Қазақстан халқы Ассамблеясы

Мәдениет

Қазақ әдебиеті — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезiмi, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерiн жырға қосқан батырлық эпостар («Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», т.б.), халық арасына кең тарап, сүйiктi шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағдыры жырланған лиро-эпикалық дастандар («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жiбек», т.б.) қазiргi қазақ әдебиетінің өз алдына мол мұрасы болып саналады; қазақ ауыз әдебиетi ежелгi түркiлердiң арғы ата-тегi саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бiрлiгi көркемдiк дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғылыми негiзде дәлелдендi. Сол себептi б.з.б. дәуiрлерде шығарылған «Алып Ер Тоңға», «Шу» батыр, «Атилла», «Көк бөрi» және «Ергенеқон» дастандары бүгiнгi қазақ әдебиетінiң қайнар-бастаулары болып табылады. Сондай-ақ аталған қаһармандық дастандар өзiнен кейiнгi тарихи кезеңдердегi — Түрiк қағандығы тұсындағы (8 ғ.) әдеби жәдiгерлердiң («Күлтегiн», «Тоныкөк», «Бiлге қаған» жырлары) жазылуына үлгi-өнеге, негiз болды. Түрiк қағандығы тұсындағы жазба әдебиет өзiнен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиетi үлгiлерiмен генезистiк, типологиялық, дәстүрлiк үндестiкте дамыды. Түрiк қағандығы дәуiрiнде шығарылған ерлiк эпосының бiрi — «Қорқыт ата кiтабы». Ал, бұдан кейiнгi Қарахан мемлекетi тұсындағы немесе ислам дәуiрi (10 — 12 ғ.) деп аталатын тарихи кезеңдегi түркi халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы Қайта өркендеу — Ренессанс дәуiрi деуге болады. Бүкiл түркi қауымын әлемге танытқан Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұни, Ахмед Иүгiнеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. осы Қайта өркендеу дәуiрiнде тарих сахнасына шықты. Олар өзерiнiң ғыл. және көркем туындыларында гуманистiк идеяларды, адамгершiлiк пен қайырымдылықты, т.б. iзгi қасиеттердi көтердi. Бұған әл-Фарабидiң «Риторика», «Поэзия өнерi туралы», ибн-Синаның «Даныш-намесi» («Бiлiм кiтабы»), әл-Бирунидiң «Хикметтерi» («Даналық сөздерi»), Махмұт Қашқаридiң «Диуани лұғат ат-түрiк» («Түркi сөздерiнiң жинағы»), Баласағұнидiң «Құтты бiлiгi», Иасауидiң «Диуани хикметi» («Ақыл кiтабы»), Бақырғанидың «Бақырғани кiтабы», т.б. толық дәлел бола алады. Алтын Орда дәуiрiнде (13 — 15 ғ.) Қыпшақ даласындағы түркi халықтарының әдебиетi мен мәдениетi мүлдем жаңа сапалық дәрежеге көтерiлдi. Бұл кезде мемлекет астанасы болған Сарайшық қаласына Батыс пен Шығыстың аса көрнектi ғалымдары, сәулетшiлерi, ақындары, өнер қайраткерлерi, т.б. жиналған едi. Алтын Орда дәуiрi әдебиетi тұсында әл-Хорезмидiң «Мұхаббат-наме», Сайф Сараидiң «Гулистан бит-турки», («Түркi тiлiндегi Гүлiстан», Құтбтың «Хосрау — Шырын», Дүрбектiң «Жүсiп — Зылиха» дастандары ерекше мәшһүр болды. Сондай-ақ, Насреддин Рабғузидiң «Қисса-сул әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы да кең тараған болатын. Қыпшақ тiлiнiң сөздiгi — «Кодекс куманикус» атты кiтап та заман талабы бойынша өмiрге келген туынды едi. Қазақ әдебиеті тарихының ежелгi дәуiрiн танып-бiлуде тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежiрелер де ерекше маңызды рөл атқарады. Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан мұндай шежiрелердi қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы бiлген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетiне тiкелей қатысты түркi тiлiндегi осындай жәдiгерлердiң iшiнен Әбiлғазы Баһадүр ханның «Шежiре-и Түрк» («Түрiк шежiресi»), Қыдырғали Жалайыридiң «Жамиғ-ат тауарих» («Шежiрелер жинағы»), Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-наме», Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиi» ерекше орын алады. Бұлар ежелден-ақ қазақ оқырмандары арасында тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындылар ретiнде қабылданды. Қадым замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әфсанаға айналып кеткен ерлiк тарихынан, көк түрiктердiң ежелгi қаһармандық шежiресiнен сыр шерткен жыр-дастандар бертiн келе, қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдiк тұрғыдан қалыптасуына тiкелей ықпал еттi. Ал, ислам дiнi дәуiрiнде өмiрге келген этикалық-дидактикалық мазмұндағы дастандар мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдiк-философиялық трактаттар, ғибрат сөздер, т.б. қазақ ақын-жырауларының толғау-жырларынан өзiнiң логикалық, тарихи, көркемдiк жалғастығын тапты. Қазақтың ұлттық әдебиетiнiң төл тарихы қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен дербес мемлекеттiгiн құрудан басталады. 15—16 ғасырларда қазақ жыраулары ежелгi түркi поэзиясындағы дидактикалық сарынды мазмұндық, тiлдiк, стильдiк жағынан жетiлдiре түстi, гуманистiк, филос. ой-пiкiрлердi қоғамдық дамудың жаңа асқар биiгiне шығарды; қазақ жыраулық поэзия. Қазақ әдебиетiнiң өскелең бағытын айқындауда 19 ғасырдың екiншi жартысында туған демократиялық ағартушылық әдебиеттiң орны ерекше. Бұл әдебиеттiң өкiлдерi Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов ғы-лым-бiлiм, оқу-өнер арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдiкке жетуге болатынына сендi. Шоқанның ғылыми көзқарасы, қызметi арқылы қазақ елi iшiнде ағартушылық, демократиялық идеялар тарады. Ыбырай әдебиетке деген ұғым, түсiнiктi жаңартып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегi ұлы күш екенiн көрсеттi. Өзi балаларға арналған әңгiмелер, өлеңдер жазды. Көркем сөз өнерiнiң кемелденуi, өлең сөздiң қоғамдық қызметiн көтеру, сол негiзде жаңа көркемдiк әдiс — реализмдi қалыптастыру ұлы Абайдың үлесiне тидi. Ол Еуропа мен орыстың классикалық әдебиетiн еркiн меңгерiп, көркемдiк таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туғызды. Классикалық әдебиет үлгiлерiн қазақ тiлiне аударып, қазақтың төл әдебиетiмен қатар қойды, Қазақ әдебиетінің эстетикалық принципi Абай шығармаларында жүзеге асты. 19 ғ. әдебиетi ұлттық таланттардың көптiгiмен және олардың бiр-бiрiне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседi. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпiрбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әншi ақындар (Бiржан сал, Ақан Серi, Сегiз Серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсiпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәдi Жәңгiров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрiн жалғастырып, халықтық әдебиет үлгiлерiн сақтап жеткiзушiлер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмiр сүрдi. Бұлардың барлығы өз мүмкiндiктерiнше әдеби арнаны толықтырды, өмiрдi өзiнше танып жырлады. Қазақ тiлiндегi алғашқы кiтаптар осы кезде басылды («Өсиет наме» — 1880, «Бала зар» — 1890, «Диуани хикмет» — 1896, т.б.), фольклорлық мұралар жинақталып, жарық көре бастады. Қазақ әдебиетінің көршi халықтар әдебиеттерiмен байланыстары ұлғайып, жаңа аудармалар пайда болды; қазақ әдебиетімен байланыс 20 ғасырдың басындағы Қазақ әдебиеті ұлы Абайдың ағартушылық, демократиялық дәстүрiн жалғастыра отырып, отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсiздiктi аңсау идеясын ашық және батыл көтердi. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов қазақ халқының тарихи-мәдени дамудан кенже қалып, қараңғылықта отырған күйiн суреттеп, елдi өнер-бiлiмге үгiттедi. Жаңалыққа енжар, ұйқыда жатқан қазақты бiрi «Маса» боп құлағына ызыңдап, бiрi «Оян, қазақ» деп, бар дауыспен жар салды. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбiрмен оянғандар едi. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ әдебиетін көркемдiк-эстетикалық тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетiлуiне үлес қосты. Оның «Қамар сұлу», «Кiм жазықты?» атты романдары, «Адасқан өмiр», «Кедей», «Таныстыру», «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» поэмалары, лирикалық өлеңдерi, публицистикалық мақалалары ақынның әр саладағы iзденiстерiн танытты. Әдебиеттегi сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрiстетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетiлеуов, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулi еңбек сiңiрдi. Олар ақындық өнердi әр жағынан жетiлдiрдi. Сәбит шағын, сюжеттi өлеңдер мен мысал жанрында өнiмдi еңбек етсе, Бернияз заман шындығын лирикалық өлеңдермен ашуға ұмтылды. Ауыл мектептерiнде сабақ берген Спандияр мен Бекет еңбектерi олардың ұстаздық, ағартушылық көзқарастарымен байланысты едi. Көбеев «Қалың мал» атты роман жазды. «Айқап» журналын шығарған белгiлi журналист Сералиннiң әлеуметтік теңсiздiктi бейнелейтiн дастандары («Гүлқашима», «Топжарған») басылды. Отаршылдық қанауды, ел билеу жүйесiндегi саясатты, қазақ қоғамының мешеу күйiн сынауда Ғұмар мен Нарманбет өлеңдерi едәуiр көркемдiк табысқа жеттi. Бұл дәуiрдегi әдебиет ақын-жазушылардың ұстаған жолы мен көркемдiк iзденiстерi, бағыт-бағдары жағынан бiркелкi емес едi. Олардың iшiнде таза қазақы дәстүрге сүйенген, аракiдiк шығыс әдебиетiнен хабары бар ақындар тобы болды. Олар да ел iшiн жайлаған надандықты, ел билеушiлердiң әдiлетсiздiгiн, патшаның отаршылдық саясатын сынады. Мәшһүр-Жүсiп Көпеевтiң, Нұржан Наушабаевтың реалистiк өлеңдерi дәуiр шындығын ашып көрсеттi. 20 ғасырдың басындағы әдебиеттi толықтыруда «Исатай-Махамбет» дастанының авторы Ығылман Шөрековтi де, қазақ әдебиетінің дәстүрлi саласын дамытқан әншi-ақындар легiнде (Майра, Иманжүсiп, Мәди, Кенен, Үкiлi Ыбырай) атап айтуға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң батырлары Амангелдi, Бекболат, т.б. туралы жырлар туды. Көтерiлiске байланысты туған халық поэзиясы ғасыр басындағы әдебиеттiң демократиалық-халықтық бағытын толықтырып, оны жаңа мазмұнмен байытты; Қазақ халық поэзиясы. Қазақ әдебиеті тарихында кеңес дәуiрi ерекше iз қалдырды. Бұл кезең, негiзiнен, ұлттық әдебиеттiң өрлеу жолынан өткен, жанрларын байытқан, одақтық, сол арқылы, әлемдiк әдебиетпен қарым-қатынасқа түскен шағы болды. Алайда, әдебиеттiң даму қарқыны үнемi бiркелкi болмады. «Әдебиеттiң партиялылығы» принципi оның тақырып таңдауына керi әсер еттi. Әдебиетте науқаншылдық өрiстеп, адамзат мүддесiне ортақ мәселелер жеткiлiксiз көтерiлдi, оның алдына бiрыңғай кеңестiк жүйенiң «артықшылығын» дәлелдеу мiндетi қойылды. Соған қарамастан ұлттық әдебиет туған халқының өмiрiмен байланысын үзген жоқ, оның қайшылықты өмiр жолын көркемдiкпен тануға ұмтылды. Әдебиетшiлердiң бiр тобы Кеңес өкiметiнiң теңдiк, әдiлдiк ұрандарын қолдап жаңа жырлар туғызды. Олардың басында Сәкен Сейфуллин тұрды. Сейфуллин жырларында азаттық, теңдiк аңсаған, сол үшiн күрескен жаңа адамның бейнесi жасалды. Ол табиғат суреттерi мен махаббатты, сезiмдi жырлаған лирикалық өлеңдер, поэмалар («Көкшетау», т.б.), прозалық шығармалар («Тар жол, тайғақ кешу») жазды. Сәкен бастаған бағытқа Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров, Шолпан Иманбаева, Сәбит Мұқанов, т.б. ақын-жазушылар үн қосты. Олар қазақ жерiнде жаңа туа бастаған кеңестiк шындықтың жарқын жақтарына ризашылық бiлдiрiп, шаттық жырын жырлады. Алайда, 20-жылдардағы ашаршылық пен шаруаларды күштеп ұжымдастыру, қолдағы малды тартып алу, содан туған қуғын-сүргiн көшпелi елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн қиындатып жiбердi. Бiрақ бұл жағдайды суреттеуге кеңес әдебиетi бара алмады. Осы олқылықтың орнын Мағжан Жұмабаев шығармалары ғана толықтыра алды. Большевиктер билiгiн қабылдамаған Мағжан демократиялық әдебиет дәстүрiн жалғастыра отырып, халық басындағы қайғылы тұстарды көркем суретке түсiрдi. Ол өмiрдiң мұңды, қайғылы жақтарына көп үңiлдi, өкiнiш пен күйiнiшке бой алдырды. Бiр мезгiл орыс декаденттерiне елiктеп өлеңдер жазды. Мағжанның махаббат пен табиғат жырлары да қазақ лирикасының ең жарқын беттерi болып саналады. Сәкен мен Мағжан шығармалары 20-жылдардағы Қазақ әдебиетіндегі екi сарынның бейнесi iспеттi. Жаңашыл жас ұрпақ Сәкен маңына топтасты. Әдебиеттiң өмiр жаңалықтарын зерттеп, жаңа тақырыптарды игеруге бет бұрды. Азаматтық, саяси лирика дамыды, лирикалық-публицистикалық поэмалардың үлгiлерi туды. Көркем проза, драматургия даму жолына түстi. Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов осы екi жанрда бiрдей елеулi шығармалар бердi. «Қилы заман», «Қараш-қараш» оқиғасы, «Қартқожа», «Ақбiлек», т.б. повестер мен романдар, «Еңлiк-Кебек», «Қаракөз», «Мансапқорлар», «Шернияз» сияқты пъесалар жазылды. Әңгiме жанрында Майлин жемiстi еңбек еттi. Әдебиетшi кадрлар қатары өсiп шықты. А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин, С.Шәрiпов, Ж.Тiлепбергенов, Е.Бекенов, М.Дәулетбаев, т.б. шығармалары әрқилы әлеуметтік көзқарастарына қарамастан, 20-жылдар әдебиетiнде жаңа бетбұрыс жасалғандығын көрсетедi. Мұндай қарқынды бұған дейiн ешбiр әдебиет тарихы көрiп-бiлген емес. Оған азаттық идеясының әсерi болғаны даусыз. 30-жылдар Қазақстан экономикасын, мәдениетiн кеңес саясатына ыңғайлау ұранымен басталды. Соц. реализм әдiсi қабылданып, әдебиет соц. шындықты бекiтетiн материалдар негiзiнде жұмыс iстейтiн болды. Бұл, белгiлi дәрежеде, әдебиеттiң еркiндiгiн шектедi. Осы шектеуге алдымен қазақ поэзиясы ұшырады. Ол 30-жылдары, негiзiнен, жаңа соц. отанды мадақтауға, елдi индустрияландыру, ұжымдастыру науқандарын паш етуге бағытталды. Адам ойын, сезiмiн, сүйiспеншiлiгi мен күйiнiшiн, табиғатпен байланысын жырлау саясаттан тыс саналды. Халықты «Бесжылдықты төрт жылда орындау» ұранына шақыру орын алды. Iстелген iстердi тiзбелеу, жаңалықты тамашалау сарындары көбейдi. Бұл — қазақ лирикасының өсуiне кедергi жасады. Оның есесiне публицист. поэзия iлгерiлеп, азаматтық лирика едәуiр есейдi. Эпикалық поэзияның бүгiнгi күн тақырыбын жырлаған үлгiлерi де сәтсiз болды. Тек тарихи тақырыпта ғана (I.Жансүгiров: «Күйшi», Қ.Бекхожин: «Ақсақ құлан», И.Байзақов: «Ақбөпе») табысты шығармалар туды. 30-жылдары эпикалық проза жақсы өстi. Майлиннiң «Азамат-Азаматыч», Жансүгiровтiң «Жолдастар», Мұқановтың «Темiртас», «Жұмбақ жалау» («Ботагөз»), М.Дәулетбаевтың «Қызылжар», С.Ерубаевтың «Менiң құрдастарым», Ғ.Слановтың «Дөң асқан» романдары жазылып, бұл жанрды қазақ әдебиетінде орнықтырды. Майлиннiң, Әуезовтiң, Сейфуллиннiң, Мүсiреповтiң, Шәрiповтiң әңгiме-повестерi жарияланды. Драматургияда Жансүгiров, Майлин, Әуезов, Мүсiрепов жемiстi еңбек еттi. 30-жылдар әдебиетiнде жалпы қоғам өмiрiндегi халықтық энтузиазмге құрылған жаңа үн бар едi. Әдебиет соны үлгi ете отырып, өмiрдi толық игеруге бет бұрды. Бiрақ, 1937 — 38 ж. қуғын-сүргiн кезiнде елде қоғамның бүкiл даму заңдылықтары бұзылып, «халық жауларын» iздеу басталды. Сейфуллин, Байтұрсынов, Жұмабаев, Майлин, Жансүгiров атылды. Әуезов, Мұқанов, Мүсiрепов қуғынға ұшырады. Әдебиет саласындағы бұл дағдарыс екiншi дүниежүз. соғысқа дейiн жалғасты. Бұл жылдардың әдебиетке қойған өз талабы болды. Ол майдан мүддесiне қызмет етiп, халықты басқыншы жауға қарсы отан қорғау рухында тәрбиелеуге, майдан батырларының ерлiгiн жырлауға тиiс болды. Өлең саяси үгiт құралына айналды. Қазақ поэзиясы бұл мiндетiн жаман орындаған жоқ. Сонымен бiрге, соғыстың адам басына салған ауыртпашылығын солдаттың сезiмi арқылы суреттеу өрiс алды. Бұл тұрғыда майдангер ақындар Қ.Аманжолов, Д.Әбiлев, Ә.Сәрсенбаев, Бекхожин жақсы жырларымен көрiндi. Үлкен прозада бұл кезеңде қазақ әдебиетіндегі, тiптi кеңес әдебиетiндегi ең үздiк туындылардың бiрiне айналған М.Әуезовтiң «Абай» романының бiрiншi кiтабы жарияланды. Соғыстан кейiнгi дәуiрде Қазақ әдебиетінiң қарқынды iзденiстерi айтарлықтай табысқа жеттi. Партияның идеологиялық салада бiраз қаулылар («Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы», «Драма театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы», т.б.) қабылдап, әдебиеттiң еркiндiгiн шектеуiне қарамай, эпикалық проза үлкен табыстарға жеттi. Әуезовтiң («Абай»), Мұқановтың («Ботагөз», «Сырдария»), Мүсiреповтiң («Қазақ солдаты»), Мұстафиннiң («Миллионер») есiмдерi Одаққа кең тарады. Олардың кiтаптары шет ел тiлдерiне аударылды. Осыған жалғас «Абай жолы», «Оянған өлке», «Қарағанды», «Дауылдан кейiн» романдары жазылып, жоғары бағаға ие болды. М.Иманжанов, Қ.Жармағамбетов, С.Бақбергенов, С.Шәймерденов, З.Қабдолов, т.б. жазушылардың әңгiме-повестерi туды. Қазақ поэзиясы соғыстан кейiнгi халық ш-н қалпына келтiрiп жатқан еңбек адамдарының жан сезiмiн суреттеуге қызмет еттi. Бұл салада Ғ.Орманов, Аманжолов, Ж.Саин, С.Мәуленов көркем туындыларымен көзге түстi. Т.Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты», «Қырда туған құрыш», Х.Ерғалиевтiң «Бiздiң ауылдың қызы», Әбiлевтiң «Алтай асулары», Бекхожиннiң «Мәриям Жагор қызы» поэмалары туды. Драматургияда Ә.Әбiшев, Ә.Тәжiбаев, Ш.Хұсайынов жаңа шығармалар («Достық пен махаббат», «Көктем желi», «Дубай Шубаевич») бердi. 50-жылдарда жеке адамға табынушылықты сынау мен елдiң iшкi нормаларын демократияландыру саясаты әдебиетке бiрсыпыра жеңiлдiк әкелдi. Әдебиетке қойылған қасаң тәртiп босаңсып, «жылымық» туды. Мұның өзi жазушылардың шығармашылық белсендiлiгiн арттырды, олар өмiрдi боямалап көрсетуден бас тартып, заман шындығын қайшылықты құбылыстар арқылы тануға ұмтылыс жасады. Бұл iзденiс Әуезовтiң «Өскен өркен», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», «Боран», Т.Әлiмқұловтың «Ақбоз ат», Ә.Нұрпейiсовтiң «Қан мен тер», С.Жүнiсовтiң «Жапандағы жалғыз үй», З.Шашкиннiң «Сенiм», «Темiртау» романдарынан көрiндi. Х.Есенжановтың тарихи романдары, Б.Момышұлының әскери прозасы жарық көрдi. Идеологиялық шектеудiң әлсiреуi, 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың шығармашылық iзденiстерiне тың шабыт бердi. Олар адам өмiрiн жан-жақты тереңдiкпен, философиялық ойшылдықпен жырлауда, оның бойындағы ой, сезiм еркiндiгiн ашуда елеулi табыстарға жеттi. Поэзияда Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ж.Нәжiмеденов, Т.Айбергенов, прозада Ш.Мұртаза, Ә.Әлiмжанов, Ә.Кекiлбаев, М.Мағауин, С.Жүнiсов, Қ.Жұмадiлов, Д.Исабеков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Д.Досжанов есiмдерi қазақ оқырман қауымының сүйiспеншiлiгiне бөлендi. 70 — 80-жылдары қазақ әдебиеті Ф.Оңғарсынова, К.Салықов, М.Айтхожина, С.Иманасов, М.Шаханов, И.Оразбаев, Ж.Жақыпбаев, т.б. таланттар есебiнен толыға түстi. Қазақ әдебиетінің үлкен бiр саласы — балалар әдебиетi. Сапарғали Бегалин, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, М.Қабанбайдың әңгiме, повестерi жас оқырмандардың сүйiктi шығармаларына айналды. Балалар прозасын бағдарлағанда, қаламгерлердiң шеберлiгi шыңдалып, психологиялық талдауларға батыл барғанын және бұл жолда балалар прозасы мен поэзиясы табыссыз емес екендiгiн аңғаруға болады (қ. Қазақ балалар әдебиетi). 1960 — 90 ж. iшiнде Қазақ әдебиетінде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейiн қазақ жазушылары елдiң тәуелсiздiгi мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкiндiк алды. Бұл тұрғыда I.Есенберлиннiң («Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Алтын Орда»), Мұртазаның («Қызыл жебе»), Мағауиннiң («Аласапыран»), Кекiлбаевтың, («Үркер», «Елең-алаң») Ә.Әлiмжановтың («Жаушы», «Ұстаздың орлауы», «Махамбеттiң жебесi»), Жүнiсовтiң («Ақан Серi»), С.Сматаевтың («Елiм-ай») тарихи романдары қазақ әдебиетінің қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгiсi бүгiнгi күн тақырыбына шығарма жазушылар үшiн де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмадiловтiң, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидiң, т.