Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Қазан, 2016

1233

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»

2016 жылғы 6 қазанда Алматы қаласындағы Достық үйінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбы аясында дөңгелек үстел өтті.

Бұл іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы  Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты мемлекеттік тілді үйрету арқылы білімді және қазақстандық жоғары кәсіби өскелең ұрпақты қалыптастыруға ықпал ету.

Дөңгелек үстелдің жұмысын «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, қоғам қайраткері Дос Көшім ашып, жүргізіп отырды.

Дөңгелек үстелге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, ЭМБ  жастар қанатының мүшелері, Алматы қаласы Достық үйі жанындағы этноағарту кешендерінің (жексенбілік мектептер) әдіскерлері мен оқытушылары және жастар қатысты.

Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы М. Ахетов алғы сөзінде қазіргі таңда Қазақстан мультимәдениетті әлемнің бір бөлігіне айналып, түрлі тілдер оқытылатынына тоқталды. Бірінші кезекте қазақ тілі – тұлғаның кәсіби өсуіне, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстардың дамуына шексіз мүмкіндіктер беріп отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде, қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым мемлекеттік тілді үйретуді және көптілділікті қолдап отыр. Өйткені, келешекте екі тілді немесе көп тілді азаматтар еліміздің дамуына өз үлесін қосып, нарықта қажетті маман болатынын жеткізді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстан халқы Ассамблеясы тіл білімінің түрлі модельдерін, бірінші кезекте, мемлекеттік тілді үйретуге ықпал етуде. Сонымен қатар, этностардың тіл және мәдени болмысын сақтауға оң әсерін тигізіп, көптілділікті дамыту идеясын да қолдап отырғанын айтты.

ҚХА мүшесі, қоғам қайраткері Асылы Осман: «Тәуелсіз ел болғаннан бері 25 жыл ішінде халқымызға барлық жағдайлар жасалды. Өскелең  ұрпақты тәрбиелеуге ерекше назар аударылып, жақсы білім алуға көңіл бөлініп келеді. Қазақстан азаматы болған соң мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуіміз баршамыздың парызымыз», деп атап айтты.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында қатысушылар сұхбат құрып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Кейін қарай