Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Қазан, 2018

1581

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Мәдениет үйінде 2 қазанда «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпаздарымен «Жастардың алтын бесігі» тақырыбында кездесу өтті.

Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Мәдениет үйінде 2 қазанда «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпаздарымен «Жастардың алтын бесігі» тақырыбында кездесу өтті.

TEDx форматында өткен іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ауданның мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

Кездесу модераторы — ҚХА мүшесі, Астана қаласындағы «Ахыска» Қазақстан түріктер қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы, блогер Әскер Пириев сөзін Қорғалжын ауданы туралы әңгімеден бастады. Атап айтқанда, ол Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығын африкалық сафариден кем түспейтін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне кіретін екі қазақстандық қорықтың бірі деп атап өтті.

«Бір жыл бұрын «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы өз жұмысын бастады, жеңімпаздар құрметке лайық азаматтар арасынан анықталып алынды. Бүгінде бұл жоба жалғасуда. Менің ойымша, әркім тарихқа енуге ұмтылуы тиіс», — деді блогер.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, іс-шара қонақтарының бірі, қазақстандық жас домбырашы-әнші Алексей Лодочников өзінің жетістігінің тарихы туралы айтып берді. Ол сөзін қазақ тілінде сөйледі, өйткені бес жасында Павлодар облысының Қашыр балалар үйінде тілді үйрене бастаған, артынша домбырада ойнап үйренуге қызығушылығы туған.

«Қазір мен музыкалық колледждің төртінші курс студентімін («Музыкалық колледж — дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені» ММ). «Домбырамен халық әнін орындау» мамандығы бойынша білім алудамын. 2011 жылы Павлодар облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Президенті келгенде, мен сөз сөйлеп, домбырада Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындадым. Ол менің орындауыма тәнті болып, Астанаға шақырды, мен осы әнді бүкіл әлемге танымал Димаш Құдайбергеновпен орындадым. Бұл — мен үшін құрмет», — деді спикер.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы айта келе, жеңімпаздар арасында еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, Қазақстанды халықаралық деңгейде әйгілеген адамдар бар екенін атап өтті.

«Иә, мен мемлекеттік тілді білемін. Қазақстанда тұрып жатқандықтан, біз қазақ тілін білуге тиістіміз», — деді А. Лодочников.

Әскер Пириев Мемлекет басшысы мен Алексейдің кездесуі туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Президент жас домбырашы-әншіге егер ол өзінің домбырада ойнау дағдыларын дамытуды жалғастырса, онда елордаға шақыратынын айтты, түбінде солай болды.

«Ешқашан өз мүмкіндіктеріңізді жете бағаламауға болмайды және алдымызға ауқымды мақсаттар қою керек, болашаққа көзқарас болу керек, үміттеніп ұмтылу керек», — деді модератор.

Домбыраның виртуозды орындаушысы қатысушылар сияқты аудандық мектепте оқығанын қоса айтып кетті. Оның үлкен армандары болған. Соның бірі — Президентпен кездесу.

«Менің арманым орындалды. Менің екінші арманым бір сахнада Димаш Құдайбергеновпен бірге ән шырқау еді. Ол да орындалды. Үшінші — ән жазу. Бүгінгі күні менде интернетте тыңдауға болатын төрт авторлық туындым бар. Басқа да армандарым жүзеге асырылуда», — деді қазақстандық домбырашы. Өзінің сүйікті шығармаларының бірі — Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін орындады.

Музыкалық үзіліс Астана қаласы Мемлекеттік Академиялық филармониясының әншісі, Қазақстан Республикасының мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Жан шуақ» сыйлығының иегері Саида Қалықовамен жалғасты.

Алты жасында ол қазақ мектебіне барып, фортепианода үйренуді бастады. Одан басқа кітап оқуды жақсы көрді. Алайда, ол үшінші сыныпта оқыған кезде, сәтсіздікке ұшырап, көру қабілетінен айырылды.