б. жаңа романдары дәуiр шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуiр әдеби-көркемдiк жетiстiктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың «Әке мен бала», «Жоғалған дос», Әбiшевтiң «Нұрлы жаңбыр», Жүнiсовтiң «Ай тұтылғанда», Ысқақтың «Таңғы жаңғырық», Исабековтiң «Әпке», «Мұрагерлер», М.Хасеновтiң «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтiрiк бөрiк астында», Н.Оразалиннiң «Шырақ жанған түн», Р.Сейсенбаевтың «Түнгi диалог», «Нартәуекел» пьесалары табыспен жүрдi. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргiн оқиғаларын жазуға мүмкiндiк алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. iшкi өзара байланысымен, адамның iшкi жан дүниесiне, мiнезiне үңiле назар аударуымен, экология, урбанизация, ғылыми-техникалық жетiстiктер көкейтестi, т.б. жайларға көңiл аударуымен ерекшеленедi. Тәуелсiздiк жылдарының рухани нәтижесi Нұрпейiсов («Соңғы парыз»), Қабдолов («Менiң Әуезовiм»), Мұртаза («Ай мен Айша»), Мағауин («Сары қазақ»), Жүнiсов («Аманай мен Заманай»), Нұршайықов («Жазушы мен оның достары»), Ысқақ («Ақсу туралы аңыз»), Тоқтаров («Абайдың жұмбағы»), Сматай («Жарылғап батыр»), С.Елубай («Тағзым»), Мұратбеков («Ай туар алдында»), Исабеков («Ай-Петри ақиқаты»), Тарази («Қара жұлдызға сапар»), Жұмадiлов («Тағдыр»), А.Жақсыбаев («Тiрек»), Қ.Исабаев («Шоң би»), Д.Досжан («Құм кiтап»), Б.Мұқай («Өмiрзая»), Ә.Сарай («Едiл-Жайық»), О.Сәрсенбай («Шеңбер»), т.б. көрнектi жазушылардың роман, повесть, әңгiмелерiнде көрiнiс тапты. Әдеби онжылдықта қазақ әдебиетінің дәстүрлi жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерiлдi. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңiл-күйдiң байлығы, суреттеу тәсiлдерi мен құралдарындағы батыл iзденiстер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. iзденiстердiң молаюына түрткi болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған Кекiлбаевтың «Абылай хан», Ш.Құсайыновтың «Томирис», М.Байсеркеновтың «Абылай ханның ақырғы күндерi» тарихи драмалары ендi ғана тәуелсiздiк алған елдiң егемендiгiн сақтап қалудағы қиын күрестiң тiрегiн iздеудiң ерекше түрi iспеттi болады. Қазақ әдебиеті өзiнiң бүкiл даму барысында күрделi де қайшылықты жолдардан өттi. Бүгiнгi қазақ ұлттық әдебиетi өсiп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнектi авторлары бар, әлемдiк әдебиет деңгейiне көтерiлдi. Қазақ өнерi. Қазақстан жерiнде кезiгетiн бейнелеу өнерiнiң алғашқы нұсқалары палеолит дәуiрiне жатады. Олар Қаратау мен Хантау тауларында тасқа қашалған жан-жануарлар тұрпаты түрiнде кездеседi. Неолит және қола дәуiрiнде тасқа бедерленген Баянауыл үңгiрiндегi (Павлодар обл.), Таңбалы аңғарындағы (Алматы обл.) бейнелер (бұғы, арыстан, садақты аңшы, арбаға жегiлген бұқа, сиыр, т.б.) мен Балқаш көлінiң солтүстік жағасындағы жақпар тастардағы суреттер (келiншектiң қасындағы екi ер кiсiнiң жекпе-жек қылыштасуы, т.б.) қазақ жерiн мекендеген тайпалардың негiзгi кәсiбiн, әдет-ғұрпын баяндайды. Көптеген шекiме суреттердiң сюжетi жыртқыш аңдардың аша тұяқтыларға шабуылына, дiни нанымға құрылған. Суреттер нобайына iшiнара қына түстi бояу жағылған. Андрон мәдениетi мұрасына саналатын геом. өрнектi қыш ыдыстар, қалыптау арқылы жасалған бұйымдар, күн шапағы бейнеленген қола құрал-жабдықтар Орталық, Солтүстік және Батыс Қазақстан аумағында жүргiзiлген қазба жұмыстары кезiнде ашылды. «Таңбалы тастағы» (Алматы обл.) б.з.б. 2 ғ-дағы тасқа бедерленген Будда бейнелерi (көп қолды Чон-Рай-Сик, Мун-Сақ Будда, Манла Будда) шекiме суреттердiң озық үлгiлерiнiң бiрiнен саналады. Осы жартастарда 16 — 17 ғасырларда салынған суреттер де бар. Дiни нанымдағы суреттер Алтай мен Тарбағатай аймағында да ұшырасады. Қола мәдениетiнiң соңғы кезеңiне саналатын Беғазы-Дәндiбай мәдениетi тұсында (б.з.б. 9 — 8 ғ-лар) көне өнер түрлерi жаңа үлгiлермен толыға түскен. Б.з.б. 7 ғасырда көшпелiлер одағының нығайып, әлеумет құрылысы мен шаруашылықтың дамуына байланысты б.з.б. 4 ғасырда байырғы сақ, ғұн, үйсiн өнерi гүлдендi. Қол өнерi мен сән өнерiнiң ағаш ұқсату, зергерлiк өнерi, кесте және кiлем тоқу салалары дамыды. Ертiс, Шiдертi, Өлеңтi, Сiлетi, Есiк, Түрген, Iле өзендерi және Орталық Қазақстан мен Сыр бойындағы, Баянауыл, Сауыр тауларының етегiндегi обалар мен қорымдардан табылған көне заман бұйымдары, жиһаздық заттар көшпелi тайпалар өнерiнiң даму кезеңiн көрсетедi. Скифтердiң аңдарды бейнелеу нақышы Қара т. үстiртiне қарағанда қазақ жерiнде бұрын дамығанын дәлелдейдi. 1970 ж. Алматы обл. Есiк қаласы маңынан табылған алтын бұйымдар («Алтын адам», бұғы, арқар, жолбарыс, жылқы, барыс бейнелерi) да — б.з.б. 6 — 5 ғасырларда қазақ жерiн мекендеген тайпалардың өнер үлгiлерi. Ежелгi зергерлiк өнерi бұйымдарын асыл таспен әшекейлеу алғаш ғұн, үйсiндерде, кейiннен оғыз, қыпшақтарда қолданылған. Сақ дәуiрiнде бұл әдiс көп тарамаған. Үйсiн зергерлiк өнерiнде көркем оймыш, бедерлеу және инкрустация тәсiлдерi басым пайдаланылды. 6 — 8 ғасырларда байырғы сақ, ғұн, үйсiн өнерi негiзiнде байырғы түрiк өнерi дамыды. Бейнелеу өнерiнiң кейбiр салаларының аттары қалыптасты. Қолөнерiне маманданған шеберлер (зергер, бәдiзшi, сәулетшi, т.б.) шықты. Суреттер сюжеттiк жағынан байи түстi. Жұмырлап жасалған тас мүсiндер, тастан қашалған құс пен балық бейнелерi, барельефтер, ағаш, сүйек, ою, асыл тас жұмырлау өркендедi. Байырғы түрiк өнерi кезеңiнен бастап қазақ жерiнде мүсiн өнерi кең етек алды. Мүсiндер Торғай өзені мен Ұлытау төңiрегiнен бастап, Сарыарқадан күншығысқа қарай созылып, Алтай, Тарбағатай тауларына дейiн, Оңтүстік Қазақстанда Қаратаудың екi жақ етегiнде, Бурылтау, Талас тауларының, Алатаудың жазық алаңқайларында ұшырасады. Мүсiндер Түрiк қағандығы (6 — 8 ғасырлар), қыпшақ заманы (7 — 13 ғасырлар) кезiндегi мүсiн тастар болып екi топқа бөлiнедi. Көпшiлiгi адам бейнесiнiң нобайын ғана көрсететiн дөрекiлеу түрде жасалғанымен, iшiнара бет әлпетi мен тұлғасы айқын суреттелген жұмыр мүсiндер де кездеседi. 16 — 18 ғасырларда тас мүсiн қашау жойылып, оның орнына ою-өрнек және араб жазуларымен әсемделген құлпытастар көптеп жасала бастады. Байырғы сақ, ғұн, үйсiн өнерiнде кiлемдер мазмұнға құрылған суреттермен әсемделсе, 5 — 7 ғасырларда көп тараған қазiргi қазақ кiлемiнiң үлгiлерi қалыптасты. Ясы, Отырар, Сығанақ, Тараз, Сайрам, Құлан, Мерке, Баласағұн, т.б. қалаларда 8 — 12 ғасырларда өнердiң көптеген салалары (көзешiлiк, бедерлеу, көздеу) өркендедi. Осы заманның киiз үй түрiндегi қыш ыдыстары; бедерлеу, кесу, жапсыру арқылы жасалып, түрлi түстi бояумен (қара, қоңыр, сары, қызыл) жылтыратылған қабырға өрнектер мен су құбырлары; ромб не шеңбер түрiндегi үлкен әрi анық ұлттық ою-өрнектермен әсемделген терiден, металдан жасалған бұйымдар — өркендеген өнердiң дәлелi. Архитектуралық құрылыстардың сыртқы қабырғалары, iшкi еңселерi мен күмбездерi ғимарат құрылымымен үндес тартымды ою-өрнектермен әсемделiп отырды. Азия мен Еуропадағы күмбездi архитектуралық құрылыстар секiлдi қазақтың киiз үйi ежелгi замандардан қазiрге дейiн халық қол өнерiнiң үздiк үлгiлерiн жинақтаған қазына iспеттi. Киiз үйдiң iшi мен сырты, бау-басқұры секiлдi жиһаздық заттары тартымды әрi биязы ою-өрнекпен әсемделдi. Сәндiк, тұтыну заттарынан басқа да басқұр, алаша, тықыр кiлем, кебеже, т.б. қолөнерi бұйымдары киiз үй iшiн безендiруде басты орын алады. Алтын зер және жiбек жiптермен кесте тоқу, ағаш ұқсату өнерi, ағаш пен сүйектi жымдастыру арқылы көркемдеу, терi ұқсату, зергерлiк өнерi де күштi дамыған (қ. Қазақ қол өнерi). 19 ғасырда Қазақстанда болған орыс суретшiлерiнiң (В.В. Верещагин, т.б.) қазақ халқының өмiрi мен тұрмысын бейнелеген картиналары өмiрге келдi. 1847 — 57 жылдары қазақ жерiне жер аударылған Т.Г. Шевченко дала өмiрiнiң көрiнiстерiне құрылған сериялы суреттерiнде жергiлiктi халық тұрмысын шыншылдықпен бейнеледi. Ағартушы ғалым, әрi қазақтың тұңғыш суретшiсi Ш.Ш. Уәлихановтың сулы бояу және қаламмен салған портреттерi мен суреттерi («Үлкен Орданың қазақтары», т.б.) 19 ғасырдың ортасында салынды. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңiнде өзiне тән музыкалық дәстүрi дүниеге келдi; соның нәтижесiнде бай музыкалық мәдениетi қалыптасты. Бесiк жыры, үйлену тойлары мен жерлеудегi салт-жоралар әнмен айтылды. Ақындар айтысы халықтың көп жиналып, ұйып тыңдайтын өнер сайысына айналды. Халық музыкалық шығармашылық негiзiнен пентатоникалық белгiлерi басым жетi тонды диатоникалық мажор мен минорлық ырғақтарға негiзделдi. Эпостық жырлар речитативтi әуенде жырланды. Қазақ халқының тарихи қалыптасу ерекшелiктерiне қарай музыкалық шығармалардың әуендiк сипаты түрлiше әрi әншiлiк, күйшiлiк, орындаушылық дәстүрiнде де айырмашылықтары болды. Орындаушылық дәстүрдiң түрлерi: домбыра немесе қобыздың сүйемелiмен ән салу, муз. аспаптарда күй тарту, т.б. «жар-жар», «сыңсу» сияқты тойларда айтылатын әндердiң қайырмалары көп дауыспен орындалды. Шығармалар тақырыбы мен музыкалық айшығына орай: космол. (жұлдыз, Ай, Күн және басқа планеталар жайлы), демонол. (жалмауыз кемпiр, жын-шайтан, перi, т.б.), бақсылардың емдiк әндерi, эпикалық әндер, ертектер, мысалдар, еңбек әндерi, тұрмыс-салт әндерi, лирикалық әндер, тарихи әндер, т.б. болып жiктеледi. Аспаптық муз. үзiндiлерiнде соғыс көрiнiстерi, батырлар сайысы, бәйге, қыран құстың самғауы, қасқырдың ұлуы муз. тiлiмен бейнелендi. Халық музыкасы мазмұнына қарай әр түрлi қызмет атқарды. Әсiресе бөбектер ойынын бейнелейтiн музыка өзiнiң ықшам, қысқа, бiр ырғақты, шағын көлемдi, диапазоны мен формасының қарапайымдылығымен үй iшiнде орындауға ыңғайлы болса, лирикалық және әлеуметтік, тарихи тақырыптағы әндер мен күйлердiң әуендiк диапазонының кеңдiгi, мәнерiнiң әртүрлiлiгi, ырғақтық құрылысының күрделi болуы орындаушыдан үлкен шеберлiктi талап еттi. Қазақ музыкасының тарихи даму жолында ұлттық өнердiң өшпейтiн классикалық шығармаларын тудырған дарынды күйшi-композиторлар шықты. Аты аңызға айналған Қорқыт (8 — 9 ғ-лар), музыкалық нота жазуының алғашқы үлгiлерiн ойлап тапқан Әбу Наср әл-Фараби (870 — 950), 15 ғ-да өмiр сүрген Қазтуған мен Асан қайғы — қазақтың өткендегi дамыған муз. мәдениетiнiң дүлдүл өкiлдерi; Қазақ халқының би мәдениетi ежелден-ақ белгiлi болған. Би — ұлттық өнердiң басқа да түрi сияқты халық тұрмысына берiк енiп, олардың әдет-ғұрып ерекшелiгi мен iс-әрекетiн бейнелейтiн өнерге айналды. Бұрыннан сақталып келген еңбек қимылын көрсететiн халық биi «Өрмек би», аңшылар өмiрiн бейнелейтiн «Қоян би», әзiл-сықақ пен күлкiге құрылған «Аю биi», «Насыбайшы», «Ортеке», «Қаражорға», «Тепеңкөк» билерi — ежелгi би мәдениетiнiң куәсi. Би қазақ халқының тұрмыстың болмысын, өнер сүйгiштiгiн жан-жақты аша түседi. Музыкалық фольклорда сахнада өлең айту, би билеу, билеп жүрiп ән айту, т.б. сақталған. Халық арасында еңбек жылын қорытындылауға байланысты мереке өткiзу, салтанат құру кең етек алды. Той-думандарда өнерпаздар би арқылы өнер жарысына түсiп, көрермендерге өздерiнiң бишiлiк шеберлiгiн көрсететiн болған. Қазақтарда өзбек, тәжiк және басқа мұсылман дiнiн ұстаған шығыс халықтарында сирек ұшырасатын қыз бен жiгiттiң қосылып билейтiн жұп билерi («Қоян-бүркiт») кездеседi. Бишiлiк өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасты, әр тайпаның өз өнер шеберлерi болды. Олар сарайда және көпшiлiк алдында өнер көрсететiн сайқымазақ-қуақы ретiнде танылды. Қазақтың халық билерiнiң канондық түрi болған жоқ. Би өнерi импровизациялық тұрғыда орындалды. Би сайыстарында эмоциялық жарқын сипат хореогр. көрiнiстермен ұштастырылды. Бұл ерекшелiктер «Ұтыс» және «Сылқыма» билерiнен көрiнедi. Ат үстiнде билеу өнерiнiң де өзiндiк ерекшелiктерi болды. Ерттеулi аттың үстiнде тұрып билеу, атты өзiнiң ырғақ сазына бағындыратын нағыз кәсiби бишiнiң ғана қолынан келетiн; қ. Қазақ биi.

Возврат к списку