Қазақстан халқы Ассамблеясы

География

Қазақстан – Еуропа және Азия сияқты екі құрлықтың қиылысында, ал астанасы – Астана қаласы - Еуразия материгінің географиялық орталығына жақын орналасқан. Қазақстан – көлемі жағынан дүние жүзі бойынша Ресей, Қытай, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Канада, Үндістан мен Австралиядан кейін тоғызыншы орында. Республика аумағы – 2.724.900 шаршы километр.

Қазақстан батысында Волганың төменгі ағысынан шығысында Батыс Сібір ойпаты мен Алтай тауларына дейін 3000 километрге, солтүстікте Батыс Сібір жазығынан оңтүстікте Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тауларына дейін 2000 километрге созылып жатыр. Қазақстанның солтүстіктегі ең шеткі нүктесі – солтүстік ендіктің 55′26′ – Шығыс Еуропа жазығы орталық бөлігінің оңтүстік шетіне және Британ аралдарының оңтүстігіне (Мәскеу ендігі), оңтүстіктегі ең шеткі нүктесі – солтүстік ендіктің 40′56′ – Завкаказье мен Оңтүстік Еуропадағы Жерорта теңізі жанындағы елдерге (Баку, Стамбул және Мадрид ендігі ) сәйкес келеді. 

Еліміздің шекарасының жалпы ұзындығы шамамен 14 мың километрді, оның ішінде Каспий теңізі бойынша 600 километрді құрайды. Қазақстан Ресей Федерациясымен – 7591,0 км, Өзбекстанмен – 2 351,4 км, Қытаймен – 1 782,75 км, Қырғызстанмен – 1241,6 км, Түркіменстанмен 425,8 километр аралықта шектесіп жатыр. 

Қазақстан аумағының төрттен бір бөлігінен астамын дала, 44 %-ін шөл мен шөлейттер және 14 %-ін ормандар алып жатыр. Қазақстанның өсімдіктер мен жануарлар дүниесі алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Оның аумағында сүт қоректілердің 155 түрі, құстардың 480 түрі, балықтың 150 түрі мекен етеді, тек дәрілік өсімдіктердің 250 түрі кездеседі.

Қазақстанда үлкенді-кішілі 48000 көл бар. Олардың ішінде ең үлкендері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл, Теңіз, Селетеңіз. Қазақстанға Каспий теңізінің солтүстік жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалауының жартысы тиесілі. Каспий теңізінің қазақстандық жағалауының ұзындығы 2340 км құрайды.

Еліміздің мұхиттардан шалғайда орналасуы және аумағының үлкен болуы шұғыл континентальды климаттың, түрлі табиғи зоналардың қалыптасуына және жауын-шашынның аз болуына ықпал етеді. Өңірлер бойынша айтарлықтай ерекшеленетін қаңтар айының орташа температурасы – 19-дан – 4 С градус аралығында, ал шілде айының орташа температурасы +19-дан +26 С градус аралығында болады. Қыста ең төменгі температура 45 градусқа дейін, ал жазда ең жоғары температура +30 градусқа дейін жетеді. Аумақты орманды дала (солтүстік, шығыс), дала (солтүстік, шығыс, батыс, орталық), шөлейт (батыс, орталық, оңтүстік, шығыс) және шөл (батыс, орталық, оңтүстік) табиғи зоналары басып өтеді. Республика аумағының басым бөлігіне желдер тән.

Соңғы уақытта Қазақстан Республикасының аумағындағы апатты табиғи құбылыстарға Каспий теңізі деңгейінің көтерілуін, жер сілкіністерін, апатты гидрометеорологиялық құбылыстарды жатқызуға болады. Аса ірі антропогендік әсерлердің қатарына Арал теңізі бассейнінің тартылуын және ядролық полигондар қызметі салдарының қолайсыз экологиялық әсерін жатқызуға болады.

 

Возврат к списку