«Біз бізге не болатынын және не болуы мүмкін деп болжай алмаймыз. Мұндай жағдайлардан ешкім қорғалмаған... Дәрігер менің басымда ісік бар және тек Мәскеуде жасалатын ота қажет екенін айтты. 1994 жылы қымбат тұратын ота жасалды. Қаржылық көмекті әкем жұмыс істеп жүрген компания басшысы көрсетті. Ота жасалғаннан кейінгі алғашқы уақытта неге қараңғы екенін түсінбедім. Дәрігерден неге олай екенін сұрағанда, ол маған мен көру қабілетімнен айырылғанымды айтты», — деп Саида өмірі жайлы айтып өтті.

Кездесу қонағы мүмкін ол бала болғандықтан, күйзеліске ұшырамаған болар деп топшылады. Керісінше ол өзінің оқуын жалғастыруды армандап, ештеңеден қысылмады. Ол бір жыл бойы әжесімен тұрды, өйткені әр жарты жыл сайын ата-анасы Мәскеуге дәрігердің қабылдауына апаруы керек болған. Сол үшін тынымсыз жұмыс істеген. Кейін ол басқа мектепке ауыстырлып, үйде фортепиано үйрететін мұғалімнің көмегіне жүгінеді. Музыка мұғалімі Саиданың өте дарынды екендігін айта келе, ол мектепке барып, бойындағы дарынын одан әрі дамытып, өзін көпке жария ету керектігі туралы кеңес береді.

«Мені бірден үшінші сыныпқа қабылдады, бір жылдан кейін мен жеке концертімді бердім. Мен мектепті үздік бітіріп шығамын деп ойламадым. Музыкалық колледжге түсуге бел будым, өйткені музыка менің болашағым, менің өмірім екенін түсіндім. Оқуға түскен кезде маған скрипка таңдау ұсынылды, өйткені фортепиано игеру үшін өте ауыр құрал. Бірақ мен өз қалауымнан бас тартпадым. Колледжді аяқтағаннан кейін ата-анам Астанаға келуге шешім қабылдады, мұнда мүмкіндік көп», — деді спикер.

Осылайша, Саида Ұлттық өнер университетіне түсті. Оқу қызықты өтті, әр елден оқытушылар келіп, шеберлік-сыныптар өткізді. Сонда Саида шет тілдерін үйрену керек екенін түсінді.  Ол ағылшын және итальян тілдері курстарына барды.

«Италия тілін тестілеу кезінде мен өте жоғары балл алдым. Оқытушым Қазақстандағы Италия Елшілігіне барып, мен туралы айтып, Италияда тілді жетілдіру курсына грант бөлуді сұрады. Мемлекеттік емтихандарға байланысты, мен маған бөлінген алты айдың тек екі айын ғана пайдалана алдым», — деді жоба жеңімпазы.

Тағылымдама аяқталғаннан кейін Саида екі сертификат алды. 2011 жылы ол «Болашақ» республикалық стипендиясының иегері атанды, одан кейін ректордың шақыруымен ол Флоренция қаласындағы көне жоо-ның бірі Л. Керубини атындағы консерваториясының магистратурасына түседі, онда ол итальян тілінде екі ғылыми жұмысты қорғап шықты.

Дарынды қазақстандық 80 концерт өткізген, оның 16-сы жеке концерті, қайырымдылық концерттері де бар. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысатыны туралы ол 2017 жылдың қазан айында білді. «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы оның атынан қатысуға өтінім берді, Саида лайықты үміткер еді.

«Жиырма сегіз жасында ол академик болды және менің білуімше, Қазақстандағы жалғыз музыка академигі», — деп атап өтті Ә. Пириев.

Кәсіпкер және қоғам қайраткері Анатолий Добровольский өз сөзімен кездесуді қорытындылады. Жас белсендінің қоғамдағы жұмысы астаналық «Жас Отан» жастар қанаты филиалының басшысына дейінгі жолға жеткізеді, кейін омарташылықпен айналысу шешіміне келеді. Туғандары кенеттен болған өзгеріске жатырқай қарайды. Алайда кәсіпкер өз шешіміне батыл қадам жасаған еді.

«Мені кәсіпкерлік әрдайым қызықтырған еді. Мен неге көпшілік өз ісін, бизнесін жүргізуде табысты болады деп ойладым. Көруге тәуекел еттім. Егер мен бір нәрсе қаласам, мен оған қол жеткіземін»,— деді Анатолий.

Кәсіпкер бірінші кезеңде алғашқы 25 ара ұясын алған кезде қиын болғанын айтты.

«Балды алдым, бірақ оны қайда жүзеге асырамын деген сұрақ туындады. Екі жыл жұмыс істеген соң, маған ұнай бастады. Осылайша мен осы іске кірісіп кеттім де, ара шаруашылығымен белсенді айналыса бастадым», — дейді А. Добровольский.

Қазіргі уақытта оның 200 ара ұясы бар, жыл сайын омарта кеңеюде. Сонымен қатар, кәсіпкер көлемді 1000 ара ұясына дейін жеткізбекші әрі сол үшін жағдай жасап отыр.

«Бір кездері мен де сіздер сияқты жас болдым, мектепте, колледжде оқыдым. Қазір 10-15 жылдан кейін кім болғыңыз келетінін ойлай бастаған маңызды. Мысалы, дәрігер болғыңыз келсе, өзіңізді бұған дайындау керек. Сіз бұл мәселеге саналы түрде қарауыңыз керек», — деді омарташы.

Ол аудиторияны қазірден бастап білім алсаңыз, ертеңгі күні жеңіл болады деп сендірді.

«Мемлекет біз жұмыс істеуге, ұмтылуға, дамуға барлық жағдай жасайды. Бірақ барлық күш-жігерді жұмсап, барлығына жауапкершілікпен қарау маңызды. 2008 жылы «Жас Отан» жастар қанатының съезінде Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Мен өзімнен «болашақ қазақстандық» қандай болады деп жиі сұраймын. Оның көздері жаңа білімді іздеп жанып тұру керек. Оның ақыл-ойы ең күрделі міндеттерді шешуге қабілетті болуы керек. Оның жүрегі Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы болуы керек. Ол сау, жинақы және мықты болуы керек» деген еді. Біз барлығымыз Президенттің осы сөзін іске асыруға тиіспіз», — деп спикер қоғамдық жұмысқа араласуға шақырды.

Сонымен қатар, ол ауылдық жерлерде де бизнес құруға және оны табысты дамытуға болатын фактіні ерекше атап өтті — барлығы адамға және оның қалауына байланысты. Анатолий бұған жарқын мысал.

Қазақстан Президентімен кездесерде, әсіресе, сөз сөйлейтінін білгенде, қобалжып, уайымдағанын жасырмады.

«Бұл толқынысты сәт болды, өйткені Ұлт көшбасшысының алдында, елді тығырықтан алып шыққан, оны халықаралық аренаға көтерген, әр қазақстандықтың дамуына жағдай жасаған адамның алдында сөз сөйлеу — өте жауапты еді. Сахнаға шыққанымда, қорқыныш болмауы керек екенін түсіндім. Толқынысым Президенттің жүзінен жылылық көрген кезде басылды.  Сөздерің мен ісің жүректен шыққан кезде, онда сіз сенімді боласыз. Сондықтан әрдайым адал және шынайы болыңыз», — деп кеңес берді қонақ.

Сонымен қатар ол жас буынға алдыға қойған мақсатқа әрқашан ұмтылуға, бағытты дұрыс көруге, саған жақсылық ойлап тұратын ата-ананың сөзіне құлақ асуға кеңес берді.

«Бақытты болу үшін мен өзіме сүйікті іс таптым. Сау болу үшін мен күніне екі қасық бал жеймін: бірін таңертең тамаққа дейін 40 минут бұрын аш қарынға, екіншісін ұйықтағанға дейін бір сағат бұрын жылы қайнаған суға езіп ішемін. Сізде керемет ұйқы мен келесі таңға тамаша көңіл-күй болады», — деп өз рецептімен бөлісті омарташы.

Спикерлердің сөздерінен кейін дарынды әнші Алексей Лодочников «Балқадиша» әнін орындады. Іс-шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Сәуле Нұркенова Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында қонақтарға экскурсия өткізді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 02.10.2018

Кейін қарай