Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Қараша, 2016

1148

«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 25 ЖЫЛ» ЖАЛПЫРЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШЫҒАРМА БАЙҚАУЫ

24 қараша Ақтау қаласы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтойына орай, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» тақырыбында шығарма жазудан жалпыреспубликалық байқау өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өткізілген байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастар арасында Тәуелсіз Қазақстан үшін мақтаныш сезімі мен патриоттық сезімді ояту, қоғамдық келісім мен тәуелсіздік идеяларын дамыту.

Байқауда Маңғыстау облысы білім басқармасының орта мектептерде өткізген шығармашылық байқауларының іріктеу кезеңінен өткен, өзге ұлт өкілдерінен құралған 26 қатысушы бақ сынасты. Олар  жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлінді: 1-топ – 6-7 сыныптар; 2 топ – 8-9 сыныптар; 3-топ – 10-11 сынып оқушылары.

Маңғыстау облысының ҚХА төрағасының орынбасары-хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Мақсұтқызы қатысушыларға байқау ережелері мен шарттарын түсіндірді. Шығармаға арқау болатын идеялар тастап, сәттілік тіледі. Оқушылар берілген 1 сағат 20 минут уақытты тиімді пайдаланып, белгіленген уақытта шығармаларын жазып бітірді.

Әділ-қазылар алқасы шығармаларды тексеріп, бағасын беремін дегенше, «Қоғамдық келісім» КММ ұйымы оқушыларды «Достық үйімен» таныстырды. Мұражайдағы өзге халықтардың ұлттық құндылықтарын көресетті. Кітапхана, этномәдени бірлестік өкілдерінің кабинеттері, жастар ұйымы және медиация кабинеттерімен таныстырды.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Жас категорияларына байланысты 1-ші орын үш қатысушыға берілді. Олар 6 сынып оқушысы, ұлты татар – Аймира Мухаметшина, 9 сынып оқушысы, ұлты өзбек – Шахноза Юсупова, 10 сынып оқушысы, ұлты шешен – Карима Салихова. Жеңімпаздар дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Өзге де қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Топты жарып шыққан жеңімпаздардың шығармалары республикалық кезеңге жолданады.

Маңғыстау облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай