Қазақстан халқы Ассамблеясы

Айбалта — соғыс қаруы. Айбалтаны көшпелі халықтар өте ерте заманнан қолдана бастаған. Қазақтар бұл қару түрін 20 ғасырға дейін пайдаланып келді. Айбалтаның басы металдан соғылады, пішіні әртүрлі болып келеді. Балта басының — жалманының жарты Ай сияқты болып дөңгелене соғылуы ай атауына негіз болған. Көне көшпелі халықтардың Айбалталары екі басты немесе балта басының шүйдесі ұзынша келген балға пішінді, әйтпесе істік түрінде болып келген. Шүйдесі балға түрінде, бірақ қысқа жасалған айбалта бастары қазақтарда да кездеседі. Қазақ айбалтасының басына күмістен ою-өрнек салынады. Ерте замандарда айбалта басына салынған ою-өрнек магиялық рөл атқарған. Айбалтаның сабы ағаштан жасалып, кейде терімен қапталады, металл жапсырмалармен әшекейленеді. Кейбір балта саптары түгелдей терімен, күміспен қапталуы да мүмкін. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдіргі тағылады. Қазақтар ұстанған айбалта саптарының ұзындығы негізінен 70-90 см аралығында. Мұражай қорларындағы кейбір қазақ айбалтасының сабы бұдан да қысқа, ал ұзын сапты айбалтаның үлгілері сақталмаған. Жауынгерлер айбалтаны белге байлап, жорыққа шыққанда тебінгінің астына қыстырып алып жүрген.