ, табиғи матадан, көбінесе шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты маталардан тігіледі, себебі ол жас сәбидің нәзік терісін тітіркендірмей, батпау керек. Иткөйлекті сәбиге ырымдап кигізеді, аңыз бойынша ежелгі уақытта ит адамның қорғаушысы болған, сол себепті де көйлек нәрестені ажалдан, жаман көзден сақтау үшін осындай көйлек кигізетін. Қосымша айта кетсек, қазақтар нәрестенің бақыты иткөйлек киген күннен басталады деп сенген, дәл сондықтан да иткөйлекті көрінген жерге лақтырып не біреуге беруге болмайды. Оны қазақтар асыл зат секілді сақтаған. Бас киімдер жайлы айтсақ, қыз балаға туғанынан бастап сылау тақия кигізетін болған. Сылау тақия дегеніміз жаңа туған балалар киетін бас киім, тіпті телпек деп айтуға болады. Соңымен қатар балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, былғарыдан жасалған бойтұмардың ішіне сол оқылған қағазды салып, сәбидің мойынына іліп немесе киіміне тігіп қоятын. Мұндай ерекшелік көптеген қазақ балаларында болған. Сонда бойтұмар бір жағынан нәрестені тіл- көзден сақтайтын зат болса, екінші жағынан сырт көзге әшекей сияқты көрініп тұратын. Бала бір-бір жарым жасқа толғанда оның басына сырма атты тақияны кигізеді.

Жасөспірім қыз баланың киімі

Бұл жаста қызды қыз деп бөле бастайтын кез. Баланың есі кірер жасында, яғни төрт-беске толғанда, қысқа шаштарын екі не бір жағынан тартып өріп қойып, басына ою-өрнекпен не моншақтармен өрнектелген, үкісі бар тақия, ал үстіне тізесін жауып тұратын түрлі-түсті көйлек кигізіп қоятын. Қыздардың тақиясы ұлдардың тақиясынан басты айырмашылығы келесіде: ол қымбат, сапасы жоғары матадан тігілуі және үкісінің бар болуы. Кішкентай қыздың ұлттық киімінін тағы біреуі- желетке. Желеткені де әдемі көрінсін деп неше түрлі оюлармен, немесе моншақтармен тігіп қоятын. Желетке көбінесе қыз баланын жылы жүрсін деп кигізіп қоятын, соңдықтан оны жылы, қалын маталардан тігетін. Аяқтарына теріден жасалған етік киетін, балалардың етігі жұмасқ және жеңіл болған, бұл бүлдіргендердің еш қиындықсыз қимылдап жүре алуы үшін. Әлі кішкентай болғандықтан, оларға аса қымбат әшекей бұйымдарды тағуға рұқсат болмаған. Тек қана құлағына кішігірім сырға мен саусақтарына сақина тағуға болатын. Соңымен қатар, баланың аяғы тоңбасы үшін оған байпақ кигізіп қоятын. Байпақ дегеніміз аса жылы аяқ киім, ол киізден жасалып, ал кейде жүннен тоқылып, етіктің ішінен киілетін. Негізінде байпақ тізені жауып тұруы керек, сол себепті оның қонышы етіктің қонышынан ұзынырақ болады. Тізеге келетін жері былғарымен, барқытпен не басқа матамен көмкеріледі. Қыздардың шашын шашбаумен бірге өретін, бұл әдемі көрініп және де шашты төмен тартып оның тез өсуіне себептес болады деп есептелген. Шашбау деген тиындармен тігілген қыздың шашына тағылатын лента.

Бойжеткеннің киімі

Бұрынғы кезде казақтың қызы 12-13 жасынан бастап бойжеткен деп есептелетін. Бұл жасында бойжеткен қыздар әсіресе өзгеше және көркем киінетін. Олар сұлулығын көзге түсетіндей аса әдемі киімдерді киген, таққан қымбат әшекейлерімен таң қалдырып етіп жүрген. Басындағы тақиялары неше түрлі моншақ-тастармен, түрлі-түсті жіптермен безендірілген, ал тақияның үкісі молырақ болған еді. Кей кезде тақияның орнына бөрік киетін. Бөрік те баршаның көзіне ілінетіндей әрлендірілетін. Оның төбесіне үкі, жібек шашақ тағып, жібек жіппен кестелеп, меруерт, маржан не алтын – күміс түймелер қадайтын. Үстіндегі көйлектеріне көшсек, олар аса бос емес, керісінше өзіңе шақ, тіпті кеудесінен тарлау, ыңғайлы, қыз баланың кеудесін жауып тұратын болған, ал етегі ұзын және қос етекті болған. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, торғын не шәйі сияқты асыл матадан тігілетін. Мұндай көйлектің етегі кең, жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп қатпарлы желбір салынады екен. Тіпті көйлектің жағасы тік шығарылып түрлі кестелермен әрлендірілген, ол артынан не бір жақ иық үстінен түймеленеді. Үстіндегі желетке не камзол барқыт, пүліш, мақпал сияқты аса қымбат және де сапалы матадан тігіледі, ал астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылатын, киімнің өзі де әдемі тастармен әрленетін еді. Оның екі өңірі біріне бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан, түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасалған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадайды. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді. Дәл осы желеткені қатты тартып тастап жас қыздар өз төсін жасырған. Желеткені не камзолды белден буып тұратын белбеу атты бұйым алтыннан, күмістен және былғарыдан жасалған . Осы жастағы қыздар тек қана ашық түсті киімдер киген, себебі бұл жастықтың белгісі болған. Аяқтарына биік өкшелі әрі жеңіл аяқ киім, яғни етік киген. Етік – ертеде иленген теріден, бертінде былғарыдан тігілген. Былғарыдан тігілген етіктің қонышы ұзын болып келеді. Былғары етік қара, сары, қызыл түсті бояулармен боялады. Қыз-келіншектер қызыл түсті былғарыдан ою-өрнектеп тігілген етік киген. Оны «сапиян етік» деп атайды. Етіктің басқа да түрі бар.Ондай аяқ киімнің табанына түрлі өрнектер салып, өзің көкшіл түске бояп қоятын. Дәл осындай етік «көк сауыр етік» деп аталатын. Бұл кезде әшекей бұймыдар да аса көп тағылатын. Ұзын қолан шаштарына көптеген тиындармен безендірілген шашбау не күміс шолпы тақса, қолдарына күмістен жасалып қымбат тастармен безендірілген білезіктер, саусақтарына тастары бар сақиналар. Соңымен қатар жалпы жас қыздарға тән әшекей - құлаққа тағатын сырға еді. Сырғаны көбінесе бойжеткен қыздар таққандықтан, олар жеңіл болатын, жасалынатын материалы алтын не күміс. Сырғамен қатар жиі тағылатын және де сырғамен бірдей материалдан жасалатын әшекей – алқа деп аталады.

Ұзатылатын қыздың киімі

Ұзатылатын қыздың киімінің ең басты ерекшелігі - сәукеле. Сәукеле бас киімдерінің ішіндегі ең әдемісі әрі күрделісі болып есептелген. Қалыңдық күйеуінің еліне барғанда да сәукелесімен барған. Келіншек оны той өткенше киіп отырып, той өткен соң сәукелені іліп қойып, оның орнына бергекті желек киетін. Сәукеленің негізі оның төбесі, ол қиық конуска ұқсас болып көрінеді. Төбе не талдырма етіп қозы жүнінен арнайы басқан ақ киізден, не арасына қыл салып сырығы асыл матадан жасалады. Содан кейін төбені кестелеген, шет-шетіне құндыз жұрын ұстаған немесе алтын, күміс оқамен зерлеген тыспен тыстайды. Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржанмен, асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекелейді. Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды бетмоншақ немесе сәукеленің бетмоншағы деп атайды. Сәукеленің төбесінде алтынмен, күміспен әшекейленген қатырғы болады. Тізілген моншақты, асыл матадан, ақ жібектен жүргізген желекті осы қатырғыға бекітеді. Мұны бергек деп атайды. Кейде бергекке тоты құстың бірер тал қауырсынын тігінен қыстырып бекітіп қояды, оны қарқара дейді. Сәукеленің арт құлағы шашқап тәрізді белге дейін жетеді. Осы бас киімнің ең сыртынан жауып қойған шашақты әшекейлі жібек мата бар, ол көйлектің етегі құсап, жерге сүйретіліп жүреді. Кейде батырлар да осындай, сәукеле тәрізді мол әшекейлі дулыға киетін. Оның темірмен, шынжыр тормен қапталған, әсем түрлері көп. Бұларды «жыға» деп атаған.

Қыз ұзатуда киілетін көйлек жайлы айтсақ, ол басқа көйлектерден аса ерекшеленеді, себебі ұзату күнінде қыздың бұрынғыдан да әсіресе сымбатты және сұлу болуы керек. Киген көйлегі сәукелесі сияқты қымбат матадан тігіліп, бас киімі не түсі сай не бірдей болуы керек. Қыз ұзату көйлегі неше түрлі ою-өрнектермен, маржан және басқа да асыл тастармен безендірілген болуы керек. Бұл деген қалындықтың қаншалықты көркем екенін, сұлулығының мөлшерін көрсететін. Келесі қарастырылатын киім ол шапан. Шапан – қалындықтың сырт киімі. Ол да асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестелер тігілген. Бұл - өсіп-өңсін, өркенді болсын деген тілек белгісі. Әшекей бұйымдар туралы айтсақ, олардың да саны артылуда. Бұл жолы әшекей бұйымдардың саны аса көп, қымбат болуы керек. Алтын сырға, білезік пен алқа, қымбат тастары бар жүзік, асыл тастармен әрленген шолпы, алтыннан жасалған белбеу. Көбінесе қалындықтың қыз ұзату киімі ақ жібектен тігіледі, камзолы не шапаны да дәл сондай түсті немесе түсі сәйкес болатындай тігіледі. Кейде көйлектің сыртынан шапан емес камзол киетін. Ол болса алтын түсті жіптермен кестеленіп әрлендірілген, тағы да асыл тастар мен түрлі түймелер қадалған. Аяқтарына бұрынғыдай сапиян етік не көк сауыр етік киетін, той кезінде бұл етіктер одан да әдемі көрінсін деп ою-өрнектерін молырақ кестелеп тігілетін.

Жас келіншектің киімі

Келін жұбайының үйіне келгенде, яғни өзге үйдің босағасын аттағаннан кейін, оған жаулық салып өз қызы ретінде еншілеп алады. Тұрмысқа шыққан жас келіншек бастапқыда басына ормал тағып жүреді. [2] Бұл орамалды тағуының себебі үй шаруасын атқарғанда шашы оған бөгет жасамуы үшін, соңымен қатар тамақ әзірлегенде шашы байқаусыздан жейтін тағам арасына түсіп кетпес мақсатымен. Кейбір адамдардың пікірі бойынша, жас келіннің орамал тағуының себебі ол тіл-көзден сақтануы үшін, себебі үйге жақын арада келін болып түскен олар, үйге жас келінді көруге келген көптеген адамдармен кездесуге тура келеді. Жас келіндер әсіресе ақ орамал тағатын. Неге ақ орамал десек, қазақтарда бұрын ақ орамал ақ ниеттің, адалдықтың белгісі болып есептелетін. Егер киім жайлы айта кетсек, жаңа түскен келіншектің киімі бойжеткеннің киімінен айырмашылығы аса көп деп айтуға болмайды. Ең басты айырмашылығы ол бұрынғыдай бөрік не тақия кимей, қарапайым ақ немесе ашық түсті орамал тағуы. Дәл осы орамал арқылы қыздың тұрмысқа шыққанын білуге болады. Басқа айырмашылығы ол киімдерінің үлгілері бұрынғыдай болса да, яғни қос етек көйлек, камзол кисе де, олардың біраз қарапайымырақ болуы. Көйлектерінің жағасына қол инемен көркемдеп қайып тігіп қоятыны да бар болған, соңымен қатар сол жағаларының өңіріне бірнеше түйме қадап қоятын. Бір сөзбен айтқанда, киімдері жас қыз болып жүрген кезінен айырмашылығы ою-өрнектерінің аз болуы және де маржан мен асыл тастарының саны бұрынғыдан кем болуы. Егер әшекей бұйымдар жайлы айтсақ, олардың қымбаттылығы да, саны да азаятын. Бұған себеп қыз келіншектің үй жұмысын атқаруға ыңғайлы болсын деп, соңымен қатар аса бағалы әшекейлердің жұмыс істеп жүрегенде бүлініп қалмасы үшін. Жалпы айтсақ, жас келіншектердің киімі тұрмысқа шықпаған қыздырдың киіміне аса ұқсас, дегенмен бұл тек уақытша ғана. Келіншек бала туғаннан бастап басқа киім кию керек болатын. Жас келіншектер аяқтарына етіктен көрі мәсі киетін. Мәсі ол жұмсақ былғарыдан не құрымнан тігілетін аяқ киім. Етіктен айырмашылығы - өкшесінің болмауы, сонымен қатар сыртынан кебіс кию керектігі. Кебіс те былғарыдан тігіледі, бірақ оның басы жұмсақ былғарыдан, ал табанын қатты ұлтаннан биік етіп тігеді. Жас келіншектер кебісті ою-өрнектеп тігеді, бұл сүйкімсіз көрінетін аяқ киімнің түрін жұмсартып, қыздың аяқ киіміне ұқсауына себептес болады.

Әйелдердің (ана болғандардың) киімі

Келіншек алғаш рет балалы болғанда орамал емес, оның орнына кимешек кие бастаған. Кимешекті кию құрметке ие болу деп саналған, яғни келіншектің нәрестені дүниеге әкеліп жұбайының ұрпағын жалғастыруға мүмкіндік беретіні үшін қадірленген. Қазақтың нақылы: «Кимешек киім ғана емес – мәртебе. Кигеннің ажарын ашады, қарағанның мысын басады» [3] деп бекерден бекер айтпайды ғой. Соңымен қатар, баланы емізіп отырғанда ананың кеудесі ашылып қалмас үшін кимешекті киген деп айтады. Осылай кимешек ана болғанның белгісі деп есептеледі. Жас әйелдер кимешектерін түрлі оюлармен, өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Негізінде кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен көбірек пішіліп әйелдің басын, иығын, кеудесі мен жауырынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдің жағдайын, жасын білуге болатын. Мысалы, егер кимешек тек қана ақ матадан, ешқандай ою-өрнексіз, кестесіз болса, бұл әйелдің жесір болып қалғанының белгісі болып есептелетін. Айта кетсек, әр жасқа сай кимешектің түрлері болады. Дәл сол себепті әйелдің жас не аса жас емес екенін білуге болады. Әйелдің жасына жас қосыла бере, оның кимешегі де қарапаыймырақ бола бастайды. Қазақстанның жерінде бұл бас киімнің әр алуан түрі бар, яғни түрлі жерде оны басқалай, өзгеше тағады. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы келіншектердің кимешегі қысқа болып, алдынғы жағына бұрышы қиылған төрт гүл келеді, ал Сырдарья жерлеріндегі келіншектер бет жағы шаршы келіп, төменгі ұзын ұшы омырауға түсіп, төбесі жинақтала келе түйіліп, кейде-кейде оның үстіне бөрікше киілетін бүрмелі кимешекті киетін. Әйел дүниеге екінші баланы әкелгенде, оның кимешегінің үстіне шылауыш жабады. Шылауыш дегеніміз кимешектің үстіне тағылатын үлкен ақ орамал. Осы шылауышты төбелдірік атты ою-өрнекпен кестелеп, оны қымбат тастармен әрлендірілген түйреуішпен қадап қоятын. Кимешек аса ыңғайлы бас киім екенін дәлелдейтін факт, әйелдердің кимешек киіп түрлі ұй жұмстарын атқарғаны, олардың осы бас киімді киіп тойға, қонаққа аттануы, яғни әрдайым оны киюі. Үстіне киетін киім туралы жалпы айтқанда, құрсақ көтерген әйел киімдерін молдау қылып тігеді, бірақ қызбен салыстығанда әшекей саны азырақ болады. Көйлектер жайлы айтсақ, егер әйел әлі де жас болса, оның киімі өзгеріссіз қалады. Әйтсе де өңірі бүрмеге дейін ашық, оның асты-үсті әдіптеліп сырып өрнектелетін көйлектер де бар, киімнің мұндай ашықтығын «қақпа» деп атайтын. Ана болған әйел осы қақпа арқылы бала емізетін. Егер де әйел орта жасқа келіп қалса, ол біраз бостау киім-кешек киетін, белі мен жеңі кең болып бүріледі және де бұрынғыдай қос етек емес, тек қана бір етегі бар көйлек. Бала туған келіншектер көйлектерінің жақтарын жас қыздар сияқты оқаламайды, жай ғана кестелейді. Аяқтарына көбінесе мәсі киетін. Мәсі былғарыдан тігіледі. Мәсінің сыртынан кебіс не ластық киілуі қажет. Бұл аяқ киім өте жұмсақ және жеңіл, сол себепті де оны кию өте ыңғайлы деп есептелген. Ал әшекей бұйымдарды қарастырсақ, олардың саны да, маңызы да жыл сайын артатын. Нақтылап айтсақ, әйелдің орта жасқа таяған сайын оның көбірек жүзік, сақина, білезік таққаны абзал болып есептеледі. Әшекей бұйымдардың да салмағы, бағасы ақырындап арта бастайды.

Әжелердің киімі

Қазақ әжелерінің киімі басқа әйелдерден өзгеше болатын. Бастарына киетін кимешек ешқандай ою-өрнексіз, тек қана аппақ матадан болатын. Бірақ мұндай кимешек киген адам аса қадірлі және құрметті болып есептелген еді. Қазақ халқының бұрынғы нақылы бар ғой: «Кимешек қартатпайды, марқайтады» [4] деген, дәл сол нақылға сүйеніп отырып әжелерімізді аса ардақты адамдар деп айтсақ қателеспес едік. Аса қарт бәйбішелер шалма да киетін. Шалма дегеніміз еркектер мен әйелдер басына орап қоятын матаның бір бөлігі деп айтуға болады. Әжелер ашық түсті шалма тақпаған. Егер қарт әйелдердің киімі жайлы айтсақ, олар неғұрлым етекті және де мол қаусырмалы, үлкен қалталы болатын. Осы қалталар керекті заттарды салып қою үшін әдейі тігілетін. Көйлектері жас келіншектердің киімдерімен салыстырғанда бос, қос етекті емес болған, соңымен қатар аса ашық түсті, яғни сары, қызыл, жасыл сияқты болмаған. Ою-өрнек, не моншақ пен асыл тастар көйлекке қадалмаса да, басқа әйелдердің көйлектеріне тән оқалы жақ болған. Қарт әйелдердің үстіндегі камзол болса аса бай оқалы өңірмен безендірілген. Камзолдары қымбат, сапалы матадан тігілетін, көбінесе көк не жасыл түсті болатын. Олардың әшекейлері көбінесе тана және жылтыр болатын. Қалталарына күміс тіс шұқығыш пен күміс тарақтарын салып алатын. Жас қыздар сияқты шаштарына әрлендірілген шолпы тақпаған және де алтын-күміс алқа салмаған. Ал асыл тастары бар білезік, ауыр алтын сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды басқа әйелдер сияқты таға берген. Әжелер аяқтарына кестеленген мәсі не көксауыр кебіс киетін. Қарт адамдар суыққа аса сезімтал болғандықтан аяқтарын жылуда ұстау үшін байпақ киетін. Байпақ ол, айтылып кеткендей, киізден тігіліп, етіктің ішінен киілетін аяқ киім түрі. Оның ұзындығы әдетте тізеге дейін болады, себебі байпақтың қонышы етіктің қонышынан қысқа емес, керісінше ұзынырақ болуы тиіс. Қарт әйелдердің киімдері көбінесе қымбат және қалың матамен тысталатын